Мәселен, климаттық ерекшеліктерге байланысты, стадионның табиғи көгалы футбол маусымының басындағы ойындарға мүлдем дайын болмайтын. Анығын айтқанда, алаңның шөбі жазға қарай бір-ақ өсетін. Сол себепті, жергілікті «Шахтер» футбол клубы ел чемпионатының алғашқы матчтарын елордадағы «Астана-Арена» немесе басқа қалалардағы стадиондарды жалдап өткізуге мәжбүр болып келді.
Енді міне, таяуда «Шахтер» стадионын жаңғырту бойынша күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, спорт нысаны адам танымастай өзгерді. Яғни қазір аталған стадион республикалық қана емес, халықаралық жарыстарды да өткізу мүмкіндігіне ие болды.
Негізінде, стадионның басты байлығы – оның жасыл алаңы екені белгілі. Мәселен, әрбір стадионның UEFA талаптарына сәйкестігі ондағы футбол алаңының маусымға тиісті сапада дайын болуымен өлшенеді.
Айта кету керек, Қарағанды стадионындағы жөндеу жұмыстарының барлығы, сонымен бірге далада өтетін дайындық жұмыстары өткен жылы аяқталған болатын. Бұл шаруаның бәрі «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» және ағымдағы жөндеу жұмыстары сынды екі бірдей бағдарлама аясында жүргізілген еді. Ал жасанды көгал шетелден күзде жеткізілгендіктен, құрылысшылар оны орнатуға үлгере алмады. Есесіне, бұл жұмысты көктемде аз ғана уақыттың ішінде атқаруға мәжбүр болды.
«Шахтер» стадионының директоры Вячеслав Мазитов енді спорт нысанындағы алаңның наурыз айының басынан қараша айының соңына дейін пайдалануға жарамды болатынын мақтанышпен атап өтті.
– Стадионның алаңына Италияда өндірілген жасанды көгал төселді. Жылыту және жаңа суару жүйелері орнатылып, дренаж жүйесіне тексеру жүргізілді. Жасанды төсем UEFA-ның барлық заманауи талаптарына сәйкес келеді. Сонымен қатар бізде алаңда нормадан жоғары жүктеме болатын. Бұрын жаттығулар күніне бір сағаттан аспаушы еді, енді күніне сегіз сағатқа дейін жаттығуға қол жетті. Осыған байланысты жарыстар саны да арта түсетін болады, – деді ол.
Бүгінде жаңарған стадионда Қазақстан футбол федерациясы инспекциялау жұмыстарын жүргізді. Бұдан бөлек, маусым айының соңына таман жасанды алаң UEFA сертификаттауынан өтеді. Егер екінші санат расталса, стадионда халықаралық матчтарды өткізуге болады. Ал биыл «Шахтер» футбол клубының Конфедерациялар кубогы сынында өнер көрсететінін ескерсек, мұның өзі жанкүйер қауым үшін өте маңызды және қуанышты дүние болатыны сөзсіз. Яғни стадион сынақтан сәтті өтер болса, онда кеншілер командасы біліктілік раундының ойындарын өз алаңында өткізу мүмкіндігіне ие болады.
«Шахтер» стадионының алаңы ғана ауыстырылып қоймай, мұнда басқа да маңызды шаруалардың іске асқанын айта кеткен жөн. Мысалы, алаңда жаңа футбол қақпалары орнатылып, трибуналардағы пластикалық орындықтар түгелдей жаңартылды. Орындықтар үшін жергілікті клубтың түстеріне сәйкес сұр, қара және қызғылт-сары түстер таңдалды.
Сонымен қатар спорт нысанының қасбеті толығымен жаңартылып, ол металл сайдингпен қапталды. Видео түсіруге арналған платформалардың да орнатылғанын айта кеткен жөн. Шығыс трибунасында ауа райының қолайсыздығынан қорғайтын құрылымдар сырланған. Шешінетін, жуынатын бөлмелер, үстел теннисі залы және ішінара бокс залы сияқты трибуна астындағы үй-жайлар да жөндеуден өтті.
Бүгінде жаңарған, жасарған стадион футболшыларды ғана емес, осында өткізуге болатын басқа да спорт жарыстарының қатысушыларын қабылдауға сақадай-сай дайын. Қазірдің өзінде мұнда бірнеше футбол матчтары ойналып, жеңіл атлетика жарыстары өткізілді. Ал биылғы тамыздың аяғы мен қыркүйек айының басында стадионда өрт-құтқару спорты бойынша әлем чемпионаты жалауын желбіретеді.