Қазақстан • 20 Маусым, 2021

«Жасыл аймақ» жасыл жайлау емес

614 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әлеуметтік желілерде жергілікті жұрт картоп қымбаттағанын жарыса жазып жүр еді. Енді эпидемиялық ахуалдың жақсара түсуіне байланысты осы сенбіден, яғни 19 маусымнан бастап облыс орталығында ауылшаруашылық жәрмеңкесінің өткізілуіне рұқсат етілді.

«Жасыл аймақ» жасыл жайлау емес

Облыстық санитариялық-эпидемио­логиялық бақылау департаментінің мәлі­ме­тін­ше, өңірдің індеттің таралу барысын зерттейтін зертханалары 520 212 ПТР тест өткізген, оның ішінде тәулігіне 2 мыңға жуық зерттеу жасалып жатыр.

Бұған дейін «сары аймақта» болған өңірімізде індет жұқтыру көрсеткіші күн сайын азая бастаған. Апталық өсім де кеміген. Бұл туралы Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте облыстық санитариялық-эпидемиологиялық ба­қы­лау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев мәлім етті.

Мысалы, 1-7 маусым аралығында 405 адам індет жұқтырса, 25-31 мамыр аралығында бұл көрсеткіш 590 болған. Ал апталық өсім көрсеткіші 1,6 пайызға төмендеген. Успен, Павлодар, Баянауыл, Тереңкөл, Май және Ертіс аудандары «жасыл аймақта», Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары мен Шарбақты ауданы «сары аймақта» болса, Ақтоғай мен Железин аудандары әзірге «қызыл аймақта» қалды.

Облыстық денсаулық сақтау басқар­масының басшысы Айдар Сейітқази­новтің сөзінше, облыста 575 науқас стационарда ем қабылдауда. Инфекциялық орындардың жүктемесі 27 пайызды, жан сақтау бөлімдерінің жүктемесі 12 пайызды құрайды.

«Биыл 1 ақпаннан бастап өңірге вак­цинаның алғашқы компонентінің 116 635 дозасы жеткізілген. Екінші ком­по­ненттің 74 315 дозасы түскен. Қазір өңір тұрғындарына Спутник V, QazVac және Hayat-Vax вакциналары егілуде. Вак­циналау шарасын жүргізу үшін меди­циналық мекемелерде 103 егу каби­неті жұмыс істейді. Сауда орындарында жылжымалы бөлімше мамандары тұрғындарға екпе салуда. Аймақта вак­цинаның алғашқы компонентін 88 631 адам алса, 46 307 адам екінші компо­нентті қабылдады. Оның ішінде 70 мың­нан аса адам Спутник V вакцинасын алған. Маусым айының ортасында ресейлік вакцинаның алғашқы компо­нентінің 50 мыңға жуық данасы келеді», дейді А.Сейітқазинов.

Жыл басынан бері өңірде көпшілігі созылмалы сырқат түрлерімен ауырған 109 адам індеттен көз жұмған. Тіпті екпе алған 50-ге жуық адам қайтадан індет жұқтырып алған. Бірақ олардың ағза­ларындағы індет жұқтыру барысы жеңіл түрде өткен.

«Иә, Спутник V вакцинасының ал­ғаш­қы компонентін алған адамдардың ішінде індет жұқтырғандар кездесті. Олар екпе алу кезінде симптомсыз бел­гісіне шалдығуы мүмкін немесе індет жұқтырған науқастармен байланыста болғандар. Өңірде 70 мыңнан аса адам екпе алған. Өкініше қарай, бұл – өте төмен көрсеткіш», деді А.Сейітқазинов.

Ал «жасыл аймаққа» өткеніміз жайлы облыстық санитариялық-эпи­демиологиялық бақылау депар­таментінің басшысы Ба­тыр­бек Әлиев мәлім етті. Қазіргі кезде өңірде 37 адам­ның індет жұқтырғаны анық­талса, оның 10-ы симптомсыз түрі­мен ауырған.

«Өңіріміздің «жасыл аймаққа» ен­геніне қазір бір аптадай уақыт өтті. Бірақ эпидемиялық жағдай әлі де күрделі деп айтуға болады. Сақтану қажет. Тұр­ғын­дар адам көп жиналатын орындарда әлеуметтік қашықтықты сақтап, меди­ци­налық маска тағуы керек. Өйткені жағ­дайдың жақсаруы жұртшылықтың сақтану әрекетіне тікелей байланысты. Эпи­демиялық ахуал алдағы бір апта көле­мінде бақыланады. Егер індет жұқтыру­шылар саны азая түссе, карантин шаралары да жеңілдетіледі», дейді Б.Әлиев.

Яғни карантин шаралары жеңілдейтін болса, қоғамдық тамақтану орындарының қызмет көрсету уақыты ұзартылып, мекеме қызметкерлерінің 70 пайызы дәстүрлі жұмыс форматына көшеді.

Облыстық денсаулық сақтау бас­қар­масының баспасөз қызметінің мәлі­метінше, қазір өңірімізге вакциналардың жаңа партиясы жеткізілді, бұл – Спут­никV вакцинасының бірінші және екінші ком­поненттері. Нақтырақ айтқанда, бі­рінші компонентінен 12 150 доза, екін­шісінен 25 435 доза келді.

Басқарманың емдеу бөлімінің басшысы Айгүл Мұқышева атап өткендей, бүгінде 18 жастан асқан облыс халқының жалпы санының 16,5 пайызы екпенің бірінші компонентін, ал 9,9 пайызы екеуін де салдырып үлгерді.

«Болжамдарға сәйкес вакциналау қыркүйекте аяқталуға тиіс. Сол кезде облыс халқының 60 пайызы екпе алып шығуы керек, яғни індетке дейінгі тіршілікке қайта оралу үшін ұжымдық иммунитет қалыптасуы қажет. Бірінші кезекте тұрғындар екпе алуда неғұрлым белсенділік танытса, соғұрлым вакциналау уақыты жылдам аяқталады», деді А.Мұқышева

Медицина қызметкерлері мен барлық деңгейдегі әкімдер жергілікті жерде індет таралмауына байланысты қауіпсіздік шараларын жүргізуде. Бұл мәселе облыстық әкімдіктің жедел штаб отырысында апта сайын талқылануда. Сондықтан тұрғындар арасында дүрбелең туындамас үшін екпе салдыратын орындар туралы ақпарат дер кезінде таратылуы керек. Қалалар мен аудандардың әкімдеріне барлық егу пунктін аралап, олардың жұмысын үздіксіз бақылайтын тұрақты топтар құру тапсырылды.

 

Павлодар облысы

Соңғы жаңалықтар

Қанас, Марқа – қатар көл...

Туризм • Бүгін, 08:25

Сатира саңлағы

Тағзым • Бүгін, 08:23

Жарыстар күнделігі

Спорт • Бүгін, 08:15

«Қайрат» – чемпион!

Футбол • Бүгін, 08:12