− «Атажұрт» деген көлемі 110 беттен асатын хикаятымды аяқтадым. Оның бір үзіндісі жақында «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланды. Мен таудың баласымын, әйгілі Хан Тәңірінің етегінде туып-өстім. Содан ба тауға деген сағынышым бір басылған емес. Қандай көркем дүние жазсам да соның ішінде таудың бейнесі жүреді. Осыдан 4-5 жыл бұрын елге барып, өзім бала күнімде әкеммен бірге қой баққан Хан Тәңірінің бойындағы жайлауды армансыз араладым. Сонда жайлауда бұрынғыдай жамыраған ел де, мыңғырған мал да жоқ, жұрт көшкендей құлазып жатыр екен.
Осы көрініс көз алдымнан ұзақ уақыт кетпей қойды. Ақыры жүре-
гімді күрсіндірген шер-мұңымды жазуға отырдым. Бұл хикаяттағы бас кейіпкер өмірде бар, өзімнің немере ағам. Қазір жасы сексеннен асса да аттан түскен емес. Өзі әйдік аңшы, қасқыр ғана емес, аю алған. Жақында сол кісінің баласына хабарласып: «Ағам қайда?» деп сұрасам, «Ағаңыз жайлауға көшіп кетті ғой» дейді. «Ой, әлі ерте емес пе?» десем, «Биыл біздің жақта нәр тамбай, қуаңшылық болып шөп шықпады. Содан туған-туыстың азын-аулақ малын жиып, кемпірі мен оқудан тараған немерелерін алды да тауға кетті» деп жауап берді.
Сол жолы елге барғанымда осы кісімен біраз әңгімелестім. Есімі – Нұрасыл, өзінің көп жылдан бері бір аяғы істемейді. Сонда да атқа мініп, аң аулап, мал бағады. Атты биік жерге қояды да, алдымен сол аяғын үзеңгіге салып, оң аяғын қолымен демеп, ерге отырады. Сосын жүгенді қолға ұстап, аты жүре бастағанда оң аяғын ердің алдыңғы жағына қайырып салып алады. Солай ат үстінде сағаттап жүреді. Ағамыз өмірбаянға өте бай. Әкесі өткен ғасырдың 20-жылдары колхоз басқарып, жұртқа егін салдырған. 1929 жылы оған біреулер «астық ұрлады» деп жала жауып, содан амалсыз Қытайға қашуға тура келген. Одан атақты Мергенбаймен жолдас болып, 30-жылдары, аштық пен қуғыннан босқан жұртты шекарадан көрші елге өткізіп отырған. Ақыры өзі де сол жылдары Қытайға кетіп, Қазақстанға 60-жылдары оралған. Осы оқиғалардың бәрі хикаятта баяндалады. Бұл шығармадағы негізгі айтар ойым: қазір жастардың көбі ауылда дені дұрыс жұмыс болмағасын қалаға сабылды. Сексеннен асқан Нұрасыл ағамның балалары да қалада. Ол кісінің өзі ата-бабамның сүйегі жатқан жерден ешқайда кетпеймін деп қозғалмай отыр. Ертең осындай текті қариялар өмірден өткеннен кейін ел киесіз, жер иесіз қалмай ма?! Осы сұрақ менің жанымды ауыртады.
– Шығармашылық сырыңызбен бөліскеніңізге рахмет.