Бруно Петкович. Бұл жігіт қазір 27 жаста. 2019 жылдан бастап Хорватия ұлттық құрамасы сапында өнер көрсетіп жүр. Позициясы – шабуылшы. Нәтижесі жаман емес. Құрама сапында 8 ойын өткізіп, 5 голдың авторы атанған. 2018 жылы әлем чемпионатында хорватиялықтар қарсыластарымен жан бере айқасып, екінші орынға иелік еткені белгілі. Бірақ одан бері үш жыл өтті. Құрама қатары біршама өзгерді. Соның бірі атақты шабуылшы Марио Манжукич «зейнетке» шыққандықтан, оның орнына бірден-бір лайық аяқдопшы ретінде Бруно Петковичтің қабылдануы. Егер осы чемпионатта бұл жігіт ілкімділік танытса, сөз жоқ Еуропаның беделді клубтары қатарына алары анық.
Александр Соболев. Мәскеудің «Спартак» клубының және Ресей ұлттық құрамасының шабуылшысы. 1997 жылы Барнаул қаласында дүниеге келген. Былтыр Ресей Премьер-лигасында 15 доптың авторы атанған. Ұлттық құрама сапында 6 ойын өткізіп, 3 гол соққан. Бұл жаман нәтиже емес. Әсіресе бұл футболшы бойшаңдығының (195 см) арқасында баспен ойнауға жап-жақсы төселген. Шетелдік басылымдар «Соболевтің 9-шы нөмірлі жейдеге ие болуы – құраманың негізгі шабуылшысы Артем Дзюбаны алмастыратынына айғақ», деп жазып жатыр. Көзі қырағы скаут-барлаушылар бұйырса бұл бала ЕУРО-2020 чемпионатынан кейін
отандастары Андрей Аршавин, Юрий Жирков, Александр Головин сияқты қарт құрлықтың беделді клубтарында өнер көрсетеді дейді.
Йонас Винд. 1999 жылы Данияда дүниеге келген. 2015 жылы 16 жасында ұлттық құрама сапына қабылданған талантты жас. Ойын позициясы – шабуылшы. Қазіргі таңда Данияның кәсіби футбол клубы «Копенгагенде» өнер көрсетіп, 30 голдың авторы атанып үлгерген. Былтыр бұл жігітті ағылшынның «Вест Хэм» клубы қатарына қосу үшін көп әрекеттенді. Бірақ екі жақ қаржыға келісе алмағандай болды. Дания құрамасы сапында атақты шабуылшылар Мартин Брейтуэйт («Барселона») және Юссуф Полсонмен («РБ Лейпциг») тізе қосып, Йонас Винд да өнер көрсетуде.
Угарджан Чакыр. Бұл азамат 1996 жылы туған. Футболдан Түркия құрамасының қақпашысы. Статистикаға жүгінсек, аталған құраманың ерекшелігі – ЕУРО-2020 чемпионатында қатарына ең жас ойыншылар жинаған жалғыз команда екен. Десек те бұл құрамада болашағынан үміт күттірер аяқдопшылар көп. Соның бірі біз атап өткен қақпашы Чакыр. Бұл жігіт чемпионатқа іріктеу кезінде айрықша көзге түсіпті. Қаншама ойында қақпасына үш-ақ гол өткізген. Соның арқасында түркиялықтар Еуропа төрінде өнер көрсетіп жүр. Угарджанға қазірдің өзінде ағылшын Премьер-лигасының үздіктері «Ливерпуль», «Тоттенхэм, «Лестер Сити» қатарлы клубтар көз тігіп отырған көрінеді.