– 2014 жылдан бері Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымы ретінде жұмыс істеп келе жатқан Аналар кеңесі осы уақыт аралығында өз тиімділігін дәлелдеді. Алайда уақыт пен заман талабына сай қоғамда жаңа мәселелер туындап, алдымызға жаңа міндеттер қойылып отыр. Өз жұмысын қоғамның тынысымен сәйкестендіріп отырған құрылым ретінде Аналар кеңесі өткен жылдан бері жалпы адамзаттық проблемаға айналған пандемияға байланысты өз жұмыс бағытына қажетті өзгерістер енгізді. Сондықтан бүгінгі басқосуымыз алдағы жұмыс бағытымызды анықтап, жоспарларымызды нақтылап алуға арналған, – деді қоғам қайраткері, іс-шара модераторы Нәзипа Шанаи.
Оның айтуынша, кеңестің түпкі мақсаты – отбасылық құндылықтарды сақтау, дамыту және нығайту саналады. Бұл – рухани-адамгершілік, мәдени және тәрбиелік мәні бар жұмыс.
– Аналар кеңесі ұрпақтар сабақтастығын, ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды нығайту мен сақтауға өзіндік үлесін қосып келеді. Сондай-ақ бұл кеңес қазақстандық патриотизмді, толеранттылықты және этносаралық келісімді іске асыруға тың серпін береді. Осы кеңесте ұлттық және отбасы құндылықтарын дәріптеу, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, елдің бірлігі мен келісімін сақтай білу сынды бірқатар негізгі мәселелер қаралады. Кеңес құрылған сәттен бастап отбасы мәртебесін көтеру, отбасы құндылығын арттыру, отбасылық тәрбие, ажырасудың, құқық бұзушылықтың алдын алу сияқты мәселелер жөнінде іс-шаралар ұйымдастыру бойынша бірқатар ауқымды бастамалар көтерілді, – деді Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Серік Егізбаев.
Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясында 11 мыңнан астам адамның басын біріктіріп отырған 1 795 Аналар кеңесі жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі этномәдени бірлестіктердің басшылары, мәдениет және білім беру мекемелерінің, үкіметтік емес сектордың, психологиялық-медициналық мекемелердің өкілдері, әйелдер қоғамдық ұйымдарының белсенділері, медиаторлар.
– Бүгінде қоғамдағы әйел мен ердің орны туралы түсініктер мен көзқарастар, стереотиптер мен әлеуметтік үрдістер ерекше өзекті мәселеге айналып отыр. Себебі осы күні бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін зорлық-зомбылықсыз өмір сүрудің жолдарын іздеу аса маңызды. Осындай жағдайда гендер мәселесін дәстүрлі дүниетаным шеңберінде қарастырудың қажеттілігі туындайды. Себебі ер мен әйелдің қоғамдық рөлі жайлы ұғым мен ұстаным ұрпақтан- ұрпаққа дәстүр бойынша жалғасып келе жатқан, тамыры тереңге кеткен түсініктер негізінде қалыптасады. Бұл түсініктер қоғам дамуының ұзақ тарихы бойында дамып отырады және оның тарихи, экономикалық, саяси, психологиялық және діни қырлары бар, – деді Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева.
Жиын барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының алдында тұрған жаңа міндеттер аясында Аналар кеңесін одан әрі дамыту шаралары айқындалып, ортаға орамды ой тасталды.
– Аналар кеңесі – бұл біздің жастарымызды әлеуметтендірудің басты әрі тиімді институты. Қоғамдық құндылықтар, патриотизм мен бірегейлік балаларымыздың бойында отбасы арқылы қалыптасады. Сол отбасында біз алғашқы әрі өмірлік тәрбиені анамыздан аламыз. Сондықтан Аналар кеңесінің идеологиялық рөлі аса маңызды. Адам баласының бойындағы барлық қасиеттердің негізі отбасында қаланып, оның бүкіл ғұмырының арқауы болатыны анық. Бұл ретте, Аналар кеңесінің отбасылық құндылықтарды дәріптеу, берік отбасылық қатынастарды қалыптастыру бағытындағы жұмысы бүгінгіден де жақсарып, жаңа сапалық деңгейге көтерілуі тиіс, – деді Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов.
Оның айтуынша, Аналар кеңесі балалардың бойында қазақ халқының, мемлекеттік тілдің топтастырушы рөлі туралы түсінік қалыптастыруға, ұлт құндылықтарының негізі ретінде этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясат қағидаттарын ілгерілетуі тиіс. Сондай-ақ Ассамблеяның Аналар кеңесі белсенді жас аналар үшін нағыз әлеуметтік лифт болуы тиіс.