Қоғам • 21 Маусым, 2021

Жұмыс көп, жұмысшы аз

636 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ел ішінде «екі қолға бір күрек таба алмай отырмыз» деген желеу жиі айтылады. Шынымен әркім ырзығын табатын жұмыс орны жоқ па? Осы тақырыпты қаузап зерделегенімізде, облыста 4 мыңнан астам, ал облыс орталығының өзінде 1 мыңнан астам жұмыс орнының бос тұрғандығын білдік. Демек жұмыс көп, жоғы – ынта мен ықылас.

Жұмыс көп, жұмысшы аз

Таяуда Нұр-Сұлтан қаласының ірге­сіндегі Шортанды ауданына қарасты Бозайғыр ауылына жолымыз түсті. Кейінгі жылдары шағын ауылдың шырайы кіріп қалыпты. Көшіп келіп, қоныстанушылар да аз емес. Тіршілік бар. Қай тарапқа қарасаң да, мал бағып, өнім шығарып, жанталасып жатқан, кәсібін дөңгелетсем деп ұмтылып тұрған кәсіпкерлер. Жаңа жұмыс орындары да жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаулап, көбейе бастаған. Соның бірі – жергілікті кірпіш зауыты. Астананың әлденеше ғимараты осы кәсіп­орынның кірпішімен тұрғызылыпты. Демек өнімі өтімді, сұраныс бар. Қазір құры­лысшы қауым сапаға айрықша мән береді. Талап деңгейінен табылып тұрған зауыттың ең басты мәселесі – жұмыс күшінің тапшылығы. Бүгінгі таңда шағын кәсіпорын отыздан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Жұ­мыс­шылардың айлық еңбекақысы атқар­ған жұмыстарына орай айына 150-250 мың теңге көлемінде айналады. Іргедегі елді мекеннен, жұмыс істейтін адам таба алмаған соң төңіректегі 4-5 ауылға сауын айтып, жұмысшы жинаған. Олар күн сайын қатынап жұмыс істейді.

– Қолбайлау болып тұрған жайт – жұмыс қолының жетпеуі, – дейді зауыт басшысы, – қазіргі күні жылына 3 млн дана кірпіш шығаруға қауқарымыз толық жетеді. Егер жұмыс күші жетсе, бұл көрсеткішті екі есе көбейтуге болар еді. Әттең, адам таппай қиналып отырмыз. Төрт мезгіл тегін тамағын, ауылдардан қатынайтындарға күнделікті 10 литр жағар майын береміз. Атқарған жұмысының көлеміне байланысты еңбек­ақыларын ай сайын емес, күн сайын тө­лейміз. Жасыратыны жоқ, кейбіреулері қол­дарына азын-аулақ қаражат тигеннен кейін екі-үш күн қарасын көрсетпей ке­теді. Қарныңның ашатыны да осы жер. Ауыл тұрғындары үшін айына 200 мың теңге көлемінде еңбекақы тапса, аз нәпақа емес қой. 2,5 мыңға жуық халық тұратын елді мекеннен кішкентай зауытта жұмыс істейтін айналдырған алпыс адамды таба алмау жігеріңді құм қылады.

Жалғыз кәсіпорындарда ғана емес, ауыл шаруашылығы құрылымдары да білікті маманға зәру. Ел ішінде механизатор жетіспейді. Күзгі егін орағы ке­зінде комбайн тізгіндейтін адам таппай қи­налады. Әр жыл сайын өңірдегі ауыл шаруашылығы колледждері дайындайтын түлектерінің білім сапасының сын көтермейтіні туралы жиі айтылады. Оның басты себебі, аталған оқу орын­да­рындағы материалдық-техни­ка­лық ба­заның заман ағымына сай жаңғыр­тылмауында.

– Колледж бітіріп келген маманды тағы екі-үш жыл дайындауға тура келеді, – дейді Зеренді ауданындағы шаруа қожалығының агрономы Мағжан Болатов, – біз тіпті көршілес Солтүстік Қазақстан облысынан жұмысшы шақырып, жұмыс істетіп отырмыз. Еңбекақысын уақытылы төлейміз. Басқасын айтпағанда, алдынан жұмыс үркіп отыратын әр меха­низатор көктемгі егіс және күзгі орақ науқандары кезінде 2 млн теңгеге жуық еңбекақы табады. Бұдан былайғы уақытта қажетті кадр­ды әр шаруашылық өзі да­йын­дап алуы керек шығар. Қазір алқап­тарда жұмыс істейтін техника жыл сайын жаңартылуда. Бұрынғы техника те­тігін жақсы білетін майталман ме­ха­низатордың өзі жаңасын бірден игеріп кете алмайды.

Бір қарағанда, ірі шаруашылықтар қарапайым жұмысшының қадірін білетін сыңайлы. Ат-түйедей қалап әкелген соң бар жағдайын жасап, тіпті қасы мен қабағына қарап отыр десек те артық айт­қандық емес. Өйткені кетіп қалса орнын басатын, мен жұмыс істеймін деп жұлқынып отырған адам жоқ. Баспанасын сатып алып беріп, еңбекақысын уақытылы төлеп, науқандық жұмыс кезінде тегін тамақтандырып, жас балаша өбектеп отыр. Бірақ соның өзінде салаға қажетті жұмыс күші жетіспейді.

Ауылдағы жағдай осылай болғанда, облыс орталығындағы мәселе де өткір кү­йінде. Қазір Көкшетау қаласында 1 мың­нан астам жұмыс орны бос тұр. Әсі­ресе, жол учаскелері мен құрылыс саласы қара жұмысшыға сусап отыр. Әрине, қара қар­ғаның миы қайнайтын ыстықта немесе жауын-шашында қара жұмыс істеу оңай емес екендігі түсінікті. Әйтсе де, қолы қи­мылдағанның аузы қимылдайды емес пе?

– Халық еңбектен қол үзіп қалды, – дейді ел ағасы Есен Әубәкіров, – ауылдағы жағдай түсінікті, өтпелі кезеңде механизатор мамандығының қадірін кетіріп алдық. Олар осы уақытта дұрыс еңбекақы ала алмады. Серіктестіктері мен шаруа қожалықтары механизаторлардың еңбекақысын шөппен, сабанмен, астық қалдығымен төледі. Әрі олар жыл бойы жұ­мыспен қамтылмайды. Табыс таба­тын уақыттары көктемгі егіс, шөп шабу, егін орағы кезінде ғана. Қыс бойы жұмыссыз отырады. Осы түйткіл жас толқынның ынтасын кемітті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында «Ақыр аяғында, әлемдік өркениеттің барлық құндылықтары, барлық экономикалық және мәдени байлықтар виртуалды қаржы институттарымен емес, адамның еңбегімен жасалады» деп атап көрсеткен болатын. Еңбектің әмірші екені де рас. Демек алдағы уақытта қарапайым еңбек адамдарын насихаттап, олардың ақадал, кей жерлерде тіпті ерлікпен пара-пар жұмысын құрметтеп, көпшілікке көрсеткен ләзім. Әйтпесе, «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен...» жүрсем дейтін пиғыл көбейді.

Ел ағасының сөзін жоққа шығара алмас едіңіз. Солай болып тұрғаны да рас. Жоғарыда облыс орталығында 1 мыңнан астам жұмыс орнының бос тұрғанын айттық. Бұл қандай жұмыстар? Тіпті толып жатыр. Халыққа қызмет көрсету саласынан бастап, ондаған мамандық иелері қажет. Еңбекақылары да тәубе дерлік. Айына 90 мыңнан 150 мың теңгеге дейін табыс табуға болады. Бос тұрған жұмыс орындарының барлығы бірдей қара жұмыс емес. Бір ғана мысал келтіре кетелік, мәселен, облыс орталығына 27 есепші керек екен. Аспаз, шаштараз да қажет. Ақыл таразысына салып безбендесеңіз ерге де, әйел адамға да жұмыс табылады.

– Біз өткен жылы пандемия басталмай тұрып қаладағы халық көп шоғырланатын орындарға шатырлар тігіп, бос жұмыс орындары жәрмеңкесін жасап, қыруар жұмыс істедік. Егер адамда ықылас болса, қайта даярлау курстары арқылы оқып, білімдерін жетілдіруге болатынын егжей-тегжейлі түсіндірдік. Биыл да осы бағытта жұмыс істеудеміз, – дейді Көк­шетау қалалық еңбекпен қамту орталығының маманы Александр Солод­ко, – әркімнің еңбекке деген көзқарасы әр­түрлі. Біздің орталыққа келіп қолдарынан келетін жұмысқа орналасып жатқан мүм­кіндігі шектеулі адамдар да бар. Ондай адамдар алға ұмтылып, тырмысып жат­қанда, тепсе темір үзетін, он екі мүшесі сау азаматтардың қол қусырып қарап отыр­ғаны қарныңды ашырады.

Сөз соңын қорытындылай келе, шиыра айтатын ой ауылда да, қалада да жұмыс көзінің бар екені. Жетіспей жатқаны  – өз игілігі үшін жанын жалдап жұмыс істеймін деген ынта мен ықылас.