Руханият • 15 Маусым, 2021

Құнды жәдігерлермен қауыштырған жоба

728 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Қызылорда об­лыс­­тық тарихи-өлкетану музейі бастаған «Құнды жәдігер» жоба­сы­ның жаңалығы көп болып тұр. Сыр еліндегі әулие-әнбиелер, ахун-ишандар, билер мен батырлар пайдаланған, халық қасиетті санайтын дүниелерді зерттеу мен насихаттау­ды көздеген идея авторы – облыстық тарихи-өлкетану музе­йі­­нің қызметкері Асхат Сайлау.

Құнды жәдігерлермен қауыштырған жоба

Көнеден жеткен сөз «қырық молданың қасиеті бір мақсұмда бар. Ал қырық мақсұмның ілімі бір ахунның бойынан табылған. Қырық ахунның білімі, қасиеті бір ишанда болыпты» деген дерек айтады. Ал Сыр бойында елді аузына қаратқан, жұртын жақсы іске бастаған елуге жуық ишан өмір сүргені белгілі.

Ресей империясы үшін Сыр бойы тұтас Түркістан өлкесіне ашылатын терезе болды. Өңірдің осындай әскери-стратегиялық маңызын жете түсінген пат­ша­­лық Ресей гарнизондар мен бе­­кіністер салу, әскери-әкім­ші­лік басқаруды енгізумен бір­ге миссионерлік бағытты да қа­тар алып отырды. Осындай ал­мағайып кезеңде жергілікті жұрт жат діннің жетегіне еріп кет­пеуі үшін ишандар барын салды. Тың жобаны қолға алған­дар дін қайраткерлерінің осындай қызметін кейінгі ұрпаққа таныс­тыруды көздейді.

ч

Жоба басталғалы бері Марал ишанның ұлы Қалқай ишаннан қалған біраз жәдігер табылды. Бағдатта 25 жыл оқып, 12 пәннен шатырхат алған Қалқайдың бір баласы Әбдірахман мақсымнан Абдулхамит туады. Ел арасында Әмит ишан атанып кеткен Абдулхамиттың есімі Осман им­периясының даңқты сұлтаны II Абдул-Хамит құрметіне қо­йылған. Әбдірахманмен жан қиыс­пас дос болған II Абдул-Ха­мит оны Стамбулға имамдыққа шақырыпты деседі. Досының бұл қолқасын орындай алмаған Әбдірахман кейін өзі уәде еткендей бір баласына оның есі­мін қойыпты. «Киелі мұра» жо­басы барысында сұлтан есі­мін иеленген Әмит ишан ұрпақ­та­ры­нан «Талфик ал-ахбар ва тал­ких ал-асар фи вакан» ат­ты кітап та­былды. Мұсылман ді­ні­нің көрнекті өкілі, тарихшы Мұхаммед Мұрат Рәмзидің (1855-1934 жж) Ресей империя­сында өмір сүрген түркілер тари­хына арналған бұл еңбегі – өте сирек кездесетін кітаптар қа­тарына енген аса құнды қазына. 1908 жылы Орынбордағы «Кә­рі­мов, Құсайынов және К» бас­пасынан жарық көрген кітап көп ұзамай «Автордың хрис­тиан­дар әлеміне және жалпы орыстың бәріне арам пиғылын, жеккөрушілігін дәлелдейді» деген желеумен тәркіленеді. Алайда түркілердің шығуы мен даму тарихын, Еділ Бұлғариясының моңғолдар жаулағанға дейінгі кезеңін, моңғолдардың исламды қабылдауын, Иван Грозный Қазанды жаулап алғанға дейінгі оқиғаларды суреттейтін кітап Шығыс елдеріне тез тарап кетеді.

– Қазір осы кітаптың көшір­месін алдық. Жалпы Мұхаммед Мұрат Рәмзи біздің Мұстафа Шоқай сияқты түрік бірлігін көк­сеген аса көрнекті тұлға болған. Ресейден қашып, Шыңжаңда қайтыс болған. Қызылордадан табылып отырған тарихи туын­ды Әмит ишан мен Рәмзи се­кілді ғұламалардың араласып тұр­ғандығын көрсетеді. Тағы бір қызық дерек, 2002 жылы бұл кітап Иорданияда қайта басы­лып шықты. Арабтардың бұл туын­дыға қызығушылық танытып отырғаны да таңғаларлық, – дейді Асхат Сайлау.

«Құнды жәдігердің» тағы бір табысы – Құлболды ишанның ша­паны мен шежіресі. Жұрт тә­бәрікке талап алып кете берге­сін ұр­пақтары шапанды сөгіп, кі­лемге тігіп қойыпты. Ал Мәдина қаласында жазылған шежіре Әзірет – Әлінің баласы Мұхамет-Қанафиядан басталып, 1901 жы­лы Меккеден қажылықтан қайт­қан сапарда Алланың аманат жа­нын кеме үстінде тапсырған Құлболды немересі Әбдіқалық мақсымға дейін созылады. Те­ңізшілер салтына сай Қара теңізге тасталған мақсымның денесі ке­меден қалмай жүзіп, жағаға бір­ге шығыпты деседі. Сүйегі сол жерге қойылған бауырларына ке­йіннен ағайындары барып, Құран оқытып қайтады.

ы

– Құлболды ишанның ұлы Пазыл да өз заманының ілімді тұл­ғасы, ишан болған адам. Оның әйелі Тоғжан – атақты Шоң бидің ұрпағы. Осы жерде бұл кісіні Абайдың Тоғжанымен шатастырып жүргендер бар екенін айта кеткеніміз жөн. Бұл түбірімен қате. Бұл туралы ертеректе айтыл­ған деректер де бар. Осы Тоғ­жан анамыздан да қалған дүние­ден қазіргі бары кезінде жасау ретінде берілген өзегі темір, сыр­ты күміспен күптелген қант шап­қыш, – дейді тарихшы.

Жоба аясында табылып жат­қан заттардың бәрі – ұрпақ­тары­ның қолында сақталып келе жат­қан жәдігерлер. «Құнды жәді­гер» ­көп­ке белгісіз осы құндылық­тар­ды жұртқа таныстырды.

Дін қайраткерлерімен қатар, ел қорғаған батырлар ұстаған дү­ниелер де табылды. Жоба автор­лары жыл соңында осы құн­дылықтар көшірмелерінен көрме жасап, арнайы кітап шығаруды жоспарлап отыр.

 

Қызылорда