Өнер • 21 Маусым, 2021

Астана Опера театры елорда күніне мерекелік бағдарлама әзірлеп жатыр

164 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Астана Опера» театры елорда күніне орай ауқымды мерекелік бағдарлама әзірледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Астана Опера театры елорда күніне мерекелік бағдарлама әзірлеп жатыр

Қала тұрғындарына арналған жарқын сыйлардың бірі – әлемнің 5 елінен келген атақты әртістердің қатысуымен Г.Доницеттидің «Дон Паскуале» операсының тегін көрсетілімі.

Солистер «Астана Опера» театрының сахнасында ғана емес, сондай-ақ ашық алаңдардағы өнер көрсетулеріне де белсенді дайындалуда. Осылайша, көрермен қауым өз басымдықтарын опера, балет немесе концерт жанрына бере алады.

Астана күнін мерекелеу аясында 4 шілде сағат 18:00-де театрдың Үлкен залы сахнасында «Астана Опера» Халықаралық опера академиясының ашылуына орай салтанатты Гала-опера өтеді.

Концертке Марианджела Сицилия, маэстро Джузеппе Акуавива, Франческо Мели, Маттиа Росси (Италия), Либуше Санторисова (Чехия), Алексей Шаповалов (Ресей), Бадрал Чулуунбаатар (Моңғолия), Саян Исин (Қазақстан-Қырғызстан), Бауыржан Әндержанов (Германия-Қазақстан), Медет Чотабаев, Жұпар Ғабдуллина, Салтанат Ахметова (Қазақстан) және т.б. әлемдік әрі қазақстандық өнер жұлдыздары қатысады.

Орындаушылардың жұлдызды құрамы Орталық қалалық саябақтағы Амфитеатр сахнасында да өнер көрсетеді. «Астана Опера» театры ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігімен бірлесіп, 5 шілде сағат 20:00-де Гаэтано Доницеттидің екі бөлімді «Дон Паскуале» операсын ұсынады.

Басты партиядарды орындаушылар: Норина – Либуше Санторисова (Чехия), Эрнесто – Эцуо Дои (Жапония), Малатеста – Алексей Шаповалов (Ресей), Дон Паскуале – Антуан Бернхейм (Швейцария), Карлито – Ерұлан Кәмел. Дирижер – Коррадо Вальво (Италия). 

«Бұл менің осындай дарынды халықаралық әншілер құрамымен алғашқы ынтымақтастығым. Ашық аспан астында өнер көрсету кезінде ең қиыны – әншілер мен оркестр арасындағы теңгерімді табу», деп атап өтті маэстро Коррадо Вальво (Италия). 

6 шілдеде Орталық қалалық саябақтағы амфитеатр сахнасында мерекелік Гала-концерт өтеді, онда «Астана Опера» театрының жетекші опера солистері, хор әртістері мен симфониялық оркестрінің орындауында қазақстандық авторлар мен батыс еуропалық классик композиторлардың танымал опералық ариялары мен дуэттері, аспаптық әрі хорға арналған шығармалары шырқалады.

Мерекелік 6 және 7 шілде күндері «Астана Опера» Үлкен залының сахнасында афишаға екі бірдей қойылым – «Күміс ғасыр балеттері» топтамасынан М.Фокиннің хореографиясындағы Ф.Шопеннің музыкасына «Шопениана» мен Н.А.Римский-Корсаковтың музыкасына «Шехеразада» бір бөлімді балеттері енгізілді.