Оқиға • 21 Маусым, 2021

Алматыда «Түркітану тарланы» атты ғылыми-конференция өтті

601 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алматыда Халықаралық Түркі академиясы мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұйытқы болуымен көрнекті түрколог, филология ғылымдарының докторы, көне түркі руна жазуының білгірі Ғұбайдолда Айдаровтың туғанына 100 жыл толуына орай «Түркітану тарланы» атты халықаралық онлайн конференция өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда «Түркітану тарланы» атты ғылыми-конференция өтті

Суреттерді түсірген: Марат Жүнісбеков

Адамзаттың алтын дәуірінің айшықты мұрасына баланатын көне түркі ескерткіштері мен түркі тілдерінің тарихы туралы сөз қозғағанда Ғұбайдолда Айдаровтың есімі ойымызға ең алдымен оралады. Бабалар сөзін барлаған ғалымның кейінгіге қалдырған мол мұрасы күні бүгінге дейін өзектілігін жоймай, түркология саласының кең тыныс алуына серпін беріп келеді. Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Түркия, Башқұртстан секілді бауырлас елдер ғалымдарын бір арнада тоғыстырған келелі жиында ғалымның ғылымдағы дара жолы кеңінен айтылды.  

Іс-шараны жүргізген Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі түгел түркінің тұтастығын көксеген қайраткердің қажырлы еңбегіне тоқтала келе, Ғ.Айдаровтың Түркі академиясы басып шығарған «Язык орхонских памятников древнетюркской письменности VІІІ века» атты еңбегін таныстырды. Бүгінде табыла бермейтін сирек кітапқа айналған іргелі еңбек араға 50 жыл салып қайта басылып отыр. Оқырманға жол тартқан жаңа басылым Орхон өзені аңғарынан табылған көне түркі жазба ескерткіштері тілін фонетикалық, лексикалық, морфологиялық және синтаксистік тұрғыдан жан-жақты талдап, қазіргі түркі халықтары тілдерімен сабақтастығын ашып көрсетеді. Автор өз зерттеуіне Тоныкөк, Күлтегін, Білге қаған, Онгин, Кули-Чор қатарлы маңызды ескерткіш мәтіндерін арқау еткен. Кітаптың соңында бірқатар ескерткіштердің мәтіні, транскрипциясы мен орыс тіліне аудармасы, грамматикалық форма көрсеткіштері және шағын сөздігі қоса берілген.

Алқалы жиынды ашқан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев осынау іргелі еңбектің ғалымның мерейтойы қарсаңында жарық көруінің символикалық мәні ерек екеніне тоқталып, Ғ. Айдаровтың ғылымдағы кең тынысы туралы баяндама жасады.

Ғұбайдолла Айдаров осыдан он ғасыр бұрын тасқа таңбаланған тарихымыз - Орхон-Енисей, Күлтегін, Тоныкөк жазуларының құпиясын алғашқылардың бірі болып ашып, келешеке аманат етуге өлшеусіз еңбек сіңірді. Сол арқылы халқымыздың тарихи жадын қайта жаңғыртуға, тіліміздің терең тамырлы ежелгі тарихынан бүгініне дейінгі кезеңіне жол ашып, тасқа қашалған таңбалардан қазақтың алғашқы мемлекет құрған дәуренін дүйім жұртқа әйгілеп берді. Тіл тарихы екінің бірі батылы жетіп бара бермейтін күрделі ғылым екендігін ескерсек, сан қатпарлы тарихтың тылсым сырын ашқан сындарлы ғалымның ғылыми мұрасы, жазған еңбектері бүгінде баға жетпес құндылық екенін мойындауымыз керек. Ол - түркітанушы, тіл ғылымының түркология саласында өзіндік зерттеу мектебін ашып, исі қазақтың жаратылысындағы өркениеттің, жазба тарихының тым әріден бастау алатынын дәлелдеп берген ғалым-зерттеуші. Ұлтжанды арыстарымыздың ұлағатты тағылымынан тәлім алып, халқымыздың жалпы түркілік тарихи танымына тереңдей бойлауға ұмтылған ғалымдар шоғыры арасында Ғұбайдолла Айдаровтың қашанда тұғыры биік, – дейді Жансейіт Түймебаев.

Көрнекті түрколог Осман Фикри Серткая, Әзербайжан Ұлттық Ғылым академиясы Нахчыван филиалы, Өнер, тіл және әдебиет институтының директоры Абулфаз Кулиев, Қырғызстандағы Манас атындағы университеттің профессоры Қадырәлі Қоңқабаев, Ресей Ғылым академиясы Уфа ғылыми орталығы Тарих, тіл, әдебиет зерттеу институтының ғылыми жетекшісі Фирдаус Хисамитдинова, жазушы Смағұл Елубай, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова,Ерден Қажыбек, Нұргелді Уәли сынды белгілі ғалымдар баяндама жасаған конференцияда Ғ.Айдаровтың өмір тынысы ғана емес, жаһандық түркологияның өзекті мәселелері сөз болды.

Өз кезегінде бауырлас елдің ғалымдары заманында Ғ. Айдаровтан тәлім алғанын, оның еңбектері күні бүгінге дейін түркі тілдерін зерттеудің ізашары ретінде пайдаланылатынын алға тартты. Білімпаз ғалым түркі тілінің оғыз, қыпшақ тобын қатар игергендігі сондай, әзербайжан, түрікмен тілдерін де жетік білген. Айдаровтың қаламынан туған 250-ден астам ғылыми-зерттеу еңбектері үлкен ізденістердің жемісі. Осынау зерттеулердің ішінде 10 монография мен жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған оқулықтар сынды көлемді де кешенді дүниелер бар. Шараға зиялы қауым өкілдерімен қатар ғибратты ғұмыр иесініңжақындары мен туыстары қатысты. Халықаралық Түркі академиясы тарапынан ғалымның қызы Сәуле Ғұбайдоллақызына құрмет көрсетілді.

Конференция барысында Ж. Түймебаев әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің филология факультетінің қабырғасынан түркология кафедрасын ашу туралы бастаманы қолға алғанын айтты. Жиынға қатысушылардың сөзінше, аталған кафедра терең тамырлы түркі дүниесін індете зерттеуге жол ашып, ғұлама ғалымның ғылыми мектебін желісін үзбей жалғастыруға жол ашпақ. Ғылыми конференцияда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Халықаралық Түркі академиясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл іргелі ұйым мен білім ошағы арасындағы рухани байланысты нығайтып, дәстүр сабақтастығын жалғауға серпін бермек.