Қазір Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінде Аппарат басшысының орынбасары болып жұмыс істейтін Нұрлыбек Жеңісбекұлы мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Климаттық саясат және жасыл технологиялар департаменті директорының орынбасары қызметіндегі Зульфия Сүлейменова резерв жұмысына қатысты өз ойларымен бөліскен еді.
– Негізі, Президенттің кадрлық резервіне өткеннен кейін вертикалды емес, параллель позицияға ауыстым. Бұған дейін Энергетика министрлігінде Ақпарат және сараптамалық жүйелеу департаментінде директор орынбасары болып қызмет еттім.
2020 жылы ақпанда Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне Аппарат басшысының орынбасары қызметіне тағайындалдым. Екі қызметімде де бірдей лауазым болғанымен, осы жұмысымда мол тәжірибе жинап, түйгенім көп болды. Бұған дейін Шымкент қаласында, Түркістан облысында әкімдіктерде жұмыс істедім.
Президенттің жастар кадрлық резерві шын мәнінде әлеуеті жоғары жоба деп білемін. Мемлекеттік басқару жүйесінде меритократияның болуы маңызды. Меритократия бар жерде әділдік болады. Ал әділдік кәсіби мамандардың, кемелденген азаматтардың мемлекеттік қызметке қызығуына, келуіне жол ашады. Бұл көп әріптестерімізге мүмкіндік берді, – дейді Нұрлыбек Жеңісбекұлы.
Сонымен қоса маман мемлекеттік басқару жүйесіндегі көп стереотипті бұзды деген пікірде. Нұрлыбек Жеңісбекұлының айтуынша, қазір таныс арқылы жұмысқа тұру, қызметке орналасу кезінде жершілдік пен рушылдық маңызды деген ескі ойлардың қалыбын бұзды.
– Сондықтан бұл жоба жалғасын табу керек деген пікірдемін. Әлеуметтік баспалдақ жүйелі жұмыс істесе әділетті қоғамның қалыптасуына ықпал етеді. Екіншіден, мемлекеттік қызметші имиджіне жаңа леп берді. Бұрын азаматтар басқа шаруаның басын шалып, түрлі кәсіпті көріп, үлкен жетістікке жете алмай, мемлекеттік қызметке келетін. Мемлекет ай сайын тұрақты жалақысын беріп отырады деп түсінді. Яғни соңғы аялдама ретінде көретіндер көбейді. Ал аталған жоба қисынсыз пікірді жоққа шығарды. Бұл жерде идеология мәселесі де бар, – дейді Нұрлыбек Жеңісбекұлы.
Бүгінде мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүрген Нұрлыбек Жеңісбекұлы шешім қабылдап, жауапкершілік ала алатын, бойында қуаты, ойында шуағы бар жастардың мемлекеттік қызметке көптеп тартылуы құптарлық деп түйіндеді.
Тағы бір резервші, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Климаттық саясат және жасыл технологиялар департаменті директорының орынбасары болып қызметке тұрған Зульфия Сүлейменова бұл жоба тек қызметте өсу емес, ел дамуына үлес қосуға мүмкіндік деген пікірде.
– Қызметтегі негізгі мақсатым – Қазақстанның климаттық саясатын жақсарту. Бәріміз естіп, біліп жүргендей, экология мәселелері дүние жүзі бойынша өзекті. Бұл бейжай қарайтын жайт емес. Климат мәселелері экономика және әлеуметпен тығыз байланысты. Жақында Еуропалық одақ парниктік газдардың шығарындыларына шекаралық салық енгізуді қарастыра бастады. Егер бұл саясат жүзеге асса, экономикамызға әсер етеді, ал ол әлеуметке де оң әсер ететіні сөзсіз. Менің басты мақсатым – климат мәселелері бойынша талдауды нығайту, сонымен бірге жаңа әрі дұрыс экологиялық саясат қалыптастыруға атсалысу. Бізге ең бастысы халықтың өмір сапасын арттыратын саясат қажет, – дейді ол.
Жалпы, Мемлекет басшысы айтқандай, жастар кадрлық резервінің негізгі мақсаты мемлекеттік қызмет саласында транзакциялық лидер емес, трансформациялық лидерлер қалыптастыру. Зульфия ендігі кезекте қалыптасып жатқан трансформацияны жүзеге асыруға мүмкіндік берілсе деген ойын да жеткізді.
– Мемлекеттік қызметке келгелі де жүйені оңтайландыруға қатысты біраз ой қалыптастырып үлгердім. Алда соларды жүзеге асыра аламын деген ойдамын, бұған дейінгі тәжірибемді, білімімді пайдаға жаратамын деп сенемін. Мемлекеттік қызметтің басты мақсаты – елімізде үстемдік ететін дұрыс заң мен саясат қалыптастыру, адамдарға өздерінің мүмкіндіктерін жүзеге асыра алатын жағдай жасау. Сол тұрғыдан қарағанда, өзімнің оқығанымды, тәжірибемді тиімді қолдана аламын деген ниеттемін, дейді жас маман.