Аймақтар • 22 Маусым, 2021

Күрмеуі қиын мәселе – күре жолда

565 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Шыдамның да шегі бар. Жолаушылар Қалбатау – Көкпекті арасындағы уақытша түскен айналма жолды 15 күн ішінде жөндеп, 30-40 тонналық жүк көліктерін тоқтатуды талап етті. Егер белгіленген мерзім ішінде уақытша жол тегістелмесе, таксишілер жолды жабуға дайын екенін ескертті. Бұл – Омбы-Майқапшағай тасжолы бағытындағы Қалбатау мен Зайсан арасындағы реконструкцияланып жатқан жолдың бойы. Жолаушылар Байбура асуынан бастап, Қалбатауға дейінгі 60-70 шақырымды екі, екі жарым сағат жүреді екен. Жол құрылысына байланысты салынған айналма жолмен жүру қиямет-қайым деседі таксишілер.

Күрмеуі қиын мәселе – күре жолда

Айналма жолдың әлегі

– Жолдың құрылысында шаруамыз жоқ, межелеген уақытында аяқтаса болды. Бізге қазір айналма жолды тегістеп берсе дейміз. Содан соң жолдың ойранын шығаратын 30-40 тонналық ауыр көліктердің жүруіне шектеу қоюын талап етеміз. Әйтпесе, табысымыздың көбі көлік жөндеуге кетеді. Уақытша жол болғанымен, қаншама халық жүріп жатыр. Мынау күннің ыстығында шаң жұтып, солқылдап жеткенше діңкең құриды. Ескертіп айттық, 15 күн ішінде талабымызды орындайтын шығар, – дейді көкпектілік таксиші Серікбай Ырсымбетов.

Аталған айналма жолдың сапасы көкпектіліктер үшін ғана емес, Зайсан мен Тарбағатайға қатынайтын жүргізушілерге де кедергі келтіріп тұр. Дені сау адамның дел-салын шығаратын жол жедел жәр­демдегі науқастарға қалай әсер етер екен?! Жол салудың жөні осы екен деп, уақытша жолға атүсті қарауға әсте болмайды. Бір күн болсын, халықтың жүрер жолы. Сондықтан қиыршық тасын төгіп, суын сеуіп отырған абзал. Ал ауыр жүк көліктері ережеде белгіленген салмақтан асырса, жүруіне тыйым салынуы керек шығар. Бұл бойынша құзырлы органдар жұмыс бастап та кетіпті.

Облыс бойынша «Көліктік бақылау инспекциясы» мамандарының хабарлауынша, Шығыс Қазақстан аумағында жүк көліктерінің жүріп-тұруын қада­ғалауға екі жылжымалы бақылау бекет­і жұмылдырылған. «Қалбатау – Жаң­ғызтөбе – Өскемен» бағытындағы жол учаскелерінде инертті материалдарды тасымалдау, тиеу кезінде белгіленген нормаларды сақтау бойынша тұрақты бақылау орнатылыпты.  Ереже бұзылған жағдайда көлік инспекциясының мамандары Кодексте көзделген шараларды қолданады. Алайда облыс көлеміндегі екі жылжымалы бекет барлығын бірдей қадағалап үлгеруі екіталай. Оның үстіне Қазақстан бойынша шақырымдарға созылып жатқан ең ұзақ жол – Шығыста. Көп жылдан бері жөндеу көрмегені де сондықтан шығар.

 

Боғас пен Майқапшағай арасындағы жол ашылады

Осы орайда шаңы көкке көтеріліп жатқан айналма жолдар мәселесін алға тартып, «ҚазАвтоЖол» АҚ ШҚО филиа­лының директоры Ерлан Қалымовқа хабарласқан едік. Ол атқары­лып жатқан жұмыстармен қатар, азды-көпті мәсе­лелердің де басын ашып айтып берді.

– Облыста Өскемен-Талдықорған, Омбы-Майқапшағай бағытындағы кү­ре жолдар жаңартылып жатқанын біле­сіздер. Қалбатаудан Зайсанға дейінгі 415 шақырымға Қытайдың «Син-син» және өзіміздің «ҚазГерСтрой» компаниялары қайта жаңарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. «ҚазГерСтрой» жұ­мысшылары Боғастың бұрылысына дейін жол салса, одан әрі Майқапшағай шека­расына дейін қытайлық компания өз мойындарына алған. Алайда қазақстандық компанияның қаржылық жағдайы нашарлап, өз іштерінде қыл­мыстық іс қозғалған көрінеді. Бір жа­ғынан шекараның жабылып қалуына байланыс­ты техникаға тетіктер де жетіспеді. Бірақ қазір жұмыстарын бас­тады. Қаражат алды. Жалпы ке­лі­­сім­шарт қытайлық компания­мен жа­салғандықтан, көзделген жоба уақы­тылы аяқталуы тиіс. Биыл Боғас пен Майқапшағайдың ортасындағы жол ашылады. Асфальт жамылғысы төселеді. Ке­лесі жылдары жол белгілерін, аялдамалар, жылы дәретханалар орнатамыз, – дейді филиал директоры Е.Қалымов.

«ҚазАвтоЖол» АҚ филиалының өкілдері тасжолдарда ауыр көліктердің жүруіне шектеу қою бойынша құзыретті органдармен бірлесіп, жұмыстар жүргізіп жатыр. Мамандардың айтуынша, күре жолдардағы бір оське түсетін салмақ 11 тоннаға шақталған. Қазіргі таңда ағылып жатқан ауыр көліктер тек карьерде жүруге арналған. Е.Қалымовтың айтуынша, ауыр көліктер Қалбатау мен Көкпекті арасындағы Байбура маңы­нан алтын кенін Белоусовкадағы фабрикаға жеткізеді. Алдағы уақытта ауыр көліктердің қа­тынасы үшін қазіргі айналма жол қалады. Ол мәселе бо­йынша компаниялармен меморандум жасалды.

Бүгінгі таңда «Нұрлы жол» бағдар­ламасы аясында салынып жатқан күре жолдың Өскемен мен Қалбатау арасына асфальт түсті. Естеріңізге сала кетсек, жоба 2022 жылы аяқталады.

 

 Жол сапасын сіз де қадағалай аласыз

Оңтүстік облыстар мен Өскеменді, Қытай мен Ресейді жалғап жатқан жолдар 2 санатты. Яғни бір бағытта екі жолақ болады. Мұның бәрі көліктің қарқынына байланысты жобаланған. Жиырма жылдан кейін көлік көбейсе, жанына тағы бір жолақ түседі. Ал сапасын арнайы мамандар қадағалап отыр. Атап айтсақ, ZS ENGINEERING ЖШС Өскемен-Талдықорған бағытына бас-көз болып, сапасын назарда ұстап отыр. Сонымен қатар «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының» қадағалауы бар. Бұдан өзге де қадағалаушы органдар аз емес. Соған қарай ертеңгі күні жол сапасы сын көтермей жатпаса игі. Айтқандай, жол құрылысы жүріп жатқан тұстардың кем-кетігін байқап қалсаңыз, 1403 нөміріне фотосурет, бейнежазба жіберіп, өз үлесіңізді қосуыңызға болады. 

 Орайы келгенде, құрылысы ұзаққа созылған Өскемен-Рахман қайнары бағытындағы жолдың жай-күйін де сұрадық. Анығы, Осинов асуындағы тура жолдың 30 шақырымдай тұсы ор­ман шаруашылығының аумағынан өте­тіндіктен қағаз жұмыстарына байланыс­ты жұмыс тұралап қалған-тұғын. Ендігі кезекте ол мәселе ше­шіліпті.

– Қалған 32 шақырымның жартысын жасап қойдық. Күрделі жоба. Таулы аймақ болған соң ұзындығы 120 метрлік, биіктігі 35-40 метрлік көпір салуымыз керек. Жыл соңына дейін мердігерді анықтап, құрылыс келесі жылы жалғасады. Көпір құрылысының өзі жоба бойынша екі жылға созылады. Ал басқа учаскелерін аяқтаймыз, – деді Е.Қалымов.

Демек Осинов асуындағы тура жол­дың ашылуына екі жарым жылдай уақыт керек. Тура жол түссе, біріншіден қауіп азаяды. Екіншіден жүк көліктері қыстың күні емін-еркін қатынап, алыс елді мекендерде көмір бағасының арзандауы мүмкін. Әйтпесе, серпантин айналмасымен тіркемесі бар жүк көліктері қыстай жүре алмайтын.

Жалпы облыс жолдарының 8 учас­кесінде орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарда тұр. Алдағы уақытта Қалжыр мен Зайсанның ортасындағы 18 шақырым жолдың жамылғысы ауыс­тырылады, Катонқарағай ауылына же­те берістегі 29 шақырымға орташа жөн­деу жұмыстары жүргізіледі және Семей – Қайнар бағытындағы жұмыстар жалғасады. Сонымен қатар Ақсуат пен Аягөз ортасындағы 56 шақырымға асфальт-бетон жамылғысы төселеді. Ертеңгі жоспарда Семей – Өскемен екі ортасы қайта жаңартылады. Биыл жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, келесі жылы жұмыс басталады.

Екі ірі жоба – Өскемен-Талдықорған және Қалбатау-Майқапшағай бағытын­дағы құрылыстар аяқталған соң «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Қара­ғанды-Аягөз арасына жаңа жол түсетін секілді. Одан бөлек Өскемен-Шемонайха, Семей-Барнаул жолдары үлкен реконструкциядан өтеді.

 

Ақылы жолдың ақысы қанша?

«ҚазАвтоЖол» АҚ өкілдерінің мәліметінше, Павлодар – Семей – Қалбатау арасындағы күре жол ақылы болмақ. Құрылыс аяқталып, орташа жөндеу жүргізілгеннен кейін, төлем енгізіп қана жүруіңіз мүмкін.

– «Суық бұлақ» карьері мен Семей арасында 30-40 тонналық көліктер жүреді. Соның салдарынан бүлінген жолдар бар. Сол тұстарға биыл орташа жөндеу жүргіземіз. Ал Семей мен Павлодардың арасы жақсы. Семей – Қалбатау арасы жөнделіп, Майқап­шағайға дейін жол түскен соң ақылы жүйеге өтеді, – деді филиал басшысы.

Айтпақшы, төлем тек жүк көліктері үшін енгізіледі. Жеңіл көліктер баяғы­дай тегін жүре бермек. Бағасын респуб­ликада құрылған жұмыс тобы талқылап, бір тоқтамға келеді. Мәселен, бірінші санаттағы жолдың шақырымы – 25 теңге. Ал екінші санаттағы облыс жол­да­рындағы баға сәл өзгеше болуы ықтимал. Сондай-ақ Талдықорған бағы­­тындағы жолға да дәл осы жүйе енгізілмек. Бұл жүйенің тиімді тұсы, қаржы «ҚазАвтоЖолдың» қазанына тү­сетін көрінеді. Демек жолды күтіп ұстау үшін қаражат бөлудің де оңтайлы тұсы – осы.