Мәселен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауларында мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісіне қатысты тың бастамалар көтеріп, бірқатар тапсырма берген болатын. Сол тапсырмалардың қалай жүзеге асып жатқандығы жөнінде сараптап көрелік.
Осыдан тұп-тура бір ғасырға жуық уақыт бұрын Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден» деген еді. Аталы сөз арада жүз жылға жуық уақыт өтсе де мәні мен маңызын жойған жоқ. Әркім әр салада шама-шарқы жеткенше қызмет етіп-ақ жүр. Дейтұрғанмен, сол маңызды міндеттің аса бір ауыр жүгін мемлекеттік қызметшілер арқалап келеді. Бұл ретте Президент 2019 жылы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында мемлекеттік қызметшілер жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында арнайы дайындығы бар жас кадрларды тарту қажеттігін алға тартып, «2020 жылдан бастап біз мемлекеттік қызметшілердің санын біртіндеп қысқартуға кірісіп, үнемделген қаражатты неғұрлым пайдалы қызметкерлерді ынталандыруға жұмсаймыз. 2024 жылға қарай мемлекеттік қызметшілердің және ұлттық компаниялар қызметкерлерінің санын 25 пайызға қысқарту қажет», деген еді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында да мемлекеттік қызмет саласын жаңғырту жұмыстарына тоқталған болатын. Президент мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін қысқарту мерзімін жеделдетуді тапсырып, олардың санын 2020 жылы 10 пайызға, 2021 жылы 15 пайызға қысқартқан жөн екенін алға тартқан еді. Бұл қадам 2021 жылы шенеуніктердің санын 25 пайызға қысқартуға мүмкіндік бермек. «Үнемделген қаражаттың есебінен қалған қызметкерлердің жалақысын көбейтетін боламыз. Еңбекақысы аз мемлекеттік қызметтің қоғам үшін пайдасынан зияны көп», деген еді Президент.
Мемлекеттік қызметшінің жалақысын көтеру демекші, елімізде мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесінің қанатқақты режімі енгізіліп, оған 2018 жылы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Әділет министрлігі, бірқатар өңірдің әкімдіктері қатысқан болатын. Осы тәжірибенің нәтижесінде жобаға қатысушы мемлекеттік органдарда кадрлардың алмасуы 4,9 пайыздан 3,5 пайызға дейін азайғаны байқалады.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметтің де тартымдылығы арта түсті (конкурс
1 орынға 3,4 есеге артты), орталықта және аймақтарда еңбекақы төлеу алшақтығы 70 пайыздан 16 пайызға дейін қысқарды.
Бұл ретте Президент осы жобаны жергілікті атқарушы органдарда және орталық мемлекеттік органдарда жүзеге асыруға тапсырма берді. Осылайша, мемлекеттік қызметшілердің санын кезең-кезеңімен қысқарту және мемлекеттік аппараттың ұйымдық құрылымын оңтайландыру жұмысы лайықты жалғасын табады. Жолдауда айтылғандай, құрылымды қайта өзгертудің нәтижесінде үнемделген қаржыны мемлекеттік қызметшінің еңбекақысын арттыруға бағыттау көзделіп отыр.
Сондай-ақ Президент өткен жылғы Жолдауда 2021 жылдан 1 шілдеден бастап елімізде мемлекеттік қызметшілерге қатысты факторлы-балдық жүйе енгізілуге тиіс екенін айтқан болатын. Мемлекет басшысының айтуынша, мұндай қадам мемлекеттік қызметшілердің құлшынысын арттырып, жауапкершілігін нығайта түседі. Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы да назардан тыс қалған жоқ. Бүгінде елімізде факторлы-балдық шкала енгізуге қатысты жұмыстар жүйеленіп, тиісті қадамдар жасалынып жатыр.
Факторлы-балдық шкалаға көшу жөніндегі қанатқақты жобаға жасалған талдау қызметшілердің мемлекеттік қызметке деген қызығушылығын арттырып, кадр тұрақтылығына оң динамика бергенін көрсетті. Осылайша, факторлы-балдық шкала енгізілгелі бері бір бос орынға үміткерлер саны орташа есеппен 2,6 есеге өскен. Бұл ретте Президент факторлы-балдық шкала енгізуге функционалдық талдау жұмыстарын жалғастыру қажеттігін жеткізіп, бұл жұмысты жүйелендіруге баса мән беріп отыр.
Сонымен қатар елімізде мемлекеттік қызметшілердің үздіксіз білім алу жүйесі мен келісімшарт бойынша қызметке алу институтын енгізу, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын бақылау жұмыстары да жолға қойылды. Бұдан бөлек, кадрлық процестерді цифрландыру мәселесі де ерекше назарға алынды. Цифрлы шешімдерді жүзеге асыру арқылы құжаттар санын 83 пайызға төмендетуге, күнделікті өнбейтін жұмыстарды 53%-ға азайтуға, қағаз құжат айналымынан толық арылуға болады. Сондықтан мемлекеттік қызмет жүйесін цифрландыру жұмысы әлі де жалғаса бермек. Бұл қадамды Мемлекет басшысы да қолдайды.
Президенттің тапсырмасы ең алдымен еліміздегі Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне жүктелген. Бүгінде аталған агенттік Мемлекет басшысының алға қойған мақсаттарын ескере отырып, стратегиялық, инновациялық мемлекеттік қызмет қалыптастыруды көздеп отыр. Яғни елімізде мемлекеттік қызметті кәсібилендіру жұмысы жалғасып жатыр деген сөз. Сапалық құрамды жетілдіру мен меритократия қағидатын сақтау және кадр тұрақтылығы көрсеткішін жақсарту мәселесі басты назарға алынды.
Осылайша, 2019 жылмен салыстырғанда 2020 жылы шетелдік білімі бар мемлекеттік қызметшілердің саны 7%-ға, мемлекеттік басқару академиясын бітірушілердің саны 8%-ға артты. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру ісі кадрлардың жұмыстан кету деңгейін штаттық саннан 5%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Осылайша, бір қызмет орнына деген конкурс ел аумағында 17%-ға артып, 7500 мемлекеттік қызметшінің мансабы өсті. Бұл көрсеткіш барлық конкурстың қорытындысы бойынша жаңа қызметке тағайындалғандардың 60%-ын құрайды.
Мемлекет басшысы өткен жылғы Жолдауда мемлекеттік қызметті жетілдіруге, кадр саясатын қайта қаруға, шешімдерді қабылдау жүйесіне және оның орындалуына қатысты жауапкершілік жөнінде бірқатар тапсырма берген еді. Осы мақсаттарға жету – ең алдымен заңнаманы жетілдіруді және практикалық шараларды іске асыруды талап етеді.
2020 жылы Агенттік саяси мемлекеттік қызметті кәсібилендіру жұмысын бастады. Сингапурдың Ли Куан Ю мемлекеттік саясат мектебімен бірлесіп Мемлекеттік басқару академиясы мен Назарбаев Университетінде саяси қызметшілерді оқытудың бағдарламасы енгізілді. Өткен жылы бағдарламаға 50 саяси қызметші 10 апталық курс барысында негізгі қызметтерінен қол үзбей, үш негізгі құзыреттілік блогы бойынша біліктілігін арттырды. Сабақтарды отандық бизнес-тренерлер мен коучтар өткізді. Осы жылы да 50 саяси қызметшіні оқыту жоспарлануда. Сондай-ақ басшылардың басқарушылық тәжірибесін тиімді пайдалану мақсатында Мемлекет басшысының 2020 жылғы 13 қарашадағы Жарлығына сәйкес саяси қызметші ротациясы енгізілді. Осылайша, саяси қызметшілер белгілі бір лауазымға тағайындалған күннен бастап әр төрт жыл сайын ротациядан өтеді. Биыл 67 мемлекеттік саяси қызметші ротацияланады.
Ауылдағы мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру, білікті кадрларды тарту мақсатында 2019 жылы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Мәселен, ауылдық елді мекендерде тұрып, жұмыс істеуге «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне әлеуметтік қолдаудың қосымша шараларын ұсыну туралы норма көзделді. Бұл норма 2020 жылы іске аса басталды. «Дипломмен – ауылға!» жобасы аясында 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көтерме жәрдемақы төлеу және 1500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ешқандай пайызсыз тұрғын үйге бюджеттік несие беру түрінде қолдау шаралары айқындалды.
Сонымен қатар елімізде мемлекеттік қызметті жетілдіруге, құжат айналымын азайтуға әкелетін бизнес-процестерді оңтайландыру бойынша бірқатар шара қабылдануда. Мемлекеттік қызметшілердің жұмысын оңтайландыру мақсатында 13 ақпараттық жүйе біріктіріліп, мемлекеттік қызмет жүйесін цифрландыру жұмысы іске асып жатыр. Бұдан бөлек, электронды форматта мемлекеттік қызметтер көрсету көрсеткіші де елімізде 2 есе өсті. БҰҰ рейтингісіне сәйкес (UN Global E-GovernmentDevelopmentIndex) өткен жылы елімізде «электронды үкіметтің» даму көрсеткіштері 10 позицияға жақсарғанын байқауға болады. Осылайша, Қазақстан 193 елдің рейтинг көрсеткішінде 29-орынға тұрақтады.
Мемлекеттік қызмет, мемлекеттік қызметші туралы айтқан кезде осы мемлекеттік қызметшілердің арасындағы гендерлік теңдік мәселесіне де тоқтала кетуге болады. Бүгінде еліміздегі мемлекеттік қызметшілердің нақты саны 88 409 адамды құраса, соның 49 031-ы, яғни 55,5%-ы – әйел адамдар. Сондай-ақ мемлекеттік қызметте басшылық лауазымдарды атқаратын әйелдердің саны 9 531 адамды немесе 39,8%-ды құрайды. Бұл ретте мемлекеттік қызметтегі жалпы басқарушы лауазымды атқаратындардың жалпы саны – 23 961 адамды құрап отыр. Ал жергілікті мемлекеттік органдардағы әйелдердің үлесі 21 744 адамға немесе 51,9%-ға тең. Үздік үштікте – Ақмола (63,3%), Солтүстік Қазақстан (61,5%) және Шығыс Қазақстан (61,4%) облыстары орналасқан.