Қазақстан • 23 Маусым, 2021

Салық жеңілдігі серпін әкеледі

400 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Былтыр пандемияға байланысты бизнесті салықтық қолдау шаралары қабылданғаны белгілі. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғаспақ. Сондай-ақ салық салу саласын жетілдіруге де баса мән беріледі.

Салық жеңілдігі серпін әкеледі

Атап айтқанда, былтыр шағын және орта бизнестің барлық субъектілері үшін салықтар және әлеуметтік төлемдерді төлеу ше­герілді. Экономиканың ең әлсіз секторлары 2020 жылдың соңына дейін мүлік салығынан босатылды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 2020 жылдың 1 қазанына дейін қосылған құн салығының мөлшерлемесі 12 пайыздан 8 пайызға дейін төмен­детілді. Экономиканың ең көп зардап шеккен 29 секторында 2020 жылдың 1 қаза­нына дейін салықтар және әлеу­меттік төлемдердің нөлдік мөл­шерлемесі белгіленді.

Бұдан бөлек өткен жылдың мамыр айында экономикалық өсуді қалпына келтіру бойынша кешенді жоспар қабылданған болатын. Оның аясында тағы бірқатар салықтық жеңілдіктер көзделген. Жалпы 700 мыңға жуық салық төлеуші 1 трлн теңге көлемінде мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды. Бұл салық төлеушілерге өз қызметін сақтап қалуға мүмкіндік берді.

– Осы жылы пандемияның салдарын азайту және іскерлік белсенділікті ынталандыру мақ­сатында жаңа салықтық өзге­рістер қабылданды. Бірінші – арнайы мобильді қосымшаны қолданатын арнайы салық ре­жімін енгізу. Бұл шара ж­е­ке кәсіпкерді тіркеуді және қыз­метін тоқтатуды, салықтық мін­деттемелерін орындауды жеңіл­детуге бағытталған. Аталған режімді тек оңайлатылған декларацияны пайдаланатын жеке кәсіпкерлер ғана қолдана алады. Яғни салықтық міндеттемелерді орындауды смартфон арқылы жүр­гізуге болады. Бұл өзгеріс 2022 жылдан бастап енгізіледі. Қазіргі кезде салық органдары тиісті қосымшаны әзірлеп жатыр, – деді Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин.

Былтыр да, биыл да жұмыс берушілер өз қызметкерлерін жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етті. Салық кодексі бойынша мұндай құралдар жұ­мыскерлерге табыс ретінде саналады. Тиісінше, салық мәселесі туындайды. Енді қабылданған өзгерістер бойынша аталған та­быс­тарға салық салынбайды.

– Заң жобасын әзірлеу барысында бизнес өкілдері салықтық берешектің мөлшері төмен болса да, шоттарының бұғатталатынын айтып, мәселе көтерді. Біз шекті мөлшерді белгіледік – 6 айлық есептік көрсеткіш. Егер берешек бұдан төмен болса, шот бұ­ғатталмайды. Тағы бір жақсы норма қабылданды. Бұрын салық төлеуші берешегін төлесе, шотын үш күннен кейін, кейде бір аптадан кейін ғана пайдалана алатын. Енді салық төлеуші берешегін төлегеннен кейін шотын бірден пайдалануға рұқсат берілді, – деді А.Әмрин.

Сонымен қатар Қазақстанда тауарларды өндіруді ынталандыру мақсатында жаңа тіркелген кәсіпорындар өз өнімін сатқанда, қосылған құн салығы 70 пайызға азайтылады. Осылайша, салық есептелген соманың 30 пайызы мөлшерінде ғана төленетін болады. Мұндай жеңілдіктің мерзімі – екі жыл.

Өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істеуді ынталандыру мақсатында және осы бағытқа инвестиция­ны көбейту үшін жаңа норма көзделген. Егер шағын бизнес субъектілері өз пайдасын жаңа негізгі қорларға салатын болса, онда бұл пайдасы корпоративтік табыс салығынан босатылады.

–  Әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заң қабылданды. Заңда қолдау шаралары көзделген. Олардың ішінде салықтық қолдау шаралары да бар. Мәселен, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері мүлік салығының төмендетілген мөл­шер­лемесін пайдаланатын бо­лады. Бұл бір. Екіншіден, егер әлеуметтік кәсіпкерлік субъек­тілері өз жұмыскерлерін оқы­та­тын болса, корпоративтік табыс салығын есептегенде жұмсалған шығындары екі еселеніп саналады, – деді Ұлттық экономика вице-министрі.

Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, зардап шеккен салалардағы ша­ғын және орта бизнес үшін жалақы қорынан салық төлеу кейінге қалдырылды. Бұл шара 2021 жылдың 1 сәуірінен 1 шіл­десіне дейін қолданылады. Сондай-ақ салық және кедендік қарыздарды мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары тоқтатылды. Атал­ған шара 13,2 млрд теңге қарызы бар 8,6 мыңға жуық кәсіпкерлік субъек­тісін қамтыған. Бұдан бөлек, ілеспе шот-фак­ту­ралар­ды тіркеуге арналған қанат­қақ­ты жобалардың мерзімі ұзар­тыл­ды. Келесі жылдың 1 қаңта­рын­да қосылған құн салығы төлеу­­шілердің электронды шот-факту­раларын беру міндеттемесі кейінге қалдырылды. Бұрын бұл міндеттеме осы жылдың 1 сәуі­рінен бастап қарастырылған болатын.

– Салықтық және кедендік әкім­шілендірудегі ең тиімді жол – бизнес үшін салықтық мін­дет­темелерді орындау мен жеңіл­­­детуге мүмкіндік бере­тін ақпараттық жүйелер мен цифр­­лы шешімдерді қолдану. Осы мақсатта жеке тұлғаларға арнал­ған «E-Salyq-Азамат» мо­биль­ді қосымшасы іске қо­сыл­ды. Жеке кәсіпкерлер үшін ың­ғай­лы және қарапайым функция­лы «E-Salyq-бизнес» дамып келеді. Бұл қосымшалар кәсіп­кер мен халықтың салықтық мін­дет­темелерін орындауды жеңіл­­детуге арналған, – деді М.Сұлтанғазиев.

Белгілі болғандай, былтыр пан­демияға байланысты фис­калды бақылау шаралардың тоқтатылғанына қарамастан, 6 ай ішінде мемлекеттік кірістер органдары қосымша 710 млрд теңге салықтық түсімдерді қамтамасыз еткен.

Вице-министрдің айтуынша, кедендік инфрақұрылымды жаңарту жоспарлануда. Атап айтқанда, 10 өткізу пункті қайта жаңартылады және кедендік операцияларды автоматтандырылған бақылау үшін бас диспетчерлік кеңсе салынады.

– Мемлекеттік шекарадағы заң­сыз сауда айналымына қарсы іс-қимылдың кешенді жоспары әзірленді. Шетелдермен кедендік декларациялар бойынша ақпарат алмасу жұмысы жалғасуда. Бү­гінде Қытаймен ақпарат алмасу жүріп жатыр, ал Түркиямен тиісті жұмыстар басталды. Ак­цизделетін өнімдердің заңсыз ай­налымымен күрес шеңберінде алкогольдік ішімдіктердің цифр­­­лы таңбалауы бойынша қанат­­қақты жоба жүргізілуде, – деп нақ­тылады Қаржы вице-министрі.

Осы жылдың екінші жартысынан бастап елімізде ЭЫДҰ-мен 100-ден астам юрисдикциядағы Қазақстан азаматтарының есепшоттары туралы ақпарат алмасуды бастайды. Былтыр бұл жұмыс пандемияға байланыс­ты тоқтатылды. Бүгінгі таңда одақ­қа мүше мемлекеттермен бірге транзиттік бақылауды нави­гация­лық пломбаларды қолдану арқылы электронды форматқа көшіру жұмыстары жүргізілуде.

– Бұл мәселеде біз қазақ­стандық тасымалдаушылардың мүддесін қорғаймыз. Соңғы цифр­лы технологияларды қол­­дану бүкіл одақ бойынша бір­неше күн ішінде еш кедергісіз тауар жеткізуге мүмкіндік береді. Жал­пы, ЕАЭО интеграциясына қатысты, соңғы жылдары одақ бөлген импорттық кедендік баж салығы есебінен Қазақстан бюд­жетіне кірістердің өсу динамикасы байқалғанын атап өткен жөн. 2020 жылы да бұл үрдіс жал­ғасын тапты. Өткен жылы 322,4 млрд теңге түсті, – деді М.Сұлтанғазиев.