Кеше халық алдында есеп берген Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев аталған бағытқа ерекше тоқталды. Қазір барлық сала бойынша «көлеңкелі» экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар жоспарын өзектендіру жүріп жатыр. Бұл ретте бюджетті тұрақты кіріс көздерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін салықтық-кедендік әкімшілендіруді цифрландыру бағытындағы жұмыстарға айрықша басымдық берілген. Соның нәтижесінде соңғы үш жылдың ішінде бюджетке 2 трлн теңге көлемінде қосымша түсім түскен. Оның ішінде былтыр «көлеңкелі» айналымда жүрген 710 млрд теңге бюджетке құйылды.
– «Көлеңкелі» экономиканың төмендеуіне халықтың табысын жалпыға бірдей декларациялау да ықпал етеді. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпыға бірдей салықтық декларациялаудың бірінші кезеңі басталды. Ондағы мақсат – жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін бақылаудың тиімді жүйесін құру. Сондай-ақ бұл сыбайлас жемқорлықты төмендетуге және бюджетке түсетін қосымша түсімдерді арттыруға мүмкіндік береді. Декларациялау кезең-кезеңімен жүргізіледі. Жаңашылдық алдымен мемлекеттік қызметшілерді қамтыды. Кейіннен халықтың барлық санатына ауысады, – деді Е.Жамаубаев.
Бұл ретте халыққа ыңғайлы болу үшін декларацияны тапсыру бойынша электронды сервистер жетілдірілді. Жаңадан іске қосылғандары да бар. Сөйтіп декларацияны тапсыруда салық төлеушінің кабинетін, «Электронды үкіметтің» веб-порталын және Е-Salyq Azamat мобильді қосымшасын пайдалануға болады. Бүгінгі таңда декларациялаудың бірінші кезеңі аясында 462 мыңнан астам адам салық есебін тапсырған. Бұл биылғы жоспардың 97 пайызына тең.
– Жалпыға бірдей декларациялауды толықтай енгізгенге дейін кең ауқымды түсіндіру жұмысы жалғасатын болады. Цифрландыру және әкімшілендіру жұмыстары қарқын алады. Мақсат – тиімді фискалдық жүйе мен сапалы сервисті қамтамасыз ету арқылы бизнес пен халыққа қолайлы жағдай жасау. Ол үшін интеграцияланған деректер базасы мен салықтық әкімшілендіру жүйесі жаңғыртылады. Осы мақсатта азаматтарымыздың шетелдік юрисдикциялардағы қаржылық шоттары бойынша Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерімен мәліметтер алмасу жағы жолға қойылуда. Экономиканы деофшорлау жұмысы жандандырылады, – деп нақтылады министр.
Мәселен, биылдан бастап Е-Salyq Azamat мобильді қосымшасы іске қосылды. Ол көп деректі толтырмай-ақ салық төлеуге, қате төлемдерді болдырмауға, екі минут ішінде онлайн толтыруды, салықты автоматты төлеуді жүргізуге мүмкіндік береді. Жеке кәсіпкерлер үшін E-Salyq Business қосымшасы әзірленуде. Мұнда жеке кәсіпкерлікті тіркеу мен жабуды оңайлату, салық есептілігін ұсыну, сондай-ақ комиссияны және фискалдық деректер операторларының қызметтеріне ақы төлеуді алып тастау көзделген. Ірі салық төлеушілер үшін деңгейлес мониторинг енгізілуде. Бұл – шығындарды және салықтық бақылау шеңберіндегі тәуекелдерді азайтуға жол ашатын салықтық басқарудың тиімді моделі.
– Қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырып беретін фирмалардың қызметі де – өзекті мәселенің бірі. Кәсіпкерлер мұны салық төлеуден жалтару үшін пайдаланады. Бұл жағдай тиісті сақтық қағидатын енгізуге және контрагенттерді дербес тексеру үшін ашық интеграцияланған деректер базасын құруға алғышарт болды. Біз тиісті сақтық шараларын көрсету тәртібін белгілеу бойынша түзетулер әзірледік. Президенттің тапсырмасы бойынша трансшекаралық сауданы бақылауды күшейту үшін кешенді жоспар түзілді. Соның аясында бірқатар міндет айқындалды. Жалған транзитті болдырмау және жалған сатып алушыларға тауарлар жеткізуді қадағалау үшін автокөлік құралдарына навигациялық пломбаларды қолдану тәжірибесі өріс алды, – деді Е.Жамаубаев.
Министрдің пікірінше, салықтар толық төленуі үшін импорттан бастап, бөлшек саудаға дейінгі бүкіл тізбекті бақылау енгізіледі. Бұдан бөлек, ЕАЭО елдерінің уәкілетті органдарымен тауарлардың саны мен құны туралы ақпарат алмасу қамтамасыз етіледі.
– Алкоголь өнімдерін цифрлы таңбалау бойынша қанатқақты жобасы жалғасуда. Салықтық әкімшілендірудің бұдан кейінгі шаралары қанатқақты жобаның қорытындысы негізінде осы жылдың қазан айында айқындалады. Сондай-ақ кедендік рәсімдерді жақсарту үшін жасанды интеллект және көлік ағындарын автоматты басқару технологияларын енгізе отырып, өткізу пункттері жаңғыртылады. Ахуалдық орталық салу және бір темір жол және 9 автомобиль өткізу пунктін жаңғырту жоспарлануда. Заңсыз сауда айналымына қарсы күреске және бюджетке қосымша түсімдерді қамтамасыз етуге бағытталған басқа да шара қабылданбақ, – деді министр.
Е.Жамаубаев ведомствоның өзге де негізгі бағыттары туралы баяндады. Айтуынша, бюджеттік жоспарлау жетілдіріледі. Былтыр сол үшін Бюджет кодексіне тиісті түзетулер енгізілді. Түзетулер стратегиялық және бюджеттік жоспарлауды үйлестіру үшін бюджетті қалыптастырудың жаңа тәсілдерін және бюджет қаражатын барынша қайтарыммен пайдалануға мүмкіндік беретін тетіктерді қарастырады. Түзетулерге сәйкес стратегиялық міндеттерге баса назар аударылып, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиттері айқындалды. Сондай-ақ мемлекеттік органдармен бірлесіп, экономиканың түрлі салаларында ұлттық жобаларды дайындау жөнінде жұмыстар жүргізілуде.
– Біздің мақсат – әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуге бағытталған теңгерімді бюджет қалыптастыру. Бұл ретте Ұлттық қор бюджет процесінің маңызды құрамдас бөлігі болып саналады. Қордың активтері биылғы
1 маусымында 27,6 трлн теңгені құрады. Оның ішінде валюталық портфель 58,5 млрд долларға тең. 2020 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық қор 744 млрд теңгеге өсті. Бюджет кодексіне Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт мөлшерін кезең-кезеңімен қысқарту бойынша түзетулер енгізілді. Бұл шара қор активтерінің жинақталуына және тапшылықтың біртіндеп төмендеуіне ықпал етеді, – деді ведомство басшысы.
Бұдан бөлек, мемлекеттік активтерді басқару тиімділігін арттыру үшін 2021-2025 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспар шеңберінде жекешелендіру процесі жалғасады. Бұл ретте мемлекеттік меншік пен квазимемлекеттік сектордың 733 нысанын жекешелендіру көзделіп отыр. Сонымен қатар сатып алуларды жетілдіру жүріп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген мемлекеттік сатып алулар бойынша заң жобасы Парламентте жатыр. Заң жобасында мемлекеттік сатып алуды бір көзден алу тәсілімен өткізудің 53-тен 49-ға дейінгі негіздемесін қысқарту көзделген. Тағы бір өзекті мәселе – мемлекеттік аудит сапасын жақсарту. 2020 жылы аудиторлық қызмет туралы заңға түзетулер енгізілді. Бұл инвестициялық ахуалды, жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі рейтингінде «Аудит және есептілік стандарттарын жетілдіру» көрсеткішін жақсартуға бағытталған. Аудиторлық қызмет бойынша кәсіби кеңес құру көзделген. Бұл Қазақстандағы аудит саласындағы сапаны бақылау және біліктілік емтихандары үйлестіруге мүмкіндік береді.