Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев транспарентті және есеп беретін мемлекет қалыптастырудың нақты қадамдарын көрсетіп берген болатын. Сол бағытта мемлекеттік басқару, оның ішінде жергілікті басқару жүйесі де нақты нәтижелерге жету жолында жұмыстар жүргізуде.
Осы тұрғыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен тұтас мемлекеттің тиімділігін арттырып, барынша ашық және есепті мемлекетті қалыптастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы іске асуда.
Билік пен халық арасындағы байланыстың маңызды бір бөлігі жергілікті мемлекеттік басқару екені анық. Жергілікті мемлекеттік басқаруды тиісті аумақтағы істің жай-күйіне жауапты жергілікті өкілді және атқарушы органдар жүзеге асыратыны Конституциямызда нақтыланған. Сондықтан «өкілдік» мағынасын терең түсініп алу да өзекті.
Жергілікті өкілді орган – мәслихаттар тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністегі халықтың еркін білдіреді. Жалпы мемлекеттік мүдделер аясында оны іске асыру шараларын белгілейді және бақылайды. Ал мәслихаттағы басты тұлға – халықтың көзқарасы мен мүддесін білдіретін депутат. Соңғы мәслихаттар сайлауы партиялық тізіммен өтті. Ендігі жерде өкілдікке байланысты біршама тұжырымдарға жаңаша қарауды уақыттың өзі талап етуде.
Мәслихаттар халық мүддесін қорғап, мәселелерді шешуге атсалыса алмаса, қоғамдық қолдауға ие бола алмайтыны, әлеуметтік мәртебесі де көтерілмейтіні анық. Әрине, қалай болғанда да мәслихат пен оның комиссияларындағы мәселелерді шешуде басты рөл депутаттар үлесіне тиеді. Ол үшін мәслихаттар мен әкімдіктер, қоғамдық кеңес, қауымдастықтар, жергілікті өзін өзі басқару жүйесі өзара үйлесімділікте болуы тиіс. Сайып келгенде, барлығының мақсаты бір – халықтың тұрмыс-тіршілігінің сапасын арттыру.
Мәслихаттар жұмысының өлшемі – сессиядағы шешімдерінің тиімділігінде, яғни сессия белгілі шешімдерді немқұрайды мақұлдай салмай, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси қатынастарға қатысты мәселелерді іскерлікпен талқылау, шешім қабылдау үшін өткізілуі керек. Оны қамтамасыз етудің басты шарты ретінде мәслихатта мандаттары бар партиялардың сессияда қаралатын мәселелер бойынша өз ішіндегі дайындықтары маңызды.
Мәслихаттардың жергілікті мемлекеттік басқаруға тиімді атсалысуы депутаттық фракцияның, топтың, жекелеген депутаттың деңгейіне негізделеді. Олар мәслихат шешімін жүзеге асыруды ұйымдастыруға, мемлекеттік органдардың, кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдардың жұмысын бақылауға алып, басқа да өкілдіктерін жүзеге асырады. Бұл ретте, Nur Otan партиясы өзінің өміршең тәжірибесі арқылы еліміздің жетекші саяси күшіне айнала білді. Ендеше партия қолға алған бастамалардың тиімді болуы біз үшін сынақ әрі жауапкершілік болмақ.
Партиялық фракция немесе депутаттық топ мүшелері партияның басқару органдарында талқыланған ұстанымдарына сәйкес пікірін жеткізіп, жұмыс барысына өз бағаларын беріп, анықталған олқылықтарды алға тартып, оны жөндеу туралы сын-ескертпелері мен ұсыныстарын айтуы қажет. Әрбір мәселені жан-жақты сараптау арқылы мұқият келу партияның алдағы сайлаудағы үгіт жұмысының құрамдас бөлігі деп қарауға тиіспіз. Сессияда шығып сөйлеуге депутаттар жауаптылықпен дайындалғаны дұрыс. Мәслихаттардың алдында тұрған негізгі міндеттерді ойдағыдай атқару депутаттардың бастамалары мен белсенділігіне байланысты. Демек, депутат болу – зор жүгі бар жауапкершілік. Оның иығында сайлаушылар жүктеген аманат тұр. Айтылатын фактілер мен мәліметтердің дұрыстығына әуелі өзінің көзі жетуі тиіс. Жөн-жосықсыз айта салуға болмайды. Ондай жағдайлар арамызда баршылық. Мүмкін тәжірибе жетіспей жатқан да болар. Мысалы, Қызылорда облыстық мәслихаты құрамының үштен екісі жаңарды.
Біз кейбір мәселелерді тез әсер ететін тәсілдермен шешуге ұрынамыз. Бұл ауруды емдемейтін, тек уақытша басатын дәрі ішу әдісі сияқты. Осындай тәсілдер аз уақытқа мәселенің өзектілігін басқанымен, дерт ошағы сол күйінде қалады, кейін қайта бас көтереді. Алдын-ала күн тәртібіндегі мәселелер бойынша бюджет әкімшілерімен, қоғамдық ұйымдармен, сол саланың ардагерлерімен, мәселе көтеріліп отырған жердегі тұрғындармен кездесіп, кеңесіп алған жөн. Арнаулы әдебиеттер, күнделікті баспасөзден тікелей көмек алуға болады.
Сонымен қатар өзінің көтерген мәселесін әзірлеуге, олар жөнінде шешімдер қабылдауға, қабылданған шешімдерге байланысты мекемелелер тарапынан істелетін жұмысты бақылауға қатысуы депутаттың мәртебесін көтеретіні анық. Депутаттарымыздың осындай жүйелі жұмыс жасауға үйренуі арқасында мінез этикасынан гөрі тұлға этикасы арта береді. Ал тұлға этикасы біріншіден, адамдар және қоғаммен байланыс машығына, екіншіден, позитивті менталдық ұстанымға байланысты күшейеді.
«Әрі тарт та, бері тартқа» салатын болсақ, халықтың наразылығы артқан үстіне арта береді. Тартысқаннан емес, жарасқаннан жетілеміз. Соңғы мәслихат сайлауында депутаттардың дербестік мүмкіндігі арта бастады. Партиялық праймериз арқылы жаңа белсенді азаматтардың жергілікті билікке араласуына жол ашылды. Осы ұстаным одан әрі жетілдіріле түсуі тиіс. Әйтпесе депутаттар әкімдердің бақылауымен сайланған деген қоғамдағы пікір өзектілігін жойған жоқ және өкілді орган атқарушы биліктің ықпалында деген ой-сананы ыдырата алмаймыз.
Тәуелсіздік жылдарындағы әкімшілік реформалар барысында әкімдік институттарының рөлі арттырылды. Елдің тұтастығына және Президент саясатын қамтамасыз етуге жауапты тұлға – әкім. Бұл жүйе өзін өзі ақтауда.
Біз өзара тәуелді әлемдеміз. Өзара тәуелділік – адамның жеке бас еркіндігіне негізделген құндылық. Өзара бетпе-бет қатыспай-ақ та, ақпараттық немесе зияткерлік еңбек дәуірі болғандықтан өзара байланыстамыз. Ал жетістікке жету бізден жеке қабілеттен бөлек, өзара тәуелді икемділікті, ептілікті талап етеді. Сондықтан жергілікті мемлекеттік басқару жүйесінің тиімді болуы жергілікті өкілді және атқарушы органдарының екеуіне тікелей байланысты.
Мәслихаттардың мемлекеттік басқару жүйесіне кіретінін де ескеруіміз қажет. Кейбір саясаттанушылар мәслихаттарды мемлекетті басқару жүйесінен өзін өзі басқару жүйесіне ауыстыруды ұсынуда. Демократиялық принциптер тарапынан келгенде назар аударатын ұсыныс. Онда әкімдердің құзыретімен қарама-қайшы келмеуін ойластыру қажет. Дегенмен, бүгінде мәслихаттардың құзыретін көрсете алатын мәртебесі де – күн тәртібіндегі мәселе. Ал мәртебені көтерудің басты жолы – өкілдік қызметінің маңыздылығын арттыру. Бұл өз тарапынан азаматтық қоғам тетіктерінің артып, билік жүйесін жетілдіре түсуге ықпал етеді.
Азаматтарды жергілікті проблемаларды шешуге араластыру арқылы тұрғындардың әлеуметтенуімен қатар, саяси санасын күшейтіп, саяси-құқықтық мәдениетін арттыра аламыз. Бұл өз кезегінде әртүрлі әлеуметтік топтардың мәселелерін шешу мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Орталық пен жергілікті билік сатыларының қарым-қатынасы түйінді жайт екені қай заманнан белгілі. Орталықтағылар өңірлік мәселелердің кейбірін дайындалған анықтама арқылы біледі. Тіпті кейбір жауапты қызметкерлер билік сатыларының өзіндік ерекшеліктерін түсіне бермейді.
Содан барып идеясы дұрыс, жүзеге асуы дүдәмал шешімдер дүниеге келіп жатады. Бұл – директивалық басқарудың белгісі. Сондықтан да жергілікті өкілді биліктің маңыздылығы күннен-күнге артып келеді. Балама көзқарастар мен пікірлердің орын алуы шешім қабылдайтындардың жауапкершілігін көтеріп, басқару тиімділігі арта түседі. Халықтың арасында ысылған, әлеуметтік тұрғыда шыныққан, сол ортадан шыққан өкілді орган мүшелері ғана тепе-теңдікке қол жеткізуге сеп болары анық.
Өкілдік мағынасын да уақыттың талабына байланысты әртүрлі түсіне бастадық. Негізінен өкілдік ету әр тарихи кезеңдерде саяси пікірталасты тудырып отыратыны өткенімізден белгілі.
Билік болған жерде өкілдік кімнің атынан болуы тиіс деген сұрақ саясаттанушыларды мазалап келеді. Біздің қоғамда өкілдікті сайлау мен дауыс беру деп түсінетіндер жеткілікті. Ал сайланған саясаткерлер өзінің сайлануына мүмкіндік туғызған билік жүйесіне немесе сол билік жүйесін қалыпты деп қарайтын халық атынан өкілдік ете ме? Әлде өздері сайланған партияның атынан ба? Болмаса өздері мүше болып саналатын мәслихаттың көзқарасынан шығуы тиіс пе? Айналып келгенде бәрінің іздегені – саяси теңдік қағидаларының өміршең болуы.
Өкілдік пен демократия қатар айтылғанмен, екеуінің айырмашылығын да түсінуіміз керек. Демократияның басты қағидасы – халық басқаратын үкіметтің болуы. Ал жоғары және жергілікті билік арасындағы айырмашылықтың бір белгісі – өкілдік қағидалары. Сондықтан билік пен халық арасында өз көзқарастарын тиімді үйлестіре алатындай өкілді демократиялық қағидалар бізге жақын болып шығады. Ауыл әкімдерін сайлаудың маңыздылығы да осында.
Қалай болғанда да өкілдік ету – адамгершілік, моральдық парыз. Бұның элиталық та сипаты бар. Өйткені өкілдік жасау сеніміне ие болғандар халықтың мүддесі үшін өз бетінше шешім қабылдауға атсалысады. Бірақ алдымыздан «Осының барлығы тиімді бола ма?» деген сұрақ шығады. Жалпы өкілдік түсінігі, адамдардың саяси ұйымдарға, партияларға бірігуінен бұрын қалыптасқан. Олар бізге анағұрлым тәуелсіз болып көрінеді. Бірақ қоғамның дамуы барысында олардың қауымдық мандатқа ие болуы тиімді бола бастады, яғни партиялық тізіммен сайлану арқылы көпшіліктің сеніміне кіріп, аманатын арқалау құзыретіне қол жеткізеді. Енді саясаткерлер сайлаушылар мен өздерінің көзқарастарын жеткізетін «алтын көпір» қызметін өз партиясының саясатына берілгендігі арқылы жүргізеді. Партиялық тізіммен сайлауда жеңіске жеткендердің уәдеде тұру жауаптылығы артады. Жеңген партияның сайлауалды бағдарламасы кейбір кезде Үкімет саясатын жаңадан туындаған жағдайларға байланысты икемдеуге кедергі болуы да ықтимал. Биылғы жылдың басында Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасының Жол картасы бекітілді. Ендігі жерде партиялардың сайлауалды бағдарламасын іске асырудың тәжірибесін дамытуымыз қажет. Өмірде әрқайсымыз қалыптасқан тәжірибелерді, дүниелерді көреміз. Бірақ бұл табиғи заңдылықтар шыңынан көрінетін «объективті шындықпен» толық үйлесе бермейтінін де сеземіз. Ал заңдылықтарды өзгертуге шамамыз жетпей, қайта сол заңдылықтармен соқтығысып жатамыз. Тәжірибе көрсеткендей, жергілікті мемлекеттік және өзін өзі басқару жүйесі – тірі ағза секілді, үнемі жаңартуды, жетілдіруді, дамытуды талап етеді. Осы сатылардан өтіп, әбден кемеліне келген жүйеден ақау шықпасы анық.
Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,
Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы