Футбол • 19 Маусым, 2021

Венгрия мен Франция құрамалары тең тарқасты

273 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Венгрия мен Франция құрамалары кім мықтыны анықтай алмай, тең тарқасты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Венгрия мен Франция құрамалары тең тарқасты

Есеп 1:1. Матчта мажарлар ширақ бастаған. Бірнеше рет Уго Льорис қақпасына қауіп төндірді. Алайда көп ұзамай француздар ойын тізгінін қолына алды. Бірнеше мәрте қауіпті шабуыл жасап, ақырында Мбаппе Бенземаны ұрымтал тұсқа шығарған. Алайда «Реалдың» шабуылшысы мүмкіндігін сәтті пайдалана алған жоқ.

Бұдан кейін де француздар тыным тапқан жоқ. Дүркін-дүркін Мажарстан қақпасына соққы жасады. Бірақ бірде қақпашы допты қайтарса, келесіде қорғаушылар барын салды.

Венгрия шабуылды да ұмытқан жоқ. Бірінші таймның соңғы минуттары өтіп жатқанда Фиола Аттила сол қанаттан доп қабылдап, қорғаушыны оңай алдап өтті. Айып алаңының ішіне кіріп үлгерген ол қақпаны дәл көздеген. Льорис түк бітіре алмай қалды.

Ойда-жоқта гол жіберіп алған француздар екінші таймда алға лап қойды. Олардың текпен добы бірде қиыс кетсе, бірде қақпашы тосқауыл болды. Сөйтіп, Мбаппе бастаған жігіттер түк өндіре алған жоқ.

Дегенмен Венгрия айып алаңындағы қарбалас сәттердің бірінде Гризманн допты барынша теуіп, Гулачиді қапы қалдырды. Есеп 1:1. Матч аяқталғанша таблодағы көрсеткіш өзгерген жоқ.

Осылайша, Франция 4 ұпаймен көш бастады. Ал Венгрия футболшылары келесі кезеңге шығу мүмкіндігін сақтап қалды.

Венгрия – Франция 1:1

Голдар:

1:0 – 45 Фиола, 1:1 – 66 Гризманн.

Мажарстан – Гулачи, Фиола, Салаи, Орбан, Него, Надь, Шафер (Чери, 76), Шаллаи, Кляйнхайслер (Ловренчич, 84), Ботка, Салаи (Николич, 26).

Франция – Льорис, Варан, Кимпембе, Павар, Динь, Канте, Рабьо (Дембеле, 57; Лемар, 87), Погба (Толиссо, 76), Бензема (Жиру, 76), Мбаппе, Гризманн.

Ескерту алғандар: Павар (10), Ботка (52).