Аймақтар • 23 Маусым, 2021

Асылдың асыл арманы орындалды

1188 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

23 маусым – Қазақстан полициясы күніне орай Шығыстың бас полицейі құқық қорғау саласында еңбек етуді мақсат еткен 14 жастағы Асыл Серіктің арманын орындады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Асылдың асыл арманы орындалды

Асыл мақсатына жету үшін бастауыш сыныпта оқып жүргенде-ақ нық  қадамдар жасай бастаған. Ол мектеп табалдырығын аттаған күннен сабақты үздік оқып келеді. Спортты жанына серік еткен. Бокс және дзюдомен айналысады, полицияның  кішкентай көмекшісі, жол қозғалысының инспекторы.

Кішкентайынан полиция қызметіне шын қызығушылық танытқан Асыл Серік сақшылардың бір күнін басынан кешті. Ол алдымен кинологиялық қызмет орталығына барып, қызметтік иттердің ізге түсіп, қылмыскерлерді қалай ұстайтынына куә болды. Криминалистің жұмысымен танысып, жабдықталған оқу полигонында шартты түрдегі күдіктілердің саусақ іздерін алды. Арнайы жасақтың қоян-қолтық шайқасын қызықтаған соң жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін патрульдік полиция кейпіне де енді.

Табанды, еңбекқор жас үшін қуанышты сәт – Полиция департаментінің бастығы Сағат Мадиевпен кездесу еді. Бас полицей Департамент музейін аралатып, жәдігерлермен таныстырды. Асыл музей сөрелеріндегі қылмыскерлердің қаруларын қолымен ұстап көрді.

Арманына бір табан жақындаған Асыл үшін бұл күн естен кетпес ерекше сәттерге толы болды. Ол өзін нағыз полиция қызметері сезінді. Қуанышты күн жасөспірімнің есінде мәңгі қалу үшін ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев оған командирлік сағат табыстап, болашақ полиция қызметкерінің  ата-анасына үлкен алғысын білдірді.

 

Шығыс Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар