Аймақтар • 15 Маусым, 2021

Сарыағаш тұрғыны маймыл асырағаны үшін жауапқа тартылуы мүмкін

371 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысының полицейлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуден бөлек, әлеуметтік желілерге де тексерулер жүргізіп, тиісті жұмыстарды атқарып келеді, деп хабарлайды Egemen.kz ПД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сарыағаш тұрғыны маймыл асырағаны үшін жауапқа тартылуы мүмкін

Мәселен әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу кезінде полицейлер, Instagram парақшаларының бірінде жол жиегінде маймылдың электр бағанасының үстіне шығып кетіп, түсе алмай тұрғаны түсірілген бейнежазбаны анықтады.

Бұл бейнежазба бойынша Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің полицейлері бірден тексеру жұмыстарына жұмылдырылды. Атқарылған шаралардың нәтижесінде оқиға Сарыағаш қаласындағы көшелердің бірінде орын алғаны белгілі болды.

Маймылдың иесі сарыағаштық тұрғын болып шықты. Оның айтуынша, аталмыш жануарды тасымалдап бара жатқанда, абайсызда тордан шығып кеткен.

Кейін оны биіктен түсіру мақсатында пневматикалық қарумен бірнеше рет ауаға атып, жерге түсірген. 

Қазіргі таңда Сарыағаш АПБ қызметкерлері маймылдың иесінің жасаған іс-әрекеті бойынша зерделеп, тиісті құжаттарын тексеріп, жауапкершілігін қарауда.