Экономика • 22 Маусым, 2021

Жарыс пен табыс

413 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Дәл қазір қарт құрлықтың 11 қаласында қатар өтіп жатқан футболдан Еуропа чемпионатының қызған шағы. Дүние дидарын өзіне аударған доп додасы спорттық бәсеке ғана емес, ұлттық құрамаларға, ұйымдастырушыларға, демеушілерге қаржылық тұрғыдан қыруар табыс әкелетін ауқымды шара. Осы орайда біз Еуропа біріншілігінің қаржылық есеп-қисабына назар аударғанды жөн көрдік.

Жарыс пен табыс

Жеңілгенге де жүлде бар

2018 жылы УЕФА Брати­славада арнайы конгресс өткізіп, пандемияға байланысты бір жыл кешіктірілген Еуропа чем­пионатының жүлде қорын бе­кітті – 371 млн еуро. Алайда дү­ние­ жүзінде қалыптасқан жағ­дайға байланысты УЕФА атал­ған соманы 331 млн еуроға дейін қысқартты. Осының өзі бұған дейін ұйымдастырылған бірін­шіліктердің жүлде қорынан әлдеқайда қомақты. Мәселен, Пор­тугалия чемпион болған ЕУРО-2016 додасының қаржы қоржыны бұдан 30 млн еуроға аз. Яғни 301 млн еуро. Ал ЕУРО-2012 бәсе­кесінің жүлде қоры 196 млн еуро болған еді.

Енді 331 млн еуроның қалай жұмсалатынын есептеп көрейік. УЕФА бұл жолы дархандық танытып, әрбір қатысушыға 9,25 млн теңгеден үлестіретін болды. Демек жеңілістен көз ашпаған команданың өзі құр қол қайтпайды. Ал ЕУРО-2016 турниріне қатысушыларға 8 млн еуродан тиген болатын. Бұл жолғы сома 1,25 млн еуроға көп.

Сондай-ақ турнирдің топтық кезеңіндегі әрбір жеңіске 1 млн еуродан, ал әрбір тең ойынға 500 мың еуродан ұсынылады. Же­ңілген ұжымға түк те жоқ.

Бұдан бөлек, жарыстың 1/8 финалына өткен құрамалардың бәрі қаржылық қоржынын 1,5 млн еуромен толықтырады. 1/4 финалға өткен ұжымдардың алатын сомасы бұдан жоғары – 2,5 млн еуро. Жартылай финалға жолдама алғандар 4 млн еуроны қанжығаға байлайды.

Өзгелерден қара үзіп, мәреге қатар жеткен қос финалистің қоржыны автоматты түрде 5 млн еуромен толығады. Сондай-ақ турнир жеңімпазына тағы 3 млн еуро төленеді. Егер барлық ойында жеңіске жетсе, ЕУРО-2020 додасында топ жарған құраманың 28,25 млн еуро табыс табатын мүмкіндігі бар.

Осы орайда заңды сұрақ туындайды. Бұл жолғы біріншіліктің жүлде қоры неге қомақты? Мұның сыры қатысушы құра­малардың көбейгенінен байланысты. Бұрын қарт құрлықтың додасына 16 команда қатысса, 2016 жылдан бері 24 ұжым бақ сынайды.

Бұл – УЕФА тарапынан бе­рілетін қаржы. Бұдан бөлек, әрбір елдің футбол федерациялары қо­сым­ша бонустар белгілеп отыр. Де­мек, футболшылардың табысы әл­­деқайда қомақты болуы ықти­мал.

Ұпайы түгел компаниялар

Әдетте, ірі футбол чем­пио­­наттары әуе тасымал­дау­шы­лар­дың, алкоголь өнім­дерін өн­діру­шілердің, қонақүй ке­шендерінің қаржылық көр­сет­­кіштеріне оң әсер етеді. Бірақ ЕУРО-2020 мұн­дай мүм­кіндіктердің бәрін шек­теп отыр. Себебі түсінікті. Пандемияға бай­ланысты қабылданған шек­теу шараларының салдары­нан турнирді қабылдаушы мем­ле­кеттердің шекарасы толық ашыл­ған жоқ. Тиісінше, стадиондар да толықтай толмайды.

Дегенмен биылғы доп додасында жоғарыда аталған фак­торларды пысқырмайтын компаниялардың ұпайы түгел болмақ. Енді соларға тоқталайық.

Алдымен ЕУРО-2020 тур­нирінен хабар тарату құқығына ие компаниялар пайдаға кенел­мек. Мәселен, осы жолғы Еуропа чемпионатының трансляция­лау құқығы ұлыбританиялық ITV компаниясына тиесілі. Бұл ком­панияның акциялары Лондон биржасында сатылады. Былтыр доп додасы кейінге шегерілгенде ITV миллиондаған көрерменінен айырылып қалды. Тиісінше, табысы да төмен сырғыды. Енді, міне компания біріншіліктен хабар тарату кезінде жарнамадан көп көлемде табыс табу мүмкіндігіне ие.

Анау-мынау факторларды елемей, қаржылық жағдайын жақсартатындардың қатарында спорттық экипировкаларды өн­дірушілер де бар. Олар ірі футбол чемпионаттарында жарнаманың астында қалады. Турнирге қа­тысушы құрамалардың футболкалары мен басқа да атрибуттарын сатып, мол пайдаға кенеледі. Мәселен, биылғы доп додасында Nike компаниясының асығы алшысынан түсуі мүмкін. Өйткені бұл компания жанкүйері өте көп Англия, Франция, Нидерланд, Португалия секілді 9 құраманы «киіндіріп» отыр. Adidas-тың да мұртын балта шаппайды. Гер­мания, Испания, Ресей, Бельгия секілді 8 команданың керек-жа­рағын ұсынып отырған компания жарнамадан көп пайда түсіруге тиіс. Италия сынды төрт ұжымға өнімін ұсынған Puma компаниясы да пайданың жайын жақсы білері анық.

Чемпионат кезінде бәс тігу­шілердің де қатары көбейеді. Демек, бұл кезеңде букмекерлік компаниялардың да дәурені жүреді. Атап айтқанда, әлемге аты жайылған DraftKings, Penn National Gaming, Flutter Entertainment секілді букмекерлік компаниялар қосымша табысқа кенеледі деп күтілуде. Қазақстан аумағында жұ­мыс істейтін бук­мекерлік кең­селер де желпініп отырған көрінеді.

Байрақты бәсеке УЕФА-ның негізгі серіктестеріне де қар­жы­лық тұрғыдан табыс әке­летіні анық. Олар футбол матчтарына дейін де, одан кейін де, кездесу уақытында да жарнамаланып отырады. Сондай-ақ негізгі серіктестердің логотиптері ста­дионның шетіндегі LED-ер­неу­лерде көрсетіліп тұрады. Со­нымен ұлттық құрамалар ара­сындағы УЕФА турнирлерінің негізгі де­меушілері қатарында Alibaba құ­рамындағы AliPay төлем жүйесі, Booking.com қонақүйлерді интернет арқылы брондау жүйесі, FedEx көлік компаниясы, Ресейдің «Газпром»-ы, тұрмыстық техника өндіретін Қытайдың Hisense компаниясы, германиялық авто­өндіруші Volkswagen бар.

 Тақым қысқан клубтар

ЕУРО-2020 додасынан жақсы табыс табатындардың қата­рын­да акциялары түрлі биржаларда сатылатын футбол клубтары да бар. Мәселен, Англиядағы «Манчестер Юнайтедтің», Ита­лиядағы «Ювентус», «Рома», «Ла­цио» клубтарының, Гер­ма­­ниядағы дортмундтық «Б­о­рус­сияның», Франциядағы «Лион»-ның, Португалиядағы «Пор­ту», «Бенфика», «Спортинг» ұжым­дарының, Нидерландыдағы «Аякстың», Шотландиядағы «Селтиктің», Түркиядағы «Га­ла­тасарай», «Фенербахче», «Бе­шікташ», «Трабзонспор» секілді клубтардың акцияларын әлемдік бир­жалардан сатып алуға мүм­кіндік бар. Демек, ЕУРО-2020 турнирінде тәуір ойнаған футболшылар өз клубтарының қаржылық жағдайын жақсарта алады.

Сол секілді байрақты бәсе­кеден кейін ерекше көзге түскен ойыншылардың трансферлік құны қымбаттайтыны анық. Бұл да футбол клубтарына белгілі бір деңгейде табыс әкелмек. Мәселен, дортмундтық «Боруссия» мен Англия құрамасының ойыншысы Джейдон Санчо Еуропа біріншілігінде жақсы ойнады делік. Демек, дортмундтық клуб футболшыны өзге клубқа сатар­да қомақты қаржы сұрауға құқылы. Трансферден түсетін қаржы инвесторларды қуантып, клубтардың дамуына оң серпін беретіні түсінікті. Әсіресе талант­тар шоғырын қалыптастырып отыр­ған «Бенфика», «Порту», «Аякс» секілді клубтар бір жырғап қалады. Өйткені олардың негізгі табыс көзі ойыншыларды сатудан құралады.

Билет сатылымынан түсім аз

Әйгілі Forbes басылымы пан­демияға дейін ЕУРО-2020 тур­нирінің табысы 2,5 млрд еуроны құрайды деп мәлімдеген еді. Бұл бұған дейін ұйымдастырылған бәсекелердің табысынан әлде­қайда жоғары. Мәселен, ЕУРО-2016 бәсе­кесінің табысы 1,916 млрд еуроға бағаланды. Мұндағы табыс негізінен үш көзден жиналған. Билет сатылымы – 400 млн еуро, телетрансляция құқығы – 1,05 млрд еуро, демеушілік келісімдер – 480 млн еуро.

Ал биылғы доп додасында стадиондар жанкүйерлерді толықтай жинай алмайды және бұл әлдеқашан белгілі болған жайт. Демек, билет сатылымынан анау айтқандай табыс түспейді. Мәселен, осы жолы Мюнхендегі бір матчты әрі кеткенде 14 мың адам ғана стадионнан тамашалай алады. Өйткені «Алльянц-Арена» стадионының 20 пайызын ғана жанкүйерлермен толтыруға рұқсат берілді. Чемпионатты қабылдаушы кейбір қалаларда стадион сыйымдылығының 25-40 пайызын толтыруға мүмкіндік бар. УЕФА биыл билет сатылымынан 300 млн еуро табыс түседі деп болжап отыр. Бұл бұған дейінгі біріншіліктің көрсеткішінен 100 млн еуроға аз.

Әдетте, Еуропа біріншілігін қабылдаушы мемлекет стадион­дардың құрылысы мен жөндеу жұмыстарына қомақты қаржы жұмсайтын. Бұл жолы бір ғана арена салынды. 2019 жылы Будапештте «Ференц Пушкаш» стадионын салуға 540 млн еуро жұмсалды. Өзге қалалар ЕУРО-2020 турнирінің дайындық жұ­­мыстарына аса көп қаржы жұм­саған жоқ. Айталық, Санкт-Пе­тербург доп додасының да­йын­дығына 2020 жылы 36 млн еуро бөлсе, Лондон 17,8 млн еуро шы­ғындаған. Қалған қалалардың шығыны бұдан да аз.

Мұндай ірі жарыстарда ту­­­ристердің келуімен эко­но­­ми­­калық көрсеткіштер жақ­са­ратын еді. Алайда коронавирус бұл мүм­кіндікті де шектеп отыр. Оның үстіне жеке бас­тың амандығын тілейтін жан­күйерлер мыңдаған адам жи­на­латын мұн­дай орын­дарға бару­дан саналы түрде бас тартатыны тағы бар. Бара қалған күннің өзінде сақтық шараларын сақтау, шектеулерді орындау оларды мезі ететіні ақиқат.

Десек те ұлттық намыс сынға түсетін мұндай додаларда ақ­шадан да артық дүниелер бар. Әлем алдындағы абырой-атақ пен жан­күйердің ыстық ықыласына жетер ештеңе жоқ.