![Тоғызыншы балбал тас](/media/2021/06/20/crop-18_13_507x810_a6320cc7-cec2-4d61-ad9d-06a21e54a99a.jpeg)
Облыстық мәдениет басқармасына қарасты тарихи-мәдени мұраны қорғау, пайдалану және қалпына келтіру жөніндегі орталық директоры Жандос Құрбан балбал тас мемлекеттік тізімге енгізіліп, оған арнайы мәртебе берілетінін айтады. Алдағы уақытта комиссия назарына ұсынылып, археологиялық зерттеу жұмысын жүргізу үшін әрекет жасалмақ. Мамандар өте құнды жәдігер деп бағалаған осынау балбал тасты шаруа қожалық иесі Шекер Төребекова аудандық тарихи-өлкетану музейіне тапсырып, игілікті іс жасады. Аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев төл тарихымызды танып-білуге орасан зор үлес қосатын жәдігерді халық игілігіне беріп отырған Шекер Төребековаға алғыс айтып, иығына орамал жапты.
Балбал тасты тапқан Төребековтер әулетінің бұл маңда шаруа қожалығын ашқандарына 20 жылдан аса уақыт болған. Қарашаңырақта тұратын Нүркен Қыдырбайұлы мал жайып жүріп, егістік алқаптан тауып алған екен. «Жылда жер жыртылады, егіс егіледі. Қой жайып жүріп, сүдігердің ішінде бір дөңді аяғымның ұшымен түртіп едім, осы тас шықты. Аршып қарағанымда «Қыз Жібек» киносынан көретін ескерткіш тастарға ұқсаттым. Ұялы телефоныма түсірдім де архитектор болып істейтін ағама жібердім. Содан жұрттың назары аударылып, жалпақ елге жайылып кетті», дейді Нүркен Қыдырбайұлы.
Ал Нүркеннің анасы Шекер апа бұл маңнан бағзы заманғы қыш сынықтары мен ескі бұйымдар көп табылып тұратынын айтады. «Ілгеріде теңіз жағасында балық аулап, азын-аулақ ұсақ мал бағып күнелтіп отыратын орыс көршіміздің әйелі Вера Симахина су жағасындағы жардан әсем безендірілген білезік тауып алған. Осындай зат тауып алдым деп бізге көрсеткенімен, шындап мән бермеппіз. Кейін сол білезікті Вера қоңсым басқа бір нәрсеге айырбастап жіберді. Балаларым осы тас мүсінді тауып әкелген соң отбасымызбен ақылдастық. Мал сойып, ағайын-туыс, көршілерді шақырып, аруақтарға Құран оқытып, ас бердік. Елбасы Н.Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасында туған жер тарихын тереңнен танып-білуге халықты үндеді емес пе?! Біз де соған үлесімізді қосайық деп қалың жұртшылықтың игілігіне жаратуға музейге өткізіп отырмыз», дейді Ш.Төребекова.
Аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Нұрлан Смайыловтың мәліметінше, 1959-1963 жылдар арасында А.Г.Максимова бастаған ғалымдар Сырдың бойы мен Жаушықұм алқабынан көптеген құнды дүние тапқан. Археологтердің қазба жұмыстарының нәтижесінде біздің заманымыздағы І-Х ғасырлардағы қалашықтар мен қорғандар анықталған. Ерте замандағы Ақтөбе мазаратынан жерленген адамдардың қаңқасы, 25 түрлі қыш бұйымдардың сынықтары табылып, жәдігерлер Алматы қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы тарих және археология, этнография институтының археология музейіне жіберілген. «Шардара жерінде Ақтөбе қалашығы, Ақтөбе мекен-тұрағы, Ақтөбе қорғаны болғанын ғалымдардың еңбегінен білеміз. Ақтөбе қалашығы қазіргі Ұзын ата кесенесі маңында болса, Ақтөбе тұрақ-мекені теңіз табанында қалған. Ал Ақтөбе қорғаны қазіргі балбал тас табылып отырған жер су қоймасы жағасындағы Шекертөбе маңы. Қолымыздағы балбал тас сол кездегі әскербасыға немесе тұлғалы адамға арналып соғылғаны белгілі ғой. Бұл жердің бетіне шығып қалған бір жәдігер ғана. Теңіз табаны мен құм астында көміліп жатқан дүниелерге зерттеу жүргізілсе, қаншама тарихтың беті ашылып, тылсым құпиялардың сыры ашылар еді», дейді Нұрлан Қалиұлы.
Бұған дейін аудандық тарихи-өлкетану музейінде 3000-нан астам экспонат болса, теңіз жағасынан табылған балбал тас осылардың ішіндегі ең құндысы болып тұр. Енді балбал тасты тарихи және мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізіміне енгізу жөнінде құжаттарды әзірлеу жұмыстары қолға алынбақ.