Аймақтар • 21 Маусым, 2021

Өрттің залалы қысқа мерзімде қалпына келтіріледі

129 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев өрт шыққан Жаңаөзен қаласындағы Қазақ газ өңдеу зауытына арнайы барып, қызыл жалыннан кел­ген залалды қалпына келтіру жұмыстарымен танысты.

Өрттің залалы қысқа мерзімде қалпына келтіріледі

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 16 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен сағат 23:15-те Маңғыстау об­лы­сының Жаңаөзен қаласында орна­лас­қан «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС-ға қарасты компрессорлық цехтың ауа тоңазытқышында өрт шыққан еді. Тосын­нан келген тілсіз жауды өршітпеу үшін де­реу газ беру доғарылып, зауыт та то­­­лы­­­ғы­мен апаттық режімде жұмысын тоқ­татқан.

Оттың тұтануы жөнінде түсінік бер­ген «ҚазГӨЗ» ЖШС директоры Нақбер­ген Төлепов өртті сөндіру үшін шұғыл шаралар қолға алынғанын, оған жеке өрт сөндіру топтары мен ТЖД күш­те­рі және «ҚазГӨЗ», «Өзенмұнайгаз» АҚ қыз­мет­керлері жұмылдырылғанын жеткізді.

Өрт сағат 23:52-де толық сөндірілді. Қайтыс болғандар мен зардап шеккендер болған жоқ. Ал өрт шыққан ауа тоңазытқышының тек көтергіш конструкциясы зақымдалған. Негізгі қондырғыға зиян келмеген.

ҚМГ басшысы Алик Айдарбаев кәсіпорынның технологиялық желісін аралап, өрттен кейінгі қалпына келтіру жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын көрді. Бұдан кейін ол Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары А.Меңдібаевтың, Жаңаөзен қаласының әкімі М.Ибағаровтың, «ҚазГӨЗ» ЖШС, «Өзе­нмұнайгаз» АҚ және «Маң­ғыс­тау­мұ­найгаз» АҚ бірінші басшыларының қатысуымен жиналыс өткізді.

Жиында өрт салдарын жою бойынша қабылданған шаралар талқыланып, осындай жағдайлардың алдын алу жөнінде бірқатар нақты тапсырма берілді.

Бұдан бөлек, кәсіпорында шыққан өрт «Маң­ғыс­таумұнайгаз» АҚ және «Өзен­мұнайгаз» АҚ кен орын­да­рындағы мұнай өн­діру деңгейіне теріс әсер етпегені ай­тыл­ды.

Сонымен қатар Алик Айдарбаев өрт сөндіру кезінде ұйымшылдық танытып, үйлесімді іс-әрекеттерімен тілсіз жауды ауыздықтаған өртке қарсы қызмет маман­да­рына, ҚазГӨЗ, Өзенмұнайгаз ұжым­да­ры­на алғысын білдірді.

«Қазіргі міндет – өрт зардаптарын қыс­қа мерзім ішінде жойып, кәсіпо­рын­ның газды толық қабылдауын қамтамасыз ету», деп атап өтті ол.

Бүгінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-да Басқарма төрағасы Алик Айдарбаевтың төра­ғалығымен жедел штаб жұмыс іс­теп жатыр. Оның құрамына тиісті құ­ры­­лымдық бөлімшелердің қызмет­кер­­лері кірді. Жедел штаб өрттің шығу себеп­те­рін анықтап, зерттеу жұмыстарын жүр­гі­зуде.

Ең бастысы, өрттің салдарынан зауыт қызметкерлері, Жаңаөзен қаласы мен жақын маңда орналасқан елді мекен тұрғындары зардап шеккен жоқ және олардың өмірі мен денсаулығына да қауіп жоқ.