Ақтөбе облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Аманжол Жахановтың хабарлауынша, департамент қызметкерлері өткен жылы салықтан жалтарушыларға бақылауды күшейту арқылы бюджетке 4,5 млрд теңге қосымша қаржы түсірген. 2021 жылдың бірінші тоқсанында облыстық бюджет салық базасының кеңеюінен 1,2 млрд теңгеге толықты. Ірі кәсіпорындардың салық базасын қайта тексеру нәтижесінде 1340 компаниядан бюджетке қосымша 100 млн теңге түсті. Пандемия кезіндегі шектеулерге, тауар қозғалысының бәсеңдеуіне қарамастан ақтөбелік 2160 кәсіпорын өткен жылды оң өсіммен аяқтап, тауар айналымын арттыруы нәтижесінде жергілікті бюджетке қосымша 500 млн теңге түсірген.
Ал ауылдық округтер бюджетін бүгінде жеке адамдардан түскен мүлік, жер, көлік салықтары ғана құрайды. Өйткені көптеген ауылдардың инфрақұрылымы әлсіз, тұрғындарының экономикалық белсенділігі төмен, табысты шаруашылық саны да аз болып тұр. Қазіргі уақытта ауылдың берекелі тұрмысы ондағы шаруа қожалықтарының белсенділігіне байланысты. Бұл жерде шаруалар тірлігінің алға басуына олардың мал, егіс өнімдерін сата алуы, субсидия алу мүмкіндігі, жайылым мәселесінің заңды шешілуі тікелей әсер етеді. Елді мекендерде шағын және орта кәсіпкерлік нысандары көбейген жағдайда ғана кез келген ауыл өркендей алады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мәселесі де инфрақұрылымдар тартумен байланысты болып отырғаны рас. Осы жағынан биыл 800 ауылдық округ әкімін сайлау елді мекендердің шаруашылық белсенділігіне жол ашады деген үміт бар. Өйткені ауылдардың көркеюі өздері таңдаған әкімдердің іскерлігіне, ұйымдастырушылық қабілетіне тікелей байланысты болатынын ел жақсы түсінеді.
Ақтөбе облысында жергілікті бюджет базасын толтыруда біраз кемшіліктер бар. Біріншіден, әлі күнге дейін өңірдегі бірқатар жұмыс берушілер еңбекақыны «конверттегі жалақы» тәсілімен төлеп отыр. Бұл – ең алдымен кәсіпорындардың салықтан жалтаруы, тауар айналымының деңгейін жасыру әрекетінің көрінісі. Өткен жылы облыстағы 904 мекеме 3600 қызметкеріне еліміздегі ең төменгі жалақы көлемінде еңбекақы төлеген. Өңірдегі ірі салық төлеушілер – мұнай-газ секторы мен тау-кен өндірісі болса, одан кейінгі орында арақ-шарап зауыттары тұр. Соған қарамастан тау-кен, мұнай-газ секторында жұмыс істейтін ақтөбеліктердің орташа еңбекақысы еліміздің батыс облыстарындағы әріптестерімен салыстырғанда ең төменгі орында. Облыстың бас салықшысы Аманжол Жахановтың мәліметіне қарағанда, мұнай-газ, тау-кен саласындағы ақтөбеліктердің орташа жалақысы 321 мың теңгеге тең. Салыстырмалы түрде қарағанда, Атыраудағы осы саланың еңбеккерлері – 970 мың, Батыс Қазақстан облысында – 1 млн 61 мың, Маңғыстауда 735 мың теңге жалақы алады.
Екіншіден, Ақтөбе облысында жұмыс істейтін 19 шикізат өндіруші кәсіпорынның салық төлемдері жергілікті бюджетке түспей келеді. Өйткені бұл мекемелердің көпшілігі Ақтөбеде тіркелмегендіктен, жергілікті бюджетке салық төлемейді. Осы нысандар Ақтөбе облысында қайта тіркеуден өтсе, облыстық бюджет 500 млн теңгеге толығар еді.
Үшіншіден, орындалмаған жұмыстар бойынша салынатын айыппұлдар көлемін арттыру керек. Бұл дер кезінде жұмысты орындамаған заңды тұлғалардың белсенділігін күшейту үшін де қажет. Құрылыстары бірнеше жылға созылған нысандарға жауапты заңды тұлғаларды облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасы анықтап, жауапкершілікке тарта бастады. Мәселен, өткен жылы құрылысы ұзаққа созылып кеткен 525 нысанға жауапты заңды тұлғаларға 260 млн теңге сомасында айыппұл салынды. Ал биыл жыл басынан бері қабылдау актісінсіз пайдалануға берілген 45 нысан анықталып, оның иелеріне 27 млн теңге айыппұл салынды.
Қай кезде де бюджеттік түсімдердің орындалуына әсер ететін негізгі фактор – салық төлеушілердің жауапкершілігі болса, пандемия кесірінен өңірдегі кәсіпкерлік нысандары оңала алмай келеді. Мейрамхана мен дәмханалар, балалар ойын залдары, басқа да шағын кәсіпкерлік нысандарының жұмысын тоқтатуы осы саладағы кәсіпкерлердің кәсібін тұралатты. Тойға тапсырыс болмағандықтан киім, мейрамхана жабдықтарын тігетін шағын ательелер, бейне-фото студиялар тапсырыссыз қалды. Ақтөбе облысы бас салықшысының есебіне қарағанда, 2021 жылы өңірдегі 13 мың шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының күйреуінен жергілікті бюджетке 9 млрд теңге салық түспейді. Оған қоса шағын және орта кәсіпкерлік қызметін тексеруге үш жылға мораторий жариялануы кәсіпкерлерге бір жағынан көмек болса, екінші жағынан салықтан жалтаратындар үшін айлалы әдіс.
2020 жылы өңірде тіркелген 1257 кәсіпорын нөлдік деңгеймен декларация тапсырды. Ал биылғы жылдың 10 сәуірінде тоқсандық декларацияны 463 нысан кәсіпкерлері де осындай деңгеймен тапсырды. Осы жағдай биылғы жылдың алғашқы төрт айында 500-ге жуық жеке кәсіпкерлік нысанының табыссыз қалғанын аңғартады. Алайда нөлдік деңгеймен салық декларациясын тапсырса да, кейбір кәсіпкерлік нысандары электронды тауар айналымдарын жүргізіп келген. Кәсіпкерлердің ақша айналымын бақылау арқылы салық қызметкерлері мемлекетке бір тиын да салық төлемей-ақ электронды төлемдермен жұмыс жүргізетін 600 заңды тұлғаның есеп-шотын бұғаттады. Сонымен қатар салық департаменті мамандары өңірдегі 49 кәсіпкерлік нысан басшысы – наркологиялық және жүйке аурулары мекемелерінде есепте тұрған науқастар екенін анықтады. Қазір осы іс бойынша қылмыстық іс қозғалып, өз әрекеттеріне жауап бере алмайтын науқас жандардың атына кәсіпкерлік нысандарын рәсімдегендерді анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Мемлекеттік сатып алуға қатысқандар да салықтан жалтарудың түрлі жолдарын табады. Соның бір дәлелі, 2019 жылы Ақтөбе облысында 200 млрд теңге сомасында мемлекеттік сатып алуға қатысқан 210 заңды тұлға кірісінен салық төлемеген. Кірісті аз көрсету арқылы табысты жасыратындар қалай әрекет етеді? Мәселен, мемлекеттік сатып алуға қатысып, жылдық кірісі 873 млн теңгеге жеткен заңды тұлға бір жылда 17 млн теңге ғана салық төлеген. Бұл жердегі 26 қызметкердің жалақысы 55 мың теңгеден, мекеменің салықтық жүктелімі 2 пайыздан аспайды. Тағы бір мысал, мемлекеттік сатып алуға қатысқан екінші бір заңды тұлғаның жылдық тауар айналымы 6 млрд теңге болса да бюджетке төлеген салығының мөлшері – небәрі 200 млн теңге. Осы кәсіпорын басшысы 75 қызметкеріне 59 мың теңгеден жалақы төлейді. Үшінші мысал: жылдық кірісі 759 млн теңгеге жеткен заңды тұлға бюджетке 157 млн теңге салық аударып, қызметкерлеріне орташа есеппен 102 мың 700 теңгеден жалақы төлеп отыр. Соңғы мысалдағы кәсіпорынның салықтық жүктелімі 20 пайызды құраған. Осыдан көрініп тұрғандай, жылда мемлекеттік сатып алуға қатысып, құрылыс нысандарын салатын заңды тұлғалар әртүрлі салық жүктелімін көрсетіп келеді. Осындай заңсыз әрекеттермен салықтан жалтарғандардың кесірінен бюджет едәуір салық төлемінен айырылды. Айта кету керек, 2019 жылы мемлекеттік сатып алуға қатысқан өңірдегі 122 компанияның 1202 қызметкері ең төменгі жалақы алып келген. Биыл мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың төлеген салық коэффициенті 4 пайыздан кем болмауы керек деген талап жосықсыз мердігерлердің жолын кеседі деген үміт бар. Бір сөзбен айтқанда, салықты 4 пайыздан аз төлеген кәсіпорындар мемлекеттік сатып алуға қатыса алмайды. Салық қызметкерлері жалған есеп-шоттар жасау арқылы төлем жүргізген мемлекеттік сатып алуға қатысқан 42 заңды тұлғаны анықтап, бюджетке 5,5 млрд теңге қосымша төлем түсірді. Бұл жерде мұнай-газ, тау-кен өндірісінде жұмыс істейтін компаниялар өздерімен еншілес компаниялар құру арқылы салықтан жалтарып, мемлекеттік сатып алуға тек өздері ғана қатысатындай әдіс ойлап табуында болып отыр. Бұл жерде де тауар сатып алу мен қызметке төлемдер жалған есеп-шоттар арқылы жүргізіліп, қаржыны айналымнан сыртқа шығарып отырғандар жиі кездеседі. Мұның бәрі көлеңкелі экономиканың көлемін ұлғайтуға жол ашатыны сөзсіз.
Пандемиядан туындаған қиыншылықтар, бюджет түсімдерінің азаюы өңір экономикасындағы қалтарыста қалған қосымша резервтерді анықтауды күн тәртібіне әкелді. Анығы – пандемияның кесірінен пайда болған қиындықтарды жыл соңына дейін жеңу үшін бюджет ашықтығы мен салық түсімдерінің көбеюі маңызды болып тұр.
Ақтөбе облысы