Бұл ретте Цифрлы экономиканы дамыту орталығы Қазақстан үшін аяқ киім шығаратын 45 шетелдік зауытпен келіссөз жүргізді. Олардың көпшілігі Ресей нарығына арналған аяқ киімді бір жарым жылдан бері таңбалап келеді. Тиісінше, Қазақстанға да қол ұшын созуға дайын.
Атап айтқанда, қазақстандық аяқ киім импортының 61 пайызын құрайтын Қытай зауыттарын таңбалау қызметтерінің құны бір жұп үшін 70 теңгеге тең. Түрік зауыттары Қазақстан үшін аяқ киімді 70-100 теңгеге таңбалауға дайын. Италия зауыттарында таңбалаудың ең қымбат қызметі – шамамен 300-400 теңге. Бірақ бұл елден Қазақстанға келетін тауардың көлемі жалпы импорттың 0,3 пайызын ғана құрайды.
Тауарды өндірісте бірден таңбалау – ең қолайлы нұсқа. Бұдан бөлек, импорттаушылардың Қазақстанға өнімді әкелу кезінде кедендік қоймада да таңбалау қызметіне тапсырыс беруге мүмкіндігі бар. Олардың қызметтері импорттаушының жалпы көлеміне байланысты бір жұп үшін 30 теңгеден 300 теңгеге дейін болмақ. Сонымен қатар бұл сомаға жөнелту, сақтау, буып-түю, стикеттеу, сканерлеу және есепке алудың барлық қосымша шығыны кіреді. Орта есеппен өндірушілер мен импорттаушылар үшін таңбалауға байланысты шығындар бір жұп құнының 0,1-2,5 пайызын құрайды.
– Қазір аяқ киімнің таңбалануына байланысты айтарлықтай қымбаттауы мүмкін деген ақпараттық жұмыс жүріп жатқанын көріп отырмыз. Алайда шын мәнінде бұл жаңашылдық бағаға анау айтқандай әсер етпейді. Бәлкім, жылдар бойы «көлеңкелі» айналымда жүріп келген, қазір де «жылы орнын суытқысы» келмейтін жосықсыз кәсіпкерлер жағдайды өз пайдаларына икемдеуге мүдделі. Нарықта заңды түрде жұмыс істейтін кәсіпкерлер цифрлы таңбалауды енгізуді қолдайды. Олар бұл қадам заңсыз тауар нарығын тазартудың ең тиімді жолы, оның адал қатысушыларына нарық үлесін арттыру мүмкіндігі екенін жақсы біледі. Егер нарықтың ресми көлемі жылына 34 млн жұп аяқ киімді құрайтын болса, 18,8 млн адам тұратын Қазақстан үшін бұл көрсеткіш тым аз екені анық, – дейді Цифрлы экономиканы дамыту орталығының бас директоры Бикеш Құрманғалиева.
Осы орайда отандық аяқ киім өндірушілер цифрлы таңбалауды енгізуді әрдайым қолдап келеді. Қазіргі уақытта аяқ киім тауарлары айналымының құрылымы мынадай: 96 пайызы – импорт, ал 4 пайызы – ішкі өндіріс. Ішкі нарықтың дамуы аяқ киімнің «көлеңкелі» айналымын айтарлықтай шектейді.
Б.Құрманғалиеваның пікірінше, цифрлы таңбалауды енгізу – нарықты контрафактіден тазартудың ең тиiмдi жолы. Ресми мәліметтер бойынша, контрафактілер қазір нарықтың 48,5 пайызын құрайды. Сондықтан таңбалау аяқ киімнің әр жұбын анықтауға және оны адам факторының әсерінсіз тауарлық тізбектен қадағалауға мүмкіндік береді.
Тауарға Data Matrix коды бар стикер немесе заттаңба орнату қажет болады. Data Matrix коды тікелей аяқ киімге, сондай-ақ тауарлық белгіге немесе тұтынушы қаптамасына қолданылуы мүмкін. Жаңа цифрлы белгі сатып алушы үшін өнімнің заңдылығын растайды. Тұтынушы кодты арнайы мобильді қосымшамен сканерлеп, өнім туралы толық ақпарат алып, оның заңдылығын тексере алады.