Спорт • 17 Маусым, 2021

Олимпиадаға баратын балуандар Анадолы елінде анықталады

330 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ертең Түркияның Ыстамбұл қаласында грек-рим күресінен «Vehbi Emre&Hamit Kaplan» мемориалы өтеді. Бұл турнирде Қазақстанның жеті балуаны бақ сынайды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Олимпиадаға баратын балуандар Анадолы елінде анықталады

38 мәрте жалауы желбірегелі отырған жарысқа жерлестеріміз сан мәрте қатысқан. Соладың арасында жеңіс тұғырына көтерілген саңлақтар да аз емес. Бұл жолы ұлттық командамыздың бас бапкері Бақтияр Байсейітов Айдос Сұлтанғали, Мейрамбек Айнағұлов (60 кило), Асхат Ділмұхамедов, Демеу Жадыраев, Темірлан Шадукаев (77 кило), Нұрсұлтан Тұрсынов және Азамат Құстыбаев (87 кило) сынды саңлақтарға сенім артып отыр. Олардың барлығы да сан мәрте үлкен сынақтардан өтіп, аса ірі халықаралық жарыстарда атой салып жүрген сақа спортшылар екенін жанкүйерлер жақсы біледі.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның грек-рим күресі шеберлері дәл осы салмақ дәрежесінде олимпиадалық лицензияға иелік еткен болатын. Бұл біздің жігіттер үшін соңғы сынақ. Анадолы еліндегі сайыста ең жақсы нәтиже көрсеткен балуандар келесі айда Токиода алауы тұтанатын ғаламдық додада бақ сынау құрметіне бөленеді.