Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, 13 маусымда кешкі сағат 22:30-да Атырау қалалық жедел басқару орталығына жоғалған балалардың аналары хабарласқан. Олар көршілерімен ойнауға шыққан балаларының үйіне оралмағанын айтыпты.
«Жоғалған балалар туралы ақпарат құқық қорғау органдарының барлық жеке құрамына берілді. Патруль бастығы Назар Ізбасов пен құрамында патрульдік қатардағы сарбаздар Азамат Исмаилов пен Бекболат Бейсенбаев бар әскери наряд «Жеңіс» саябағының жанында жүрген төрт баланы байқаған. Олар жоғалған балалардың сипаттамасына ұқсас болған. Ал, Азамат, Азат, Рауан және Данил есімді балалар ойнап жүріп, үйінен алыстағанын аңғармағанын айтқан», деп хабарлады қолбасшылықтың баспасөз қызметі.
Ұлттық ұланның сарбаздары жедел басқару орталығы арқылы балаларды ата-аналарымен табыстырды. Қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі әскери міндетін орындау кезінде қырағылық көрсеткен сарбаздарға №5546 әскери бөлім командирінің алғысы жарияланды.