Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан аумағында қолдануға мақұлдаған бұл препарат коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау үшін қолжетімді препараттардың төртіншісі. Биыл 11 маусымда Шығыс Қазақстанға қытай вакцинасының бірінші және екінші компонентінің 38 мың дозасы жеткізілді. Қазіргі уақытта екпе барлық медициналық ұйымға таратылды. Бұл туралы баспасөз конференциясында Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Елмира Рахымбаева хабарлады. Оның айтуынша, бұл партия өңірдің 19 мың тұрғынына жеткілікті. 9 мың 500 доза Өскеменге, дәл сонша доза Семейге берілді.
CoronaVac препаратымен вакциналау 14-28 күн аралығымен екі кезеңде жүргізіледі. Вакцина ауыр аллергиялық реакциясы бар адамдарға, ауыр неврологиялық аурулары барларға, жүкті немесе бала емізетін әйелдерге, 18 жасқа дейінгі балаларға егілмейді. Иммундық деңгейіне қарай онкология, АИТВ, ЖИТС бар азаматтарға CoronaVac екпесін сақтықпен алу керек. Процедурадан бұрын учаскелік дәрігермен кеңескен дұрыс.
Е.Рахымбаеваның мәліметінше, бүгінде облыс тұрғындары вакциналаудан өту үшін қалалар мен аудандардың барлық медициналық мекемелерінде Спутник V және CoronaVac препараттарын таңдай алады.
– Ақпанның басынан бастап біз отандық QazVac вакцинасының 6 мың дозасын, 38 мың доза CoronaVac, шамамен 82 мың доза Спутник V препараттарын алдық. Тағы 82 мың доза Hayat-Vax болды. Қазір бұл препараттармен вакциналау процедурасы аяқталды. Барлығы – 208 мың доза. Бізде ресейлік препараттың 59 мың дозасы бар. Кеше Спутник V екпесінің екінші компонентінің 40 мың дозасын алдық, – деп атап өтті ол.
Осылайша, өңірдің 198 мың тұрғыны коронавирустан қорғалды. Қазанға дейін 747 мың шығысқазақстандықты егу жоспарлануда. Халық үшін қолжетімділік пен жайлылықты арттыру үшін егу пункттерінің саны үнемі артып келеді.
Өскемен қаласының №2 емханасының учаскелік қызметінің бөлім меңгерушісі Әйгерім Шәріпованың айтуынша, вакциналау басталғаннан бері емхананың егу пунктінде 9 мыңға жуық адам иммундаудан өтті.
– Алдымен біз медицина қызметкерлерін, педагогтерді, полиция мен әскери қызметкерлерді вакциналадық. Қазір қала тұрғындарымен белсенді жұмыс істейміз. Адамдар бізге сенбі және жексенбі күндері де келеді. Ыңғайлы болу үшін егу пункті күн сайын 20.00-ге дейін ашық. CoronaVac вакцинасының бірінші және екінші компонентін алдық, – деді Ә.Шәріпова.
Сонымен қатар Өскемендегі «АДК-River», «Император» және «Евразия» сауда үйлерінде орналасқан медициналық нүктелерде вакциналау орталығы ашылды.
– Барлық егу пунктінде вакцина жеткілікті. Біз созылмалы аурулары бар адамдарға егуді көздеп отырмыз. Өйткені бұл санаттағы адамдарға індет тез жұғады, – деді Е.Рахимбаева.
Айта кетерлігі, мамандардың жасап отырған мониторингіне сенсек, вакцина алынған аумақтарда коронавирус ауруының саны соғұрлым аз секілді. Сондықтан да медициналық ұйымдардың бас дәрігерлері кәсіпорындарда екпе алу қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балаларымызды осы аурудан барынша қорғауымыз керек екенін атап өтті. Жақында мұғалімдермен сөйлестік. Осы орайда оларды ешкім мәжбүрлемейтінін атап өткім келеді. Өйткені вакцина ерікті түрде алынып жатыр, – деді Е.Рахымбаева.
Коронавирустың салдарынан кейбіреуі реанимацияда айлап жатыр. Содан кейін толық қалпына келуі үшін бір жыл қажет көрінеді. Вирус өте қауіпті. Иммундық жүйеге де әсері бар. Дәрігерлердің айтуынша, вакцина алған адамға вирус жұқса да жеңіл өтеді.