Аймақтар • 15 Маусым, 2021

Шымкентті ауызсумен қамту көрсеткішін 98%-ға жеткізу жоспарлануда

290 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкент қаласының Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Б.Булатбеков қала әкімдігінің «Instagram» парақшасында өткен тікелей эфирде тұрғындар сауалына жауап берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шымкентті ауызсумен қамту көрсеткішін 98%-ға жеткізу жоспарлануда

Тікелей эфирде қаланы инженерлік инфрақұрылыммен қамту жұмыстарының барысын баяндады. 2021 жылы қаланы осы бағытта  қамтамасыз ету  бойынша 85 жобаға қаржы бөлінді. 

Басқарма басшысының айтуынша, өткен жылы 19 нысанның (17 елді мекенде) және 2 магистралды суаққының құрылысы аяқталып, 34 мыңға жуық адам (12500 абонент) сапалы ауыз сумен қамтылды.

2021 жылы 3 магистралды суаққының және 9 елді мекендегі (Ынтымақ-2, Асар-2, Батыс, Тұран, Солтүстік Саяжай, Жаңаталап, Нұртас, Сәуле 276 орам, Ақтас шағынауданы) ауызсу нысандарының құрылыс жұмыстарын аяқтап, ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткішін 98%-ға жеткізу жоспарлануда. 

– Қазіргі таңда қалада 81 елд імекеннің 18-і (559,5 мың адам) кәріз жүйесімен қамтамасыз етілген. 19 нысанның құрылыс жұмыстары басталды. Биыл 4 елді мекеннің және 1 магистралды кәріз коллекторының құрылысы аяқталады.  81 елді мекеннің 65-і сапалы электрмен қамтылса, 16 елді мекенде электр қуаты сапасыз болып тұр. Биыл 3 қосалқы стансаның және 7 елді мекенде құрылыс жұмыстары аяқталады. 20 мыңға жуық адам сапалы электр қуатымен қамтылады, – деді басқарма басшысы. 

Сондай-ақ қалада 81 елді мекеннің 40-ы табиғи газбен толық, 33 елді мекен жартылай қамтылған. Биыл 9 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Бұдан бөлек, ЖСҚ дайын 4 жаңа жоба бойынша (Ақтас, Ақтас-2, Ақжар, Арғымақ) бюджеттен қаржыландыруға ұсынылды. Жыл соңында 5 елді мекенде 11 мыңнан астам адам табиғи газға қол жеткізеді. 

Басқарма басшысы Ынтымақ, Достық, Қайнарбұлақ, Шымсити шағынауданы тұрғындарының ауыз су, жарық және табиғи газ бойынша қойылған сауалдарына жауап берді. Жалпы тікелей эфирге 800-ден астам қала тұрғыны қосылды.