Әлем • 16 Маусым, 2021

Вивисекцияға алғашқы тосқауыл. Израиль жүн мен жануар терісін пайдаланудан бас тартты

627 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Израиль үкіметі жануар терісінен дайындалған киім-кешек сатуға тыйым салды. Осылайша, жүн мен жануар терісінен бас тартқан алғашқы елге айналып отыр.

Вивисекцияға  алғашқы тосқауыл. Израиль жүн мен жануар терісін пайдаланудан бас тартты

Израиль мемлекетінің Қоршаған ортаны қорғау министрі Гила Гамлиэль заңға өзгеріс енгізіліп, алты айдан кейін күшіне енетінін хабарлай келе: «Тері өнеркәсібі – әлемде миллиондаған жануардың өліміне себепші. Бұл зұлымдық десек, артық айтпаймыз», деген ой айтты.

Бұл бір күнде қабылданған шешім емес. Израильдегі экобелсенділер мәселені 2019 жылы көтерген-ді. Жалпыхалықтық дауысқа салып, азаматтардың 86 пайызы бастаманы қолдайтыны мәлім болды. Жануарлармен дұрыс қарым-қатынас жасау ұйымы – РЕТА жаңа заңды «тарихи қадам» деп бағалады. Оның өкілдері бұл мыңдаған түлкі, құндыз, қоян, қолтырауын және басқа да жануарлардың өмірін сақтап қалады дейді.

Жалпы, жануарларды басқа мақсатта пайдалану – әлемді алаңдатқан мәселе. Белсенділер әлеуметтік жарнама, ой салатын суреттер дайындап, таратады. Биыл «Ральфті құтқару» қысқа метражды мультфильмі көрерменге жол тартты. АҚШ-тың Жануарларды қорғау қоғамдастығы дайындаған фильмде Ральф атты қоян түрлі зертханалардың оны және басқа да жануарларды өз өнімдерін тексеру үшін аяусыз қолданатынын, одан кейін көптеген жануар зардап шегіп немесе тіпті өліп қалатынын айтады. Ральфтің бір көзі көрмейді, құлағы естімейді. «Құлағымда біртүрлі шу бар. Менің отбасым, яғни ата-анам мен бауырларым осы жолда қайтыс болды. Менің де жолым – осы. Біз осы үшін жаралған секілдіміз», дейді байғұс қоян.

Сол сөзді айтып болған қоянды адамның қатыгез қолы үйшігінен алып жатқанын көреміз. Біраздан кейін Ральф қайта оралады. Бұл жолы ол көр соқыр, оның үстіне терісі күйген болып келеді.

Мультфильм авторларының ойы көпшілікті бейжай қалдырмады. Әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсіп, миллиондаған қолданушы өз парақшасында бөлісті. Сән үйлері мен опа-далап жасаумен айналысатын компанияларды белгілеп, оларға жануарларды өз тауарларыңды тексеруге қолданбаңдар деген үндеу тастады.

Жануарларды тәжірибеде қолдану – әуелден қалыптасқан үрдіс. Адамға тұтынуға ұсынбас бұрын, өнімді жануар арқылы сынап тексереді. Ғылым тілімен айтқанда, «вивисекциядан» жылына 100-150 млн-ға жуық жануар өледі екен. Бұл нақты статистика емес. Өйткені тәжірибеге қолданылған жануарлар ресми тіркелмейді және арнайы санақ жүргізілмейді. Әдетте тәжірибе аяқталғаннан кейін жануарларды зертханаларда мәңгілікке «ұйықтатып тастайды». Оларды арнайы зертханаларда өсіріп, бағатыны белгілі, бірақ тәжірибе мақсатында арнайы ауланатын жануар түрі де болады.

Жануарға жақпаған элементтердің адамға да жақпасы белгілі. Сондықтан мұны алдын ала білудің ең оңай жолы – жануарларда сынау. Оның үстіне, тышқандардың ДНК-сы адам ДНК-сына 98 пайыз ұқсайды деген тұжырым оларды тәжірибе үшін таптырмас нысанға айналдырды. Ғалымдар жануарлар да адамдар сияқты диабет, жүрек аурулары, онкологиялық дертке шалдығатынын айтады. Бұл кей кезде дәрі-дәрмекті де сынауға алып келеді.

ХІІ ғасырда бастау алған бұл үрдіске нүкте қою әзірге мүмкін болмай отыр. Тарихқа үңілсек, жануарларды осындай мақсатта қолданған алғашқы ғалым – Ибн Зухр (Авензоар) екен. Дегенмен, қалыпты жайтқа айналуына ХХ ғасырдың басында АҚШ-та халықтың көбі дәріден жаппай улануы себеп болған. 1937 жылы «Сульфаниламид эликсирі» сатылымға шығып, оның құрамындағы элемент адам үшін қауіпті екені анықталады. Дәріден уланушылар саны артқанда Федералдық заң дәрі-дәрмекті нарыққа шығармас бұрын жануардан сынап алу керек деген баппен толығады.

Былай қарасаңыз, адамның денсаулығы үшін өнімді жануарды сынаудың не айыбы бар? Негізгі мақсат – адамның саулығы емес пе? Бірақ «Ральф» мультфильмінде баяндалғандай, жануарлардың денсаулығына үлкен зақым келеді. Белсенділер олар басқа мақсатта жаратылғанын, адамның өз қажеттілігі үшін жануарды олай қинауы адамгершілікке жатпайтынын айтады. Оның үстіне қазіргідей технология, жасанды интеллект дамыған заманда өткен ғасырдағы әдіс-тәсілдерді қолдану ұят дейді.

Бір пестицидті тіркеу үшін 50 сынақ керек болып шықты. Ал сынаққа қатысатын жануарлардың жалпы саны 12 мыңнан асып түсетін кездер болады екен. Alternatives to Laboratory Animals журналының зерттеуіне сүйенсек, бүгінде жануарларды косметикалық өнімдерді сынауға Еуропаның бірқатар мемлекеті, Израиль, Оңтүстік Корея, Жаңа Зеландия, Түркия, Аустралия, Тайвань, Гватемала, Мексика және Үндістан тыйым салған. Жақында Украина да осы қатарға қосылды.

Humane Society International мамандары жануарларды сынау адами мораль мен этикадан бөлек, тиімсіз деген пікір айтады. «Бұл өнімнің қауіпсіздігін анықтаудың тиімсіз жолы. Өйткені жануар ағзасы шын мәнінде адам ағзасынан бөлек. Мысалы, химикаттарды тексеру үшін тышқан мен қояндарды қолданады. Алайда олардың терісі жағылған дүниені адам терісіне қарағанда тез сіңіреді. Сол сияқты жүйке, жүрек-қан тамыр жүйесі мен репродукциясы да алуан», дейді сарапшылар.

Олардың пайымдауынша, жануарда еш реакция бермеген өнім адам үшін қауіпті бола алады. Оның үстіне, сынақ қысқа мерзімді ғана қамтиды. Ал тіс пастасы, сусабын сияқты ұзақ қолданылатын өнімдердің уақыт өте қандай әсер берері беймәлім болып қалмақ.

Экоқауымдастықтар жануарларды сынақтан өткізу қымбат екенін хабарлады. Оған қоса, уақыттың жауы екен. Мысалы, АҚШ-та пестицидті сынақтан өткізу үшін ғалымдарға 10 жыл мен 3 млн АҚШ доллары қажет болған. Құрбан болған жануарлар санын айтпасақ та түсінікті.

Өтініш пен талап айтылды, ал енді оған төте жол бар ма? Даунинг лордының қоры, Жануарларға балама зерттеу қоры мен бірқатар косметика өндіретін компания өнімді сынаудың жаңа жолын әлдеқашан тауып қойған. Әлбетте, әлемге ұсынатын ортақ шешім жоқ. Ғалымдар бұл жолда түрлі зерттеулер жүргізіп жатыр. Балама жолды ғылыми институт мақұлдап, ғалымдар растауы керек. Ал бұл да ұзақ уақыт пен қыруар қаржыны талап етеді.

Бүгінде жасуша арқылы зерттеу кеңінен қолданылып жүр. Ол үшін адам бойынан жасуша алынып, оны арнайы құрылғыларда «өсіреді», нәтижесінде тамыр не тері сияқты қажет затын алады. Бұл косметикалық заттарды, дәрі-дәрмекті сынауға мүмкіндік береді.

Технологиялар арқылы өнімнің адамға әсерін алдын ала болжау да тәжірибеге енген. Ал ең қызығы – сынақтан өтуге адамдардың өздері де келісіп жататын көрінеді. Яғни компаниялар өнімін сынауға ниетті екенін хабарлайды, ерікті өз келісімімен өнімді тұтынып, қолданып, нәтижесін бөліседі.

Қалай болғанда да әлем бұған назар аударды. Экологияның тұтастығы үшін жануарларға да зиян келмеуі керектігі ашық айтылуда. Қазақстанда бірқатар экоқауымдастық тіркелген. Алайда ел Үкіметі бұл мәселеге әлі назар аударған жоқ.