Әкімнің айтуынша, күнбағыс және қарақұмық дақылдары егілген алқаптар едәуір көбейтілген. Биыл соңғысы 42 мың гектарға егіліп, Қазақстан бойынша қарақұмық дақылдары егілген аумақтың 44 пайызын құраған.
Павлодар облысында ауыл шаруашылығы дақылдары 1,5 миллион гектардан астам жерге себіліп, егілген алқап ауданы 6 пайызға өскен.
Аймақ басшысының баяндауынша, облыстағы экономиканы әртараптандыру ісі агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуеті есебінен жүргізіліп келеді. 2025 жылға дейін өңірде осы саладағы жалпы құны 230 млрд теңгені құрайтын 46 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Оның жартысынан көбі биыл іске қосылады.
«Биыл ауылда құрылыс және абаттандыру бағытында бірден 150 жобаны жүзеге асырамыз. Олардың жартысына жуығы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша іске асырылады. Ауылдардағы әл-ауқаттың негізгі көрсеткіштерінің бірі – сумен жабдықтау. Біз ауыл тұрғындарын сапалы ауыз суға қол жеткізумен қамтамасыз ету жөніндегі жоспарларды жеделдетіп, мәселені 2023 жылы толық шешуге ниеттіміз. Осы жылы сапалы ауыз су 212 мың адамға немесе өңірдегі ауыл тұрғындарының 95 пайызына қолжетімді болады», дейді Әбілқайыр Сқақов.
Business Ertis кәсіпкерлерді қолдау өңірлік бағдарламасы аясында ауылға ерекше көңіл бөлінген. Осы арқылы облыстың әр ауданында бір ауқымды жобаны іске қосып, ауылда шағын, орта, жаңадан бастаған бизнеске күнделікті көмек көрсетілмек. Бұдан бөлек, бағдарламаның тағы бес бағыты бар: кәсіпкерлерге атаулы көмек көрсету, экологиялық, инновациялық және әлеуметтік бастамаларды дамыту, сондай-ақ инвестициялар тарту. Осындай қолдаудың арқасында жыл басынан бері Павлодар облысында шағын және орта бизнес субъектілерінің саны шамамен 350-ге өсіп, сауда көлемі 30 млрд теңгеден асқан. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде 1,5 мыңға жуық кәсіпкер 34 млрд теңгеден астам көмек алды. Жыл соңына дейін кемі 700 жобаға қолдау көрсетілмек.
Ақсу қаласында өзектілігін жоймай келе жатқан жылу проблемасы шешімін тапты деп мәлімдеді аймақ басшысы. Биыл мұнда жаңа жылыту қазандығы іске қосылмақ. Ол орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ету қызметінің сапасын жақсартуға тиіс. Бұған қоса, Ақсуда мұз аренасының құрылысы мен «Заманауи мектеп» аймақтық бағдарламасы бойынша мектептерді жаңарту басталды.
Жыл басынан 1 маусымға дейін өңірде 11,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Оның жартысынан астамы тұрақты. «Еңбек» бағдарламасы аясында облыстың 14 мыңнан астам тұрғыны еңбекке тартылып, жыл соңына дейін тағы 14 мың адам жұмыспен қамтылмақ.
Биыл 1200-ден астам жұмыс орнын ашуға бағытталған 77 жоба іске асырылмақ. Облыс әкімі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен әзірленіп жатқан Екібастұзды дамытудың кешенді жоспарына бөлек тоқталды.
«1,5 мың шамасында ұсыныс қабылданып, 100-ден астам сараптамалық сұхбат өткізілді. Жоспардың негізгі міндеттерінің бірі – көмір өндіруді төмендету және инновациялық технологияларға көшу арқылы Екібастұз экономикасының отын-энергетикалық кешенге тәуелділігін азайту. Есесіне, өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттырамыз. Бюджеттен бөлінген 1 теңгеге шаққандағы инвестиция көлемі 10 теңгеге жетуі керек», деді аймақ басшысы.
Павлодар облысында соңғы бес ай ішінде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5 пайызға өсіп, жалпы құны 1 трлн теңгеден асқан. Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім – 6,3 пайыз. Сыртқы сауда айналымы 20 пайыздан асып, 1,4 млрд долларға жеткен. Алдын ала есеп бойынша екі айда шикізаттық емес экспорт құны – 318,8 млн доллар. Бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 1,4 есе артты.
Облыс экономикасына құйылған қаражаттың көлемі үштен бір есеге артыпты – шамамен 134,6 млрд теңге. Өңірге инвестиция тарту жұмыстары жаңаша бастау алған. Проблемалар мен мүмкіндіктер талданып, инвестициялық штаб құрылған. Бүгінгі таңда облыстың алдағы бес жылға арналған инвестициялық портфелі – 1,9 трлн теңге. Яғни 174 жоба қолға алынбақ.