Соған қарамастан жыл өткен сайын Қызылорда облысы аумағында тілсіз жаудың құрбанына айналғандар азаяр емес. Әсіресе биыл олардың қатарында балалардың көптігі байқалады. Жыл басынан бері 19 адам суға кетсе, оның 13-і бала. Салыстыру үшін айта кетейік, былтыр осындай оқиға 39 адамның өмірін жалмаған, оның 11-і кәмелетке толмағандар еді. Екі жыл бұрын су құрбанына айналған 26 адамның оны бір-бір шаңырақтың үміті болатын.
Мамандардың дерегіне сай, Сырдария өзені мен 19 ірі, 220 шағын канал, екі жүзден астам көлдің бойынан 64 қауіпті учаске анықталып отыр. Бұл аумақтарда шомылуға тыйым салынған. Бірақ торғай миын қайнататын ыстықта сабат жағасынан сая іздейтіндердің ондай ескертулерді елей бермейтіні тағы бар.
Мамыр айының басында облыс әкімінің төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өткізіліп, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдіктеріне және тиісті мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берілген.
Жергілікті басшыларға жүктелген жұмыстың негізгісі жергілікті кәсіпкерлерді тарта отырып талаптарға сай коммуналдық жағажайлар ашу. Сонымен қатар суға шомылатын орындарды түгендеп, нақты иеленушіге бекітіп беру, адамдар көп шоғырланатын орындарда судағы қауіпсіздікті сақтау туралы арнайы билбордтар орналастырып, ЛЭД экрандар арқылы судағы қауіпсіздік туралы бейнероликтер көрсету, тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, рейдтер ұйымдастыру да тапсырылған. Оқушылар мен студенттерге, олардың ата-аналарына қауіпсіздік шаралары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, балалардың жазғы тынығу лагерьлерінде судағы қауіпсіздік шараларын қатаң бақылауға алу, жұмыссыздар есебінен жазғы маусымда қоғамдық құтқарушыларды іріктеп, жұмысқа тарту және жедел құтқару жасақтарынан дайындықтан өтуін ұйымдастыру да ұмыт қалмауы тиіс.
Қазір Қызылорда қаласы және аудан әкімдіктері суға түсуге қауіпті аймақтарға 188 ескерту тақтайшасын орнатқан. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті тарапынан күнделікті сағат 15:00-ден кешкі 22:00-ге дейін рейд ұйымдастырылып отыр.
Жақында өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Асхат Тоғызбаев осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды саралап өтті. Басқарма бастығының айтуынша, қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзған 17 адамға шара қолданылыпты.
Онлайн режімде мектеп оқушыларына «Судағы (мұздағы) қауіпсіздік ережелері», «Суда (мұзда) зардап шегушілерді құтқару, дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдері» бойынша 7 интерактивті сабақ өткізілген. Осылайша, тиісті орындар қауіптің алын алуға, ел арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуге барын салып-ақ жатыр. Әйтсе де бұл суға кеткендердің санын азайтуға сеп болмай тұр.
Суға түсу маусымында жиі өтетін брифингтердің бірінде мамандар айтқан мына дерек мәселеге шындап назар аудару керектігін көрсетеді. Мамыр айының соңында журналистермен жүздесуде Қызылорда облысы ТЖД бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Бауыржан Ізбасаров 7 мамыр күні Сырдария ауданы, Амангелді ауылы аумағындағы «Жетікөлжарма» каналына 2009 жылы туған жасөспірімнің батып кеткенін айтты. Осы оқиғадан 9 күннен кейін Жанақорған ауданы, Қандөз ауылдық округінде екі жасар сәби арыққа құлап, тұншығып өлген. Қаралы тізімге 24 мамыр күні Қызылорда-Жезқазған күре жолы бойындағы Сталин каналына батып кеткен 10 жасар бала қосылды. Келесі күні облыс орталығына жақын Қарауылтөбе ауылында сегіз жасар бала Байқадам каналына құлап кетіп, денесі көп күннен кейін табылды. Жиырма алтыншы мамырда Қызылордадағы Тасбөгет шағын ауданында тұратын 2007 жылы туған жасөспірім Сталин каналына шомылу кезінде суға кетіп, бір отбасы аһ ұрып қалды. Бұл тек бір айда суға кеткен балалар жайлы дерек. Мұның кейбірін оқыстан болған оқиға делік, ал шомылуға арнайылап барып, сүңгіп кетіп қайтадан шықпай қалған балалардың обалы кімге?
Жалпы, саусақ бүгіп санамалай берсек, оқыс оқиғалардың себебі тым көп. Мамандар солардың арасынан балаларды қараусыз қалдыру, ересек адамдардың суға спирттік ішімдік ішіп түсуі жиілеп отырғанын айтады. Бірақ ең басты себеп – арнайы жабдықталған жағажайдың жоқтығы екенін жасырудың жөні болмас. Қазір Қызылорда қаласы мен оған жақын Белкөл кентінде ғана осындай ақылы арнайы орындар бар. Жыл сайын айтылып, жиілете жиын өткізіп, түйдектете тапсырма беріліп келе жатқанымен аудандарда бұл мәселе әлі сол мұрты бұзылмаған күйінде мызғымай тұр. Әрине, қалада болсын, ауданда болсын бассейні бар ақылы демалыс орындары аз емес. Бірақ оларға күнделікті баруды екінің бірінің қалтасы көтере бермейтіні анық. Осыдан кейін бала шіркін үлкендердің көзін ала беріп, тегін суға тартып кеткісі келіп тұрады. Сондықтан да балаларға бақылау жасамады деп жазғырғаннан гөрі билік тарапынан олардың жазда емін-еркін шомылуына жағдай жасалғаны дұрыс болар еді. Көп жылдардан бері айтылып келе жатқан тегін жағажай ашу мәселесі биыл облыс орталығында қолға алынбақ. Жуырда Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаев осындай жаңалықты жария етті.
– Облыс орталығындағы «Эдельвейс» саяжайы аумағынан ашылады. Ең алдымен қауіпсіздік мәселесіне назар аударып отырмыз. Халыққа тегін қызмет көрсететін жағажай жақын уақытта өз жұмысын бастайды, – деді қала әкімі.
Берілген тапсырма аяқасты қалмай талапқа сай коммуналдық жағажайлар ашу аудандарда да қолға алынса құба-құп. Жергілікті әкімдер осыны ұтырын тауып, ұйымдастыра білсе, жыл сайын қайталанатын жазатайым оқиғалар да азаяр еді.