Аймақтар • 18 Маусым, 2021

Биыл Т.Рысқұлов ауданында 10 ауылға газ, 3 ауылға су кіреді

591 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ерболат Садырқұлов брифинг беріп, биыл 10 ауыл газданып, 3 ауылға су толық тартылатынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биыл Т.Рысқұлов ауданында 10 ауылға газ, 3 ауылға су кіреді

Әкімнің айтуынша, ауданда 42 елдімекен бар. Оның ішінде өткен жылы 26 ауылда орталықтандырылған ауыз су жүйесі болған. Ал, ауыз су жүйесі жоқ 16 елді мекеннің Әбжапар, Жарлысу, Бәйтелі, Тасшолақ сияқты елдімекендеріне өткен жылы жаңа ауыз су жүйесі жүргізіліп, пайдалануға берілген. Сонда қазір ауданда 30 елдімекенде бұл мәселе оң шешімін тапқан.

 «Ауыз су жүйесі ескірген 9 елдімекеннің 3-еуіне, яғни Құмарық, Қаракемер және Алғабасқа былтыр жаңадан ауыз су жүйесінің құрылысы басталды. Жоба 2021 жылға өтпелі, яғни биыл пайдалануға береміз. Ал, аудандағы 42 елдімекеннің 24-іне толық газ тартылған. Биыл газ кірмеген 18 ауылдың ішіндегі 10 ауылға газ тарту жұмыстары жүргізілетін болады. Шолақ-Қайыңды ауылының жобасы мемлекеттік сараптамада. Осы жұмыстардың нәтижесінде газдандыру мәселесі аудан көлемінде 100 пайызға шешіледі», деді Ерболат Садырқұлов. Аудан әкімі қалған 7 елдімекеннің де мәселесін айтып өтті. Атап айтқанда, Мамыртөбе, Аққайнар, Тойқұдық, Сұмқайты және Қосапан ауылдары мен Құмарық разъезі, Қорағаты станциясы халық санының тиісті нормадан аз, яғни 50 адамнан төмен болуына байланысты экономикалық тұрғыда тиімсіз деп танылғанын жеткізді.

Әкім жыл басталғалы 5 айда аудан экономикасының өсімі 101,5 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 1,5 пайызға өскенін де айтты. Жыл соңына дейін бұл өсім 104 пайызға дейін жоспарланған. Аудан бюджеті кірісінің жылдық жоспары 18,6 миллиард теңгені құраса, оның ішінде 5 айдың жоспары 6,4 миллиард теңге болған. Нақты 6,9 миллиард теңгені құрап, 500 миллион теңгеге артығымен орындалған. Ал, ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өндірілген өнім көлемі 4,9 миллиард теңгені құрап, 2020 жылмен салыстырғанда 200 миллион теңгеге артқан. Сонымен қатар, жалпы ауданда 146,6 мың гектар егістік жер толық игерілген. Оның ішінде басым бөлігіне, яғни 61,3 мың гектарына күздік бидай, 58,7 мың гектарына жаздық арпа себілген. Ауданның жалпы жер көлемі 908 мың 691 гектар. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің үлесі 740 676 гектарды құрайды. Сондай-ақ, аудан әкімі бүгінде ауданда тұрғын үй кезегінде барлығы 1145 адам тіркелгенін, тұрғындарды кезең-кезеңімен тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Құлан ауылы «Арай» тұрғын алқабынан 80 пәтерлік 5 қабатты 2 үйдің құрылысы жүргізіліп жатқанын да айтты. «Бірінші үйдің құрылыс жұмыстары былтыр басталған, биыл пайдалануға беріледі. Екінші үйдің құрылысы биыл басталды. Қалған екі көпқабатты үйдің құрылысы жобамен 2023-2024 жылдары берілмек», деді Ерболат Садырқұлов.