Өнер • 15 Маусым, 2021

Тұмар болған сырға сыры

1934 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Сырғаңның сыңғыры ұйқымнан оятты...» деп әндетіп жатамыз. Сол сыңғырдың иесі болған сырлы сырғалар қалай дүниеге келді екен? Қазіргі күннің өзінде арулардың құлағынан түспейтін бұл әшекей бұйымның тарихы тым тереңде жатыр. Серілерді селт еткізіп ұйқыдан оятқан, талай жырдың арқауына айналған сырғаның тарихымен таныс бола жүргеніміз дұрыс.

Тұмар болған сырға сыры

Біз «сырға» деп атап жүрген әшекей бұйым қола дәуірінен бері құлағымыздан түспей келеді. Сол дәуірде ең алғаш Шығыс Еуропада пайда болған бұл әшекей шамамен 3000 жыл бұрын жасала бастаған. Ол өмірге келісімен-ақ әртүрлі сәнде жасала бас­тады. Алғашында сырғаны тек әйелдер ғана емес, ер адамдар да тағып жүрген. Жауынгерлер мен батырлар тек бір сырға ғана тағатын болған. Ең атақты сырғалар Орталық Азия мен Күнгей Кавказ­да жасалған. Дүниеге кеше ғана келген нәресте қыз­дың құлағына бірден сырға тағып қояды екен. Олар сырға жас баланы қорғап жүретін бойтұмар деп санаған. Антикалық Қара теңіз халықтары көбіне көрнекті суреттер бейнеленген дөңгелек сырғалар­ды тағып жүрген. Суреттерде жануарлардың ба­сы, әсіресе арыстанның басы көп бейнеленген. Ал скиф ақсүйектері құлақтарына бидаймен әрленген домалақ сырғалар таққан. Уақыт өте келе сырғалар көбіне әйел адамдардың құлақтарынан байқалатын болды.

ХVII ғасырдың басында орыстар сырға жасаудың жаңа үлгілерін шығара бастады. Сол кездерде әр түрлі ұзындықтағы сақиналы сырғалар сәнге айналды. Сырғаларға түрлі сәнді тастар мен шынылар да әсемдік ретінде тағыла бастады. Одан соң сырғаларды әр түрлі түске бояп, оған бейнелі сурет­терді сала бастады.
Қарапайым әйел адамдар мыстан жасалған сырғаларды тағатын болған. Сол шақтарда қалтасы қалың ханымдар «ұшқын» деп аталған түрлі ұсақ ­тастар мен сәнді бұйымдармен сәнделген сыр­ғаларды құлағынан тастамаған.

ХVIII ғасырда сырға жасау ісі шарықтай бастады. Бай адамдар өздерінің талғамына сай сырғаларға тапсырыс беріп, қымбат асыл тастармен көмкеріп жасатқан.

Ал Батыс Еуропа жұртшылығы сырғаларға көп үйір болмады.

Сырғалар оларға тек италиялық сән ісінің қайта өрлеу тұсында ғана таныла бастады. Еуропалықтар сырға тарихына көп жаңалық әкелді. Сырға қайтыс болған әйелдердің жерлеу рәсімдерінде де маңызды болған.

Осы орайда, қайтыс болған әйелдің барлық әшекейін шешіп алып, бұрымын тарқатып, тек сырғасын қалдырады, әйтпесе құлаққа жылан кіреді деген ұғым болған. Егер сырғаны шешіп алу қажет болса, міндетті түрде құлақ ұшын жыру керек болған. Олай етпесе, Таулы Алтай қазақтарының пікірінше, жылан құлаққа жұмыртқалайды. Сақтар заманында әйелдерді құлағында сырғасымен жерлеген. Бұл археологиялық қазбалар барысында қорғандар­дан табылған артефакттармен дәлелденген. Сақ дәуірі­нің салтында ақсүйек әйелдер басқа әлемге түрлі зергерлік бұйымдармен және киіммен барады деген түсінік болған. Сондықтан да сырғаларымен жерлеу кең таралған. Ал қазақтар, ХХ ғасырдың басына дейін (мүмкін, әлі де кейбір аймақтарда) әйелдің шашының бұрымын босатып және сырғаларымен жерледі. Барлық басқа әшекейлер алынып тасталды. Ғалым, тарих ғылымдарының докторы Шайзаде Тоқтабаеваның айтуынша, егер сырға шешілмейтін болса, онда басқа әлемде жылан әйелдің құлағына кіріп кетеді деген сенім болған. Өкінішке қарай, тарихшы өз еңбектерінде неге мұндай сенім болғанын түсіндірмейді. Қазақ мифологиясында айдаһар да, жылан да болған. Жылан оң және теріс кейіпкер, ерекше символ болуы мүмкін. Сырға осы жыландарға қарсы қорғаныс ретінде қолданылғаны айқын.

 

Дилорам ТАУАСАРОВА,

«Ұлы дала елі» орталығының
ғылыми қызметкері