Міндетті цифрлы таңбалау енгізілгеннен кейін аяқкиім импорттаушылары өнімге Data Matrix кодын енгізуі тиіс. Оны бірден өндіріс барысында немесе Қазақстанның кеден қоймасында енгізуге болады. «ALG Company» ЖШС бас директорының орынбасары Данияр Ибраевтың айтуынша, компанияның кеден қоймасы аяқкиім саласындағы жаңа ережелерге сақадай сай.
– Таңбалау қолданыстағы процестерге әсер етпейді. Тек қойма аясында жүзеге асырылуы қажет қосымша операциялар пайда болады. Бүгінде ынтымақтаса жұмыс істейтін импорттаушылардың өнімдерін өңдеуге арналған аймақтар дайындап жатырмыз. Процесс нақты импорттаушылардың жеткізу көлеміне байланысты жүргізіледі. Өйткені өнімдердің көлемі әртүрлі. Алайда бұл жұмысты қиындатады деп ойламаймын. Цифрлы таңбалау нарықты «көлеңкеден» шығару үшін қажет екенін түсініп отырмыз. Бәріміз ашықтыққа ұмтылуға тиіспіз, – дейді Д.Ибраев.
Кеден қоймасының қызметі үшін импорттаушы жалпы көлеміне бай-
ланысты бір жұпқа 30 теңгеден 300 теңгеге дейін қаржы төлемек. Сонымен қатар бұл сомаға жөнелту, сақтау, буып-түю, стикеттеу, сканерлеу және есепке алу секілді қосымша шығындар кіреді. Орташа есеппен алғанда импорттаушылар үшін таңбалау шығындары бір жұп аяқ-
киім құнының 0,1-2,5 пайызын құрайды.
Кеден қоймасындағы таңбалау процестерін импорттаушылардың өздері де сынақтан өткізді. Олардың арасында 2006 жылдан бері әртүрлі тауар топтарын жеткізумен айналысатын «Алтын Promotion» компаниясы да бар.
– Заңсыз сатушылар жұмысымызға кедергі келтіруде. Біздің зерттеуіміз бойынша, олар қазір нарық көлемінің 80 пайызға жуығын «жаулап» алып отыр. Олар сертификаттаумен айна-
лыспайды, кедендік рәсімдерден өтпейді. Қысқасы, адал жұмыс істеуге құлықсыз. Ал біз салық төлейміз. Олар салықтан жалтарып отыр. Бұлай болмауы керек. Ереже бәріне ортақ, – дейді «Алтын Promotion» компаниясының директоры Алтын Қандыбаева.
Импорттаушының пікірінше, Data Matrix кодын енгізудің аяқкиімнің түпкілікті бағасына әсері шамалы. Өйткені бағаға бірінші кезекте жүк тасымалдаушылардың қызметі ықпал етеді. Биыл олардың қызметі қымбаттады.
– Біз сала өкілдерінің таңбалаудың негіздері мен мақсаттары туралы жалпы түсінігі қалыптасқанын байқап отырмыз. Әрине, сұрақтар жоқ емес, бар. Біз өз тарапымыздан цифрлы таңбалауды енгізу үдерісін сүйемелдеуді жалғастыруға және бизнестің барлық сауалына жауап беруге дайынбыз. Импорттаушылармен, аяқ-
киім өндірушілермен, сатушылармен арнайы вебинарлар өткізіледі. Сондай-ақ кедендік қоймалар мен кәсіпорындар да таңбалау процесін пысықтап жатыр, – дейді Цифрлық экономиканы дамыту орталығының басқарушы директоры Олжас Бектұров.
Еске сала кетейік, тауарларды цифрлы таңбалау Еуразиялық экономикалық одақ аумағында жүзеге асырылатын жоба болып саналады. Қазақстанда темекі өнімдерін міндетті таңбалау 2020 жылдың 1 қазанынан бастап енгізілді. Қазіргі уақытта дәрі-дәрмектерді, алкогольді, сүт өнімдерін және жеңіл өнеркәсіп тауарларын цифрлы таңбалау бойынша қанатқақты жобалар жүзеге асырылуда.