Оқиға • 16 Маусым, 2021

Түркістандық алаяқ 147 тұрғынның атынан несие рәсімдеген

319 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысының тұрғыны 147 адамға онлайн-несие рәсімдеген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркістандық алаяқ 147 тұрғынның атынан несие рәсімдеген

Банк қызметкері несие рәсімдеу кезіндегі күдікті әрекеттерді байқап Түркістан облысы полиция департаментіне жүгінген. Тексеру кезінде жедел уәкілдер алаяқтықты анықтаған.

Жедел-іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері алаяқтық жасады деген күдіктіні ұстады. Ол ет өнімдерін сатумен айналысатын Сайрам ауданына қарасты ауылдардың бірінің тұрғыны болып шықты. Бүгінде сот оны екі айға қамауға алуға санкция берген.

Күдікті соңғы үш айда әр балаға 50 мың теңге әлеуметтік көмек алып беруге уәде беріп, жәбірленушілердің жеке деректерін алған. Кейін ол құжаттарды пайдаланып онлайн-несие рәсімдеген. Осылайша, полицияға жүгінген жәбірленушілер саны 147 адам болған. Олардың барлығы жергілікті тұрғындар.

«Қазір тергеушілер соталды тергеу жүргізіп жатыр. Алаяқтық құрбандарының саны артуы мүмкін. Біз оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, келтірілген залалды есептеп жатырмыз», деді Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары Құрманбек Сахов.

Дерек ҚР ҚК-нің 190-бабы «Аса ірі мөлшердегі алаяқтық» бойынша тіркелген. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.