Тарих • 17 Маусым, 2021

Түркологияға түрен салған тарланбоз – Ғұбайдолла Айдаровтың туғанына 100 жыл

562 рет көрсетілді

Түркітану ғылымы табиғи арнаға түсіп, шынайы қанат жайып дамуы үшін қилы заман, қиын кезеңді бастан кешкені – кешегі күннің шындығы. Дауылға қарсы тұрған арыстар атылып-айдалып, әсіресе Баку конгресіне қатысқан күллі түркологтер жаппай қуғын-сүргінге ұшырағаннан кейін бұл саланың беломыртқасы үзіліп қалғандай болғаны ақиқат. Бүгіндері белгілі ғалымдар В.М.Алпатов, Ф.Д.Ашнин, Д.М.Насиловтар «Репрессированная тюркология» деген арнайы еңбек жазып, түркологиямен шұғылданудың кеңестік дәуірде қандай қатерлі де қауіпті болғанын ашынып айтуы көп шындықты аңғартады.

Отандық түркология тарихында соқ­тықпалы соқпақсыз заманда тың­ға түрен салған, жасқанып мұқалып қалмай, өз бетімен өрге ұмтылып, та­банды ізденістерге барған, Орхон мұра­ларының қазақ тіліне қатысын зерделеп ізашар еңбек жазған, көрнекті ға­лым, тіл білімінің алдыңғы алыптар буы­ны өкілдерінің бірі – бүгіндері 100 жылдық мерейтойы аталып отырған, Қазақ­станның ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, филология ғылымдарының док­торы, профессор Ғұбайдолла Ай­даров. Ол отандық түркологияда көне түркі бітік жазбаларын алғаш зерттеп, мез­гіл өзгерісінің хабаршысы болған қарлы­ғаштардың бірі еді.

Тағдырдың айдауымен Түрікмен­станда ашаршылықпен арпалысып өсіп, білім алып, қанаты қатайған соң Ал­матыға келіп, кездейсоқ жағдайда қал­мақтың әйгілі ғалымы Цэнд-Доржи Номихановтан көне түркі бітігін үй­ренген, докторлық ғылыми еңбегін әзер­байжан тілінде Бакуде қорғаған, фашизмге қарсы соғыста Солтүстік Кавказ, Украина, Шығыс Еуропада болған майдангер Ғ.Айдаровтың өмір жолы өзгеге еш­қандай ұқсамайтын өрнек-бедерге ие екенін танытады.

Жеті жұрт келіп, жеті жұрт желіп өткен киелі Маңғыстауда, Емір-Тортыда 1921 жылы 18 маусымда туған ол жеті жасында атамекенінен босып түрік­мен еліне Жаңғақтың ойына, Шағадам шаһа­рына қоныс аударуға мәж­бүр болады. Бұл кезде қазақ ауылдарын аштықпен бірге ін­дет жайлап, көп адам ажал құшқан еді. Үрік­кен ел­дің алды Иран, Ауғанстанға жетсе, Жем, Сағыз, Ақтөбе бойынан ауған ел Бесқала, Тәжікстан, Өзбекстан өңі­­ріне аяқ іліктіреді. Алапат аштық, зобалаң зұлмат арандай аузын ашып, босқындарды аждаһадай жалмайды. Сол шейіт бол­ғандардың қатарында Ғұбайдолланың әкесі Айдар мерт болып, шешесі Томан да кешікпей өмірмен қоштасып, інісі Тортай екеуі «өлмегенге өлі балық» дегендей әупірімдеп «детдомға» түсіп, тірі қалады. Алғыр Айдаров 1934-1935 жыл­дары Түрікмен КСР-інің Ташауыз қала­сы педагогикалық училищесінің дайындық бөлімінде білім алып, 1935-1937 жылдары Красноводск қала­сын­дағы Бауман атындағы техникумында оқиды. Ол 1937-1938 жылдары Мары қала­сындағы педагогикалық училищені тәмамдап, еңбек жолын ауылдағы жеті­жылдық мектепте мұғалім ретінде бас­тайды. Ақыры 1940 жылы әскер қатарына шақырылып, 1944 жылға дейін жаһандық соғыстың қан майданында от кешеді. Туған інісі Тортай майданда қаза табады. Осылайша, Айдар әулетінің оша­ғының отын өшірмей, қаусап қалған шаңы­рағын қайта тіктеу тауқыметі оның иығына түседі. Бұл тағдырдың ауыр сынағынан сүрінбей өткен ол Айдар әулетінің ғана емес, бүкіл түркінің қа­мын жеген ғұлама абызға айналады. Тү­рікменстан, Қарақалпақстанға зұлмат жыл­дарда босып барған қазақтардың қайтадан біраз шоғырының атамекеніне оралуына 1958-1970 жылдары тың игеру науқанына еңбек күші қажет деген бағдарды тиек етіп, бейнетқорлықпен қам жасап, ақжолтай көшті бастауы ата дәс­түр шежіреге адалдығының, бауыр­малдық сезімінің тағы бір айғағы еді.

Соғыста майдангер, бейбіт күнде қаламгер болған ізденімпаз әрі қажырлы ғалымның қаламынан ұзын саны 25 ғылыми зерттеу еңбек, 250-ден астам ғылыми, ғылыми-көпшілік туындылар туған екен. Қиын-қыстау кезеңдерге қарамастан Ғ.Айдаров еңбектерінде көне түркі ескерткіштерінің мәтін­дерін транскрипциялап, оларды линг­вистикалық тұрғыдан жан-жақты талдаған, ескерт­кіштер тілінің қазіргі түркі тілдеріне әсіресе қазақ тіліне жақын­дығын тиянақты зерделеген.

Кеңес Одағында 1926 жылы Бакуде алғаш рет ұйымдастырылған Түр­кологиялық Бірінші дүниежүзілік кон­грестен кейін жаппай қуғын-сүр­гін басталып, көрнекті ғалымдар тұтастай нәубатқа ұшырағаны жас буын мамандардың түркологиямен шұ­ғылдануына ауыр кедергі болған еді. Саясаттың тоңы жібіп 1950 жылдары «жылымық кезең» басталған тұста аштықтан, соғыстан аман қалған жас жігіт Ғұбайдолла Айдаров отандық түркологияның қақпасын батылдықпен айқара ашып, арнайы зерттеулер арқылы көне жазудың сырына бойлаған көрнекті ғалымдардың бірі болады.

Ол соғыстан кейін барлық қажыр-қай­ратын білім беру саласына арнай­ды. Қатардағы мұғалімдіктен директорлық қызметке дейін көтеріледі. 1948 жылы денсаулығына байланысты дәрігерлердің кеңесімен жасыл желекті Жамбыл облысына қоныс аударады. Елге келген соң Шымкент оқытушылар институтында оқып, 1949 жылы Жамбыл облысы Свердлов ауданында орта мектеп директоры қызметін атқарады. 1952 жылы ҚазПИ-ді (қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ) бітіреді. Мұнда Мұхтар Әуезов, Мәлік Ғабдуллин секіл­ді алыптардан дәріс тыңдайды. Инс­титуттың аспирантурасында оқып жүргенде болашақ жолына қадам басып, көне түркі жазуларына ден қояды. Бұл туралы Ғ.Айдаров өз естелігінде былай дейді: «1956 жылы ҚазМУ-дің аспирантурасын бітіргеннен кейін алғаш­қы ғылыми еңбегім «Орыс тілінен енген сөздердің қазақ тілінде игерілуі» деп аталатын. Жетекшім Мәулен Бала­қаев болды. Кейін Қалмақ АССР-ін басқарған көрнекті ғалым Цэнд-Дор­жи Номиханов сол кездерде Қазақ мем­лекеттік университеті мен Ғылым академиясының ғылыми қызметкерлері үшін арнайы үйірме ашып, көне түркі және моңғол жазбалары жөнінде дәріс оқи бастаған еді. Үйірмеге үзбей қаты­сып, алдымнан жаңа бір ғылыми әлем ашылғалы тұрғанын түсіне бастадым. Өйткені мен қазақ тілімен қатар түрікмен, әзербайжан сияқты бірқатар түркі тілін түсіне бастаған едім. Зерек шәкірт болсам керек, аз уақытта Орхон-Енисей және көне ұйғыр жазуларының белгі-таңбаларын толық үйреніп, небір қиын жазулардың өзін еркін оқи алатын дәрежеге жеттім. Түркологияның бізге беймәлім болып келген мөлдір бастауы шөліркетіп, сиқырлай арбап, талмас ізденістерге, қажымай еңбектенуге бастады. Мұның соңы «VIII ғасырдағы Тонықұқ ескерткіштерінің тілі және оның кейбір түркі тілдеріне қатысы» деген ғылыми еңбектің жазылуына алып келді. Ұлағатты ұстаз, филология ғылымдарының докторы Ц.Д.Номихановтың жетекшілік етуі­­мен, академик И.А.Батманов пен про­фес­сор Ғ.Г.Мұсабаев сынды бел­гілі ғалым­дардың оппоненттігімен кандидаттық еңбек 1959 жылы үздік қорғалды. Сөз орайында Ц.Д.Номинханов туралы аз-кем айта кетейін. Ол 1927 жылдары Ленинградта (Санкт-Петербург) Шығыс­тану университетінде көрнекті орыс түркологтерінен білім алған. Әлкей Мар­ғұлан, Ісмет Кеңесбаевтармен бірге оқыған, сталиндік куғын-сүргін құрығына ілігіп, Сібірдің де дәмін татқан қайтпас қайсар, терең білімді қайраткер азамат еді. Біздің бағымызға тағдыр оны кейін Алматыға алып келді ғой».

Өткен өмірінен осылай сыр шерткен Ғұбайдолла Айдаров 1959 жылдан Қазақстан Ғылым академиясының Тіл білімі институтында кіші, аға ғылыми қызметкері болады. «Әлі есімде, Тіл білімі институтының ғылыми кеңесінде өткен бір талқылауда марқұм Мәулен Балақаев «Бұл ғылым емес, шатпақ» десе, оны іліп әкеткен марқұм Ісмет Кеңесбаев «Мен – академикпін. Балақаев – мүше-корреспондент. Біз қолдамаған дүниені, қане, қайсың қолдайсың?» деп тұрып алды. Шынын айтсам, мен сол сәтте еш ренжіген жоқпын. Байсалды кейіппен: «Бұл жұмыс өз орнын табады деген үміттемін. Ғылыми жұмысты одан әрі дамытамын» дедім де, шығып кеттім. Текке тәжікелесіп, босқа арамтер болатын не жөнім бар? Кеңес зама­нының «ойыны» бөлек еді ғой. Оның үстіне көне түркі жазуларының бір білгірі Сергей Ефимович Маловтың мен туралы көзі тірісінде айтқан: «На Востоке очутился казачонок. От него можно кое-что ожидать» деген сөзіне кәдімгідей қанаттанып, сенімім әбден орнығып, талабым ұлғайып жүрген кез. Сыртымнан айтылып жүрген сан түрлі сыпсың сөздерге мойымай, жатпай-тұрмай еңбектенудің нәти­жесінде докторлық жұмысымды қай­тадан сүзіп, сын көзіммен өткізіп шық­­тым да, колтығыма кысып алып: «Баку, қайдасың?» деп тартып кеттім. Әзербайжан мемлекеттік университеті және осы республиканың Ғылым ака­демиясында жасалған хабарламаларым жылы қабылданып, бірден қорғауға жіберілді. Иә, сөйтіп 1974 жылы доктор­лығымды әзербайжан тілінде қорғаған қазақпын мен».

Ғұбайдолла Айдаровтың ғылыми зерт­теулерінің маңыздылығы мен құн­дылығын бүгінгі әлемдік түркология мен көне түркі бітіктану саласының жетіс­тіктері деңгейінен сараптауға да болар. Алайда, осыдан 50 жыл бұрынғы зерттеу­лер мен қазіргі зерттеулер аралығында жер мен көктей айырмашылықтар бар. Мәселенің өзектілігі де сол, оны V-X ғасырларда Еуразиялық кеңіс­тікте құдіретті алып Түркі мемле­кетінің тарихына қатысты төлтума жаз­ба мәдениетін зерттеудің жолында «коммунистік идеологияның кесір-ке­сепатына» қарамастан батыл ерлікпен қа­дам басқан алғашқы қазақстандық түр­кологтің бастама еңбектерінің бірі деп бағалауға болады.

Ғұбайдолла Айдаровтың еңбектерінде түркологияның лингвистикалық, атап айтқанда, морфологиялық, лексикалық, фонетикалық қыр-сырларын айқындауға, қазіргі түркі тілдерімен байланыстарын ашуға ерекше көңіл аударылды. Әл­бетте, Ғ.Айдаров өзінен бұрынғы зерт­теушілердің еңбектерінен хабардар болды. Айталық, түркиялық ғалым Хусейін Намык Орхун, В.В.Радловтың көне түркі жазба ескерткіштеріне қатысты ғылыми еңбектерін толық көшіріп, түге­лімен қазіргі түрік тіліне аударып 1936-1941 жылдары жариялады. Ал бүкіл ресейлік түркологияның көне түркі жазба ескерткіштерін жайында үстелдегі бірден- бір хрестоматиялық оқу құралына айнал­ған әйгіл түрколог С.Е.Маловтың «Көне түркі жазба ескерткіштері» атты іргелі еңбектері (1926, 1936, 1951, 1952, 1959 жылдары жарыққа шығарды) де бар еді.

С.Е. Маловтың да түркі тілдерін топ­тас­тырғанда «тірі тілдер» және «өлі тіл­дер» деген «жасанды» шарттарды, оған қоса «көне тілдер» (оғұз, ұйғыр, тофа, тыва, хакас, шор), «жаңа тілдер» (әзербайжан, құ­ман, қыпшақ, түркі, түркімен, т.б.), «жап-жаңа тілдер» (башқұрт, қазақ, қарақалпақ, қыр­­ғыз, құмық, ноғай, татар, ойрат, чуваш, якут) қойған болатын. Бұл түрко­логия­да тарихи-лингвистикалық дәстүрлі сабақ­тастықтарды жоққа шығарған «идео­логия­лық мәселе» болатын. Сон­дық­тан да, бел­гілі қазақ ғалымы Сәрсен Аманжолов «Ежелгі түркі жазба ескерткіштері және олар­дың қазіргі түркі тілдеріне қатысы қан­дай» деген өзекті мәселелерді көтерген еді.

Сайып келгенде, көне түркі жазуына әрі сол ежелгі тілде сөйлеушілерге «жап-жаңа тілдер өкілдерінің қатысы жоқ» деген кеңестік шовинистік пиғыл, астыртын шектеу бүркемеленіп жатқан еді. Сол себептен Қазақстанда түркология саласының, әсіресе жазба ескерткішті оқитын мамандар даярлауға мәскеулік билік рұқсат бермей келген еді, тіпті ескерткіштерге барып көзбен көріп зерттеуге мүлдем тыйым салған еді. Бұл бөгеттерге қарамастан, ағысқа қар­сы жүзген Ғ.Айдаровтың «Тониукук ес­керт­­кішінің тілі және оның қазіргі кейбір түр­кі тілдеріне қатысы туралы» атты ғылы­ми кандидаттық диссертациясы «өлі тілдерді» тірілткен алғашқы қа­дам, ба­йыпты талдау болатын.

Осы саланы кеңейтіп, докторлық диссертация етіп «Енисей-Орхон және Талас ежелгі түркі жазбасы тілінің лексикасы» атты тақырыпта түркологияның дәстүрі үзіле қоймаған, әйгілі Түркологиялық бірінші конгресс өткен, кейіннен 1970 жылдардан «Советская тюркология» журналы жарық көре бастаған Әзер­байжан астанасы Баку қаласында әзери тілінде қорғап шығады. Ресми оппонент­тері Әзербайжан ҒА-ның корреспондент-мүшесі А.М.Демирчи-Заде, филология ғылымдарының докторлары, профессорлар Э.И.Фазылов, М.А.Хабичев, Т.И.Гаджиев бастаған ғалымдар ғылыми еңбекке жоғары баға береді.

Ғ.Айдаров түркология туралы айтқан сұхбаттары мен естеліктерінде «Біз осында... менің зерттеу салам бойынша үш-ақ адамбыз. Ал бұл жастарды ойланту керек емес пе?!» деуі осы салаға мамандар аса қажеттігін ескерткен дабылы еді. Қазақстандық «рунологтер» қатарында Алтай Аманжолов, Адай Есенқұлов сынды саусақпен санарлық қана ғалымдар көне түркі жазбаларын зерттеуді нысан еткені белгілі.

Ғ.Айдаров көне түркі жазбаларына қатысты «Язык Орхонского памятника Бильге-кагана» (1966), «VIII ғасырдағы көне түркі жазулы Орхон ескер­ткіштерінің тілі» (1971), «Көне түр­кі жазба ескерткіштерінің тілі» (1986), «Көне ұйғыр жазба ескерткіштерінің тілі» (1991), «Күлтегін ескерткішінің тілі» (1995) сынды он­шақты монографиялық және жоғары оқу орындарына арналған бірнеше оқулықтардың, 250-ден астам зерт­теу мақаланың авторы. Ол ЖОО-да оқы­тылатын студенттерге арнап көп­те­ген оқу бағдарламасы мен оқу құ­­рал­­­ын дайындап жариялаған, ғы­лыми еңбектерінде көне түркі ескерт­кіш­те­рінің мәтіндерін қазіргі графика бо­йынша транскрипциялап, олардың тілін линг­вистикалық тұрғыдан жан-жақ­ты талдаған, ескерткіштер тілінің қазір­гі қа­зақ тіліне жақындығына жіті назар аударып зерттеген ғалым.

Еңбек жолын Түрікменстанда ұстаз­дықпен бастаған педагог ғалым тәлім­герлікті ұлағаттылықпен ұштастырғаны байқалады. Оның жоғары оқу орындарына арнап түрлі бағдарламалар мен оқу құралдарын жазуы жастардың талабын ұштауға деген қолғабысы еді. Көне түркі жазуы жайында Түрікменстан, Башқұртстанда жастарға дәріс оқып, жас буынға баба мұраны насихаттауға айрықша ден қояды. 1967 жылы Түрікмен жоғары оқу орындарының филология факультеттері үшін «Ежелгі түркі жазба ескерткіштерін зерттеп, оқып үйрену курсының программасын» жазады. 1968 жылы Түрікмен мемлекеттік университетіне арнап Ғ.Айдаров, М.Хыдыровпен бірге түрік­мен тілінде «Орхон-Енисей ядыгер­ликлериниң дили» деген оқулық жазады. Бұл кітаптың ғылыми маңызы туралы филология ғылымдарының докторы С.Куренов, А.Нұрмұхаммедовтар «Яш коммунист» газетінің 1969 жылғы 1 ақпандағы нөмерінде көлемді мақала жариялап, жоғары баға береді. Оның бұл саладағы еңбектері бағаланып, Түрікменстан мен Қазақстанның білім беру ісінің үздігі белгісімен марапатталады.

Жалпы, Ғ.Айдаров туысқан Түрікмен елін екінші анасындай санап, рухани байланысын өмір бойы үзбеуі – на­ғыз бауырмалдықтың көрінісі. Ол со­ғыс­тан кейін Шағадам өлкесінде шығатын «Жұмысшы» газетінде редактор болғанда түрікменнің даналарын қазақтарға танытуға тиянақты үлес қосады, бір ғана Мақтымқұлы Пырағы туралы отызға жуық мақала жазады. Түрікмен классиктері Даулет-Мамед Азади, Кемине, сонымен бірге «Шахсенем-Ғаріп» дастаны туралы, түрік­меннің жаңа дәуір әдебиетінің көрнекті өкілдері Б.Кербабаев, Б.Сей­таков т.б жайында танымдық мақалалар жазады. Түрікмен жазушысы Ақмұрат Сарығұлыевтің «Зөхре» әңгімесін аударады. Ғалым 1966 жылы түрікмен халқының 53 ертегісі енген «Түрікмен ертегілері» кітабын аударып қазақ тілінде бастырады. Көзкөргендер естелігінде Алматыдағы Ғ.Айдаровтың үйінің төрі түрікмен зиялыларынан босамаса, түрікмендер төрін Ғ.Айдаровқа ғана берген деген сөз тегін емес. Ғұбекеңнен Сейілхан мен Жайылханның шежіресін суыртпақтап сырлас болған түрікменнің белгілі ғалымы, ақын Ахмед Мәммедов былай деп жыр толғапты:

Ғұбайдолла үйіндемін,

төрлет, жігіт, бөгелме!

Жайылхан кім, Сейілхан кім

деп сұраса егерде,

Жайылхан – сен, Сейілхан – мен,

 жауап бір,

Тұрма былай! Қонақ жігіт,

іркілместен төрге жүр.

Түрікмендердің текеметі төсеулі

 екен жағалай,

Пәк көңілмен төрге өрледім,

ата салтын бағалай...

Жайылхан мен Сейілхандар

 айырылысқан сәттегі,

Сезілгендей жүректердің

қимас сезім, әттеңі!

Қуғын-сүргін зұлматты, аштық пен қанды соғысты көрген Ғ.Айдаров ба­уыр­лас түркі елдерінің тәуелсіздігіне де куә болып, шуаққа бөленеді. Азаттық­тың ақ таңы атқан соң да ардагер ға­лым ғы­лыми жұмыстарын пәрменді жалғас­тырады. Соның нәтижесі – «Орхон ескерт­кіштерінің тексті» (1990), «Көне ұйғыр жазба ескерткіштерінің тілі» (1991), «Күлтегін ескерткішінің тілі» (1995), «Білге қаған ескерткішінің тілі» (1996) деген іргелі еңбектер. Осы ретте Халықаралық Түркі академиясы тарапынан ғылыми-танымдық маңыздылығын жоғалтпаған Ғ.Айдаровтың «Язык орхонских памятников древнетюркской письменности VIII века» атты құн­ды еңбегін баспаға әзірлеп, қазіргі түркологиялық жетістіктермен байытып жаңадан басып шығарды. Әйгілі түр­кологтің «Күлтегін ескерткішінің тілі», «Түрікмен ертегілері» секілді құнды мұралары өз кезегінде жарияланатын болады. Түгел түркінің түпкі жазуына бой­лаған, түркологияға түрен салған тарланбоз ғалымның өшпес мұрасы жалғаса береді.

 

Соңғы жаңалықтар

Ақпараттық хабарлама

Егемен Қазақстан • Кеше

Доллар тағы да арзандады

Экономика • Кеше

Ұқсас жаңалықтар