Сөйтсек, газет бетінде айтқан өкпе-назымызды елегендер де, елемегендер де бар болып шықты. Өкінішке қарай, кей елдер әлі күнге дейін қазақ тілінде ақпарат таратуға немқұрайды қарайтын сияқты. Мәселен, Оңтүстік Корея елшілігі сайтында қазақ тіліне орын бермеген. Бұл елді ерекше атауымыздың өз себебі бар. Кеңес Одағы тұсында корейлердің Қазақстанға күштеп қоныс аударылғаны мәлім. Сол заманда өздерін пейілі дарқан қазақ халқының бауырына басқанын корейлер әлі күнге ризашылықпен әңгімелейді. Талай тағдыр тауқыметін көрген ата-бабаларымыз тағдырлас халықтың қайғы-қасіретін терең түсінді.
Қазіргі таңда қазақстандық корейлер тату-тәтті өмір сүріп, жергілікті ұлтпен етене араласып кеткен. Мемлекетіміздің даму жолында тер төккен корейлер жетерлік. Мәселен, бес дүркін Олимпиада чемпионы Нелли Кимнің ел спорты үшін сіңірген еңбегі орасан. Мәнерлеп сырғанаушы марқұм Денис Тен Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Жамбылдың жампозы Алексей Ни талай жыл ауыр атлетика құрамасын баптап, көк байрақты көкте желбіретуге мол үлес қосты. Бұлардың бәрі – Қазақстандағы корей диаспорасының өкілдері. Тек осындай тарихи байланысқа қарамастан, Оңтүстік Корея дипломаттары сайттарында қазақ тіліне тілімдей «жер» тауып бере алмапты.
Ресейдің Қазақстандағы елшілігінің сайтынан да қазақ тіліндегі мәліметті емге таппайсыз. Бүкіл дерек не орысша, не ағылшынша жазылған.
Былай қарасаңыз, Ресей – Қазақстанның стратегиялық серіктесі. Екі мемлекеттің қарым-қатынасы өте тығыз. Бүкіл салада ынтымақтастық орнаған. ТМД, Еуразиялық экономикалық одақ секілді экономикалық және қауіпсіздік мақсаттарындағы көптеген аймақтық ұйымға мүше. Мемлекеттер басшылары да жиі-жиі кездесіп, өзекті мәселелерді талқылап отырады. Жыл сайын мыңдаған азамат арлы-берлі ағылып жатады.
Екі елдің осындай қарым-қатынасына қарамастан, елшіліктің қазақ тілінде ақпарат таратпауы түсініксіз. Ресей мұхиттың арғы бетінде жатқан ел емес. Шекарамыз шектесіп жатқан көрші мемлекет. Тілге құрмет – елге құрмет екенін ескерсек, Ресейдің Қазақстандағы елшілігі қазақ тілінде мәлімет бермеуі ненің белгісі деген сауал туындайды.
Қазақстан және Қытай арасындағы қарым-қатынастың да тамыры тереңге кеткен. Онда миллионға жуық қандасымыз тұрады. Елімізде қытайлық компаниялар кәсібін жүргізіп отыр. Сауда-экономикалық байланысымыз жылдан-жылға нығайып келеді. Осыған қарамастан, шығыстағы көршіміздің де дипломатиялық сайты орыс тілімен шектелген.
Ал шетелдерде тұратын қандастарымыз әдетте орыс тілін біле бермейді. Олар өздері тұрған елдің тілі мен ана тілімізді ғана меңгерген. Ендеше, миллионға жуық қазақ мекендейтін Қытай елшігінің қазақ тілінде мәлімет бермеуі ақылға қонбайды.
Жапония елшілігі де қазақ тіліне шорқақ екен. Сайтынан мемлекеттік тілдегі бірде-бір мәлімет таппадық. Былай қарасаңыз, қазақтарды басқа-басқа жапондар жақсы түсінуі тиіс. Олар секілді біз де ядролық қарудың зардабын қатты тарттық. Әлі күнге ниппондар елі Хиросима мен Нагасакиге тасталған бомбаның зардабын тартып келсе, Қазақстан Семей полигонының тауқыметінен құтылған жоқ.
Таяуда ғана Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Жун Ямада Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім грамотасын тапсырды. Ендеше, дипломатиялық қызметіне жаңа кіріскен Ямада мырза осы олқылықты жойып, қазақ тіліне көңіл бөледі деген ойдамыз.
Сайтын қазақша сөйлетуді жөн көрмеген елшіліктер тізімі мұнымен бітпейді. Испания, Израиль, Италия секілді азуын айға білеген мемлекеттердің Қазақстандағы өкілдігі сайттарында да қазақ тілінде жазылған мәлімет жоқ. Иран, Сауд Арабиясы, Үндістан, Пәкістан секілді ынтымақтастығымыз жарасқан мемлекеттердің дипломатиялық корпусы да қазақшаны қатырмаған. Тіпті түбіміз бір деп есептейтін Түркия, Венгрия және Қырғызстан елшіліктері де сайттарын орысша сөйлетіпті.
Қазақстан тәуелсіздігін алғаш мойындаған бауырлас Түркия мемлекеті екені белгілі. Оның үстіне, Анадолы өткен ғасырда бас сауғалап барған қазақтарды құшақ жайып қарсы алып, бөлек ауыл етіп шығарғаны мәлім. Сондықтан шығар, қазақтар үшін түрік «кардешлер» өте жақын.
Мажарларды да қазақтар өз бауырындай көреді. Мәселен, қазір футболдан өтіп жатқан Еуропа додасында Венгрия мен Түркияға жанкүйер болатын қазақтар саны жетерлік. Мұның бәрі халықтарымыздың бір-біріне құрметін көрсетсе керек. Осындайда елшіліктердің ана тілімізде ақпарат таратпауы көңілге кірбің ұялатады.
Көршілес Қырғызстан да бізбен біте-қайнасып кеткен. Шекара маңындағы ағайындардың ауылы аралас, қойы қоралас болып кеткелі қашан. Ыстықкөлге бара қалсаңыз, демалып жатқан қазақтар көп. Еліміздің түкпір-түкпірінде айыр қалпақты ағайындарымыз еңбек етіп, нәпақасын тауып жүр. Осының бәрін ескере келе, Қырғызстан елшілігі сайттарында қазақ тілінде арнап ақпарат ұсынса, артықтық етпес еді. Оның үстіне, қазақ тілі мен қырғыз тілі өте ұқсас. Ендеше, қазақша мәлімет тарату елшілік үшін қиындық туғызбайтыны анық. Бауырлас ел дипломаттарының ана тілімізге құрметі осындай болса, мұхиттың арғы жағындағы Бразилия, Канада секілді мемлекеттерден қазақша мәлімет сұрау ұят секілді.
Қазақ тіліне бүйрегі бұрмайтындар саны мұнымен аяқталмайды. Елімізде жұмыс істеп жүрген кейбір халықаралық ұйымдар да жергілікті халықтың ана тілінде ақпарат таратуға асығар емес. Мәселен, ЮНЕСКО-ның Қазақстандағы өкілдігінің сайтында ағылшын және орыс тілдерінде ғана мәліметтер бар.
Алыстан ат терлетіп келген шетелдіктерден қазақшаға судай ағып тұруды талап ете алмаймыз. Алайда жергілікті халықтың тілін жетік меңгерген маман жалдап, сайттағы қателерді түзету немесе қазақша қызмет көрсету аса қиын шаруа емес. Ендеше, елшіліктердің бұл әрекетін бейқамдыққа балаймыз ба, әлде қалай? Қазақстанда дипломатиялық қызмет атқарып жүргендер «тоғызыншы территорияның» негізгі түп қазығын құрайтын халықтың дәстүрі мен тілін құрметтеуі тиіс емес пе?!
Әділін айту керек, халықаралық ұйымдар ішінде қазақшаға судай ағып тұрғандары жетерлік. Мысалы, БҰҰ-ның негізгі сайты қазақ тілінде сайрап тұр. Халықаралық түркі академиясының қазақша нұсқасынан қажетті мәліметтің бәрін табуға болады.
Сондай-ақ кей елдердің елшіліктері қажет мағлұматтардың бәрін қазақ тілінде тізіп қойған. Мәселен, Франция елшілігі сайттарында мемлекеттік тілімізге ойып тұрып орын беріліп, сапалы әрі мазмұнды ақпаратқа толып тұр.
Үш жыл бұрын Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігі орыс және ағылшын тілімен шектелгеніне қынжылыс білдірген едік. Ағылшындар біздің назымызды ескергені шығар, қазір елшіліктің сайты қазақша сөйлеп тұр. Іздеген ақпаратыңызды ана тілімізде оп-оңай таба аласыз.
Елімізде Төтенше және өкілетті елші қызметін атқарған Майкл Гиффорд 2020 жылғы желтоқсанда Тұманды Альбионға оралды. Оның орнына Кэти Лич келмек. Лич ханым дипломатиялық қызметіне жаздың соңына таман кіріседі. Қазіргі таңда ол «тоғызыншы территорияда» тер төгу үшін қазақ тілі курсына қатысып жүр.
Осыдан үш жыл бұрын Германияның Қазақстандағы елшілігінің сайтында қазақша мәлімет жоқ еді. Қазіргі таңда бүкіл ақпаратты ана тілімізде табуға болады. Бұл ұқыптылықты жаны сүйетін неміс халқының елімізге құрметін айғақтайды.
Жалпы, қазақ халқы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Ұлы далаға жер аударылған немістерді құшақ жая қарсы алып, барымен бөліскені тарихтан мәлім. Сол кезден басталған достық қатынас бүгінге дейін жалғасып келеді. Қазіргі таңда Қазақстан мен Германия арасындағы әріптестік нығайып, қанат жайған.
Сондай-ақ қазақ пен неміс халықтарының қатынасы туралы сөз болғанда ең әуелі жазушы, қоғам қайраткері Герольд Бельгердің есімі еске түседі. Көзі тірісінде Гераға қазақ тіліне құрметін «Қазақ тілі үшін барымды беруге дайынмын. Менің рухани тірегім Абай Құнанбайұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мұхтар Әуезов. Қазақ тіліне үңілген сайын тереңдей түстім», деп айтып отыратын.
Тарихи байланысының тамыры тереңге кеткен екі халықтың достығы келешекте де қарыштап дами беретініне сенімдіміз. Осы орайда, кезінде газетімізде жарияланған мақаланы ескеріп, қазақ тілінде ақпарат таратуға көшкені үшін Төтенше және өкілетті елші Тило Клиннерге ризашылығымызды білдіреміз.
Абайдың тіліне америкалықтар да ықыласты. Сайттарында дүркін-дүркін қазақша мәлімет таратады. Бұған дейін АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі болған Джордж Крол мырзаның елімізге құрметі өте жоғары еді. Ол өзі бас болып мерекелерде ана тілімізде құттықтау жолдап отыратын.
Қазіргі елші Уильям Х. Мозердің де қазақ тіліне құрметі жоғары. Мәселен, Уильям мырза мерекелерде қазақстандықтарды ана тілімізде құттықтайды. Былтыр коронавирус пандемиясы кезінде бүкіл әлем үйге тығылғанда, У.Мозер қарап жатпай қазақ тілін жетік меңгеріп шықты. «Бүгінгі таңда қазақ тілі адамдар арасындағы күнделікті қарым-қатынас тіліне айналғанын көріп отырмын», деп ағынан жарылады елші.
Бауырлас әзербайжандар да ана тілімізге ерекше көңіл бөлген. Айта кетерлігі, олардың сайттары әзербайжан және қазақ тілінде ғана жүргізіледі екен. Осыдан-ақ бауырлас мемлекеттің елімізге деген ыстық ықыласын аңғару қиын емес. Өзбекстан елшілігінің сайты да қазақшаға судай ағып тұр. Талай мәрте тілдік түйткілді басынан өткерген Латвия және Бельгия елдерінің дипломатиялық сайттары да қазақша сөйлейді.
Шүкір, бүгінде Қазақстан халқы 19 миллионға жақындап қалды. Ресми мәліметке сүйенсек, соның 89 пайызға жуығы қазақша біледі екен. Яғни халықтың басым бөлігі мемлекеттік тілімізде сөйлейді. Оның үстіне, ауыл тұрғындары (халықтың 47 пайызы) мен шетелден келген миллионға жуық қандасымыз қазақ тілін ғана білетіндігін, орысша түсінбейтінін ескерсек, ана тіліміздің өзектілігі анық аңғарылады.
Қорыта айтқанда, Дипломатиялық қатынастар туралы 1961 жылғы Вена конвенциясында дипломатиялық миссия қабылдаушы мемлекеттің экономикалық, мәдени және ғылыми байланыстарын нығайтуға күш салатыны айтылған. «Тілге құрмет – елге құрмет» екені басы ашық мәселе. Ендеше, шетелдік дипломатиялық миссия өкілдерінің ана тілімізге құрметі екіжақты қарым-қатынас орнатуда маңызға ие. Дипломатиялық миссиялардағы тіл мәселесін қозғағанымызға үш жыл болса да, әлі күнге дейін кемшіліктің орнын толтырмаған елдер бар.
Екіжақты әріптестік мемлекеттің негізгі құндылықтарын құрметтеуден басталатын ескерсек, жоғарыда аталған шетелдік дипломатиялық корпус өкілдері ана тілімізге бет бұрады деп үміттенеміз.