Экономика • 22 Маусым, 2021

Жылқы еті түсіңе кіреді...

2807 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ілкіден қалған, төрт түліктің бағасын білетін арыдағы жұрттың «етті жесең тісіңе, жемесең түсіңе кіреді» дейтін тәмсілі бар еді. Айтқандары шындыққа айналды. Қазір Көкшетаудағы орталық базарда жылқы етінің килосы үш мың теңгеден сатылуда. Екі елі қазы байлаған ту биеге 800 мың теңге сұрап тұр.

Жылқы еті түсіңе кіреді...

Өңірде мал басы баршылық. Айталық, биыл жайлауға 212 мың бас төңірегінде түлік төресі шықты. Облыстағы ауыл шаруа­шылығы мамандарының есеп-қисабына қарағанда, былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда аздаған өсім бар. Қысы-жазы өз аяғымен күн көретіндіктен өзіндік құны арзан болып есептелетін жылқы етінің қымбаттау сыры неде?

Алдымен облыс орталығындағы мал базарын жағаладық. Қоңыр күзде, қыстың басында семіртіліп, осында жеткізілетін жылқының қарасы мол еді. Қазір жылан жалағандай. Қабын қолтығына қыстырған аларман анталап жүр. Бүтін бір базарда ту биенің жарты еті ғана бар екен. Сатарман жарты етке 400 мың теңге сұрап тұр. Табақ көтеретін екі елі қазысы бар, қыртысы да тәп-тәуір болғанымен түсі сарғыш. Әдетте кәрі малдың еті сап-сары болады. Алушылар осыдан сескенетін болуы керек, беттей алмай-ақ тұр. Ал сатарман болса жас малдың еті екендігін дәлелдеп әлек.

– Арнайы семіртілмеген жылқы, жас мал. Көк шөп жегеннен кейін еті осылай сарғайып кетеді, – дейді ол, – сарылығы болмаса дәмді.

Жіліктеп бұзылмай жатқан еттің дәмін қайдан біле қойды екен деген де күдік ілінді көңілге. Алыпсатарлардың малды бұтарлап сойғаннан кейін бар мүшесіндегі жалбыраған жерін бой-бойымен сылып алып тастайтыны рас болғаны-ау, сірә. Алушының да өкпесі қара қазандай болатын жері осы. Етті келілеп таразыға салып сатпағаннан кейін қасапшының пышағы батыңқырап та кететін тұсы аз емес.

Ал орталық базардағы баға күйіп тұр. Біз­дің бағамдауымызда шама жетсе, сирақтап алған дұрыс. Табақ еттің бағасы бір­шама қымбаттау шығатын сыңай­лы. Бір табағыңыз, бар мүшесін толайым, түгел салғанда 40 мың теңгеге таяу. Ірі малдан 24 табақ ет шығады десек, жылқының құны сонда миллионға таяп қала­ды екен.

– Біз мына айналуға келмейтін орынды жалға алғанымыз үшін айына жүз мың теңге көлемінде ақы төлейміз, дейді сатушы Жібек Шымырбаева. – Еттің қымбат болу себебі біріншіден, ауылдық жерден семір­тіл­ген мал табылмайды. Өткен қыстан жылқы малы жүдеп шықты. Оның арғы жылы да жұт бол­мағанымен, ақ қар, көк мұзда көп бие құ­лын тастады. Тай-жабағы азайған соң, семір­тіп отырған жылқы да аз. Малсақ қауым ана­лық малын тақа бір мұқтаждық қыспаса, сата қой­майды ғой.

Бір күнде қырық құбы­лып тұрған баға тура­лы бағам­да­ға­ны­мызда, ұққанымыз – мал ие­сі­нің базарға бас сұға алмай­тын­дығы. Себеп, бұрын ет базарында халықпен етене жақын жұ­мыс істеген ветеринарлық қыз­мет басқа жерге кө­ші­­ріліпті. Анық­та­ма алу қия­мет-қайым. Мал ие­сінің ауылдық кеңестен әкелген анық­та­ма­сы­нан шикілік шығып жатады. Қайта­дан ша­былуы керек. Ал күн ыстық. Әкелген ет сүт пісі­рім уақытта қызып кетуі әб­ден мүмкін.

– Таяуда Ортақ ауылынан бір танысым тоқты әкеліпті. Базар бағасымен 40 мың тең­ге­нің еті. Аудан орталығы – Зерендіге анық­тама қағаз әкелу үшін екі барып келді, – дейді ет сатушы Самал Баржақсина. – Ақыры шаршаған соң анықтамасыз сатамын деп айыпты болып қал­ды. Айыппұлы – 60 мың теңге. Осыдан кейін ауылдағы ағайын «көрмегенім базар болсын!» демей ме?!

Демек, еттің бағасын сәл де болса түсіру үшін алдымен мал сүмесімен күн көріп отырған ауыл­дағы ағайынның базарға кедергісіз кел­уіне жол ашу керек. Ол үшін ветеринарлық қызмет бұ­рын­ғыша базардың өзінде болғаны ләзім. Екіншіден, қа­ғаз­бастылық тосқауылды азайт­­са. Әрине, тазалық пен тәр­тіп­тің болғаны жөн. Ең бас­тысы, ұрланған мал өтпей, таза, сапалы ет сатылса болды емес пе? Сонда ғана нақты мал иесінің ырыздығы арта түседі. Базарға кіріп баққан ақ адал малын бұл­дап сата алмағаннан кейін мал иелері алыпсатарларға әлі күнге дейін жем болып жүр.

Ендігі бір сойылдай мәселе – мал азығының қым­бат­тығы. Қазір арпа-сұлыны былай қой­ғанда, астық қалдығының бір тоннасы 60 мың теңге төңірегінде. Астық қалдығымен жазда жылқы семірту мүмкін емес. Ал таза арпа қас­қалдақтың қанындай тапшы. Осы орайда, жет­кілікті мал азығын өздері күні бұрын да­йын­­дап алатын кооперативтер ұйымдастырса оң болар еді. Бұл мәселе бізге дейін де талай көте­рілген болатын. Бірақ жергілікті билік көңіл бөлетін емес. Мал иесі сататын малын көтер­ме бағамен кооперативтерге тапсырса, бар машақаттан біржола құтылады. Қазіргідей қалтасы көтере бермейтін қым­бат жемшөпті іздеп, өзінің төлі­нен баққан түлігіне анықтама да­йындап әуреге түспес еді. Есе­сі­не, жұрт үстінен күн көрген алып­сатарлардың жолы кесіліп, тиісінше салық төленеді.

– Жылқы бағу да оңай емес, – дейді Зеренді ауданындағы шаруа қожалығының басшысы Құлан Болатов. – Ең алдымен жайылымдық жер жоқтың қасы. Біздің ауыл дәл күре жолдың бойын­­­­да орналасқан. Төрт аяқ­ты мал емес пе, кейде жолға да шығып кетеді. Шабындық жер де алыста. Өткен қыста жыл­қыда шығын көп болды. Оның орнын толтыру бір уа­йым. Жылқы жілігіне май жинай­тын жаз айларында қамап бағамыз. Егінге түсіп кетпеуі үшін. Қамап баққан мал қоң жинай ма? Қыс­қа күйсіз түскен тай-жа­ба­ғы көктемге әзер жетеді. Негізі мен ауыл­­­да тұрғандықтан, мал бағасының өскенін құп­таймын. Ауыл тұрғындарының ақ адал еңбегінің нәтижесі ғой.

Малсақ қауымның айтуына қарағанда, еңбекке деген ен­жар­лық үдеп тұрған кезде қарына құтты құрық ілетін жылқышы табу бір қиямет екен. Қазір ауыл­да­ғы ағайын жыл­қышыға әр бас үшін шамамен екі мың теңге төлейді. Табында жүз жылқы болды деген күннің өзінде еңбекақы айына 200 мың тең­ге­ден айналмай ма? Бірақ соның өзінде де ұмтылып тұрған адам аз. Кісі табылмайтынына көздері жеткен соң жылқышының даусы үстем. Мал иесімен келісімшарт жасалмайды. Шарт жасалмаған соң, жоғалса, өлсе құнын төлемейді.

– Қазір тепсе, темір үзетін жігіт­тер жұмыс жоқ деген жалған сыл­тауды желеу етіп, босқа жүр, дейді ел ағасы Есенбай Кереев. – Ауылдан көшкен кезімде төрт биемді жылқышыға тапсырып кетіп едім. Еңбекақысын уақы­тын­да төлеймін. Көктемде екі тайым арам өліп қал­ды. Жыл­қы­шыда жауапкершілік жоқ. Егер күні бұрын «жылқың ауырып тұр» деп хабар берсе, қолға ұстар едік. Енді амал бар ма?!

Мал тұқымының азып кетуі де ел ішінде қаны шығып тұрған тақырыпқа айналған. Өздері мал сүмесімен күн көріп отырса да, ауылдағы ағайын орталарынан қаржы жинап айғыр жаңарта алмайды. Сол себепті құнан тай­дай, тай жабағыдай болып тұр­қы кішірейіп, азып кетті. Төрт түліктің төресі ойпаңға сал­саң, таудай болып теңкиіп тұр­уы үшін ауыз­бірлік керек екен. Қазір үйірге түсетін жақсы ай­­ғыр­­лардың құны миллион теңге­нің төңіре­гін­де. Өкінішке қарай, берекені молайтар бірлік жетіс­пей жатыр. Дегенмен, көзге қораш көрі­не­тін жылқы бағасы аспан­дап тұр.

Базардағы сұранысқа ие азық-түліктің қым­бат­тауымен бірге ата малы – жылқы етінің баға­сының аспандап кетуі жамағаттың жанына батып тұр.

 

Ақмола облысы