Сұхбат • 23 Маусым, 2021

Әсет Исекешев: «Жаңа ұлттық қауіпсіздік стратегиясының мақсаты – ұлттық мүдделерімізді қорғау»

539 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жарлығымен Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі жаңа Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын бекітті. Біздің өтінішіміз бойынша оның мақсаты мен негізгі басымдықтары туралы Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Әсет Исекешев айтып берді.

Әсет Исекешев: «Жаңа ұлттық қауіпсіздік стратегиясының мақсаты – ұлттық мүдделерімізді қорғау»

– Әсет Өрентайұлы, ең бастысынан бастасақ, құжаттың негізгі мақсаты қандай? Ол мемлекет пен барлық қазақстандық үшін қай жағынан маңызды?

– Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Стратегия жобасын қарап, оның мақсаты ұлттық мүдделерімізді қорғау болуы тиіс екенін айқындап берді. Кез келген сын-тегеуріндер жағдайында Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын, қоғамның бірлігі мен саяси тұрақтылығын, азаматтардың амандығын және әлеуметтік әділдікті сақтау қажеттігін тапсырды.

Құжат дәл осындай оймен дайындалды, Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты Үкіметпен бірлесе жыл бойы жұмыс істеді, түрлі сценарийлерді пысықтады.

– Стратегияны жаңартуға қандай жағдайлар итермеледі, ол қандай сын-тегеуріндерге жауап береді?

– Жаңа құжатты әзірлеу алдыңғы Стратегияның 2020 жылы аяқталуымен ғана байланысты емес. Ол біздің еліміз бетпе-бет кездесіп отырған жаңа сын-тегеуріндерге байланысты. Жаңа күрделі шындықтарды Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында ерекше атап өтті. Бұларды ұлттық қауіпсіздікті нығайту шараларын айқындау кезінде ескеру қажет.

Бір жағынан дәстүрлі қауіптер де ушығып тұр. Халықаралық терроризм мен экстремизм әлсіремей, жаңаша сипат алып, озық ақпараттық технологияларды жұмылдыру үстінде. Негізгі ресурстардың жаһандық тапшылығы, ең алдымен су мен азық-түліктің тапшылығы қайшылықтарды күшейтуде.

Екінші жағынан күн тәртібіне жаңа, дәстүрлі емес факторлар еніп жатыр. Біздің көз алдымызда коронавирус инфекциясы ағымдағы төтенше жағдайдан жүйелі де ұзақ мерзімді қауіпке айналды. Ол экономика мен әлеуметтік-еңбек саласында қауіптер «тізбегін» туындатты.

Індет жылдар бойы қалыптасып, пісіп тұрған проблемалардың бетін ашты. Жаһандық энергетикалық өзгерістер мен технологиялық революция жылдамдады, олар мүмкіндіктермен қатар қауіптер де тудырады.

Жалпы, қауіп-қатерлер қатты қарқындады, олар өзара тығыз байланысты және ұлттық шекараларға қарамайды. Жаһандық экономикада шешімдер қабылдау қауіпсіздік тұрғысынан алда тұр және оны барлық ұлттық экономика мен азаматтар сезінуде.

Бұның барлығы мемлекеттің ғана емес, қоғам мен барлық азаматтың күш жұмылдыруын талап етеді. Сондықтан ел басшылығы Стратегияны тек құжат ретінде емес, ұлттық қауіпсіздік тәуекелдерін басқарудың тиімді моделінің негізі ретінде, дағдарыс факторларына шұғыл ден қойып, жоюға қабілетті болатындай етіп әзірлеу міндетін қойды.

– Оның басымдықтары қаншалықты өзгерді?

– Стратегия Ұлттық қауіпсіздік туралы заңнамада бекітілген барлық «классикалық» бағыттарды қамтиды. Сондай-ақ құрылымы шынайы проблемаларды көрсете отырып, айтарлықтай өзгерді.

Мысалы, биологиялық қауіпсіздік кәдімгі салалық бағыттан кешенді блокқа айналды және бұл бір жылға ғана емес.

Ақпараттық қауіпсіздікті басымдық ретінде ғана емес, барлық саланы қамтитын «екіжақты» бірегей бағыт ретінде қарауға болады.

Экологиялық қауіпсіздік қатерлерінің мәндері қайта бағалану үстінде. Олар әлеуметтік тұрақтылықпен тығыз байланысты, өйткені қоғамның қоршаған ортаның сапасына сұранысы өсіп отыр. Екінші жағынан климаттың өзгеру проблемасы көміртексіз экономика, яғни жаһандық трендке ауысуда, бұл дәстүрлі салаларды толықтай өзгертеді.

Құқық қорғау мен сот жүйелері жұмысының тиімділігін арттыру күн тәртібінде қалатынын атап өткім келеді. Өздеріңізге мәлім, қазіргі таңда бұл салаға реформа жүргізіліп жатыр. Халықты барынша қауіпсіз ортамен қамтамасыз ету, түрлі қылмыстық қастандықтан қорғауымыз қажет. Осы ретте азаматтардың құқықтарын бұлжытпай қорғау, бизнестеріне негізсіз араласпау маңызды.

Сыбайлас жемқорлықпен батыл күресу де стратегиялық маңызға ие. Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы алдын алу шараларына, мемлекеттік рәсімдердің ашықтығына, жемқорлық белгілерінің жағдайлары мен себептерін жоюға, соның ішінде цифрландыру құралдары есебінен жоюға, заң бұзғандарды жазасыз қалдырмауға басымдық бере отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда жаңа шараларды тұжырымдауға бағыттайды.

Әскери істегі және технологиялық прогрестегі түбегейлі жаңашылдықтар, заманауи сын-тегеуріндер жағдайында әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Қарулы күштерді жаңғырту көзделген.

Біздің басымдықтар халықаралық аренада сақталады. Бірақ біз әлемдегі жаһандық және аймақтық қауіпсіздік мәселесінде халықаралық сенім дағдарысын, текетірес пен протекционизмнің өршуін ескеруімізге де тура келеді.

– Сондай-ақ Стратегияда адами капитал саласындағы қауіпсіздікке ерекше мән беріліп отыр. Оның себебі неде?

–  Шындығында, білім, ғылым, ұлттың зияткерлік әлеуетін дамыту мәселелері әрдайым басымдықтар қатарынан табылған. Алайда бүгінде олар стратегиялық императивке айналып отыр. Ұлттық қауіпсіздіктің қандай да бір бағытын алып қарасақ та, барлығы адами ресурстардың сапасына байланысты. Білім сапасы мен қолжетімділігі, дарындыларды қолдау, жастарымыздың таланттарын ашу, білім және ғылым институттарының бәсекеге қабілеттілігі – қауіпсіздігіміздің, мемлекеттігіміздің мызғымас тірегі.

Әрине, Стратегия білім саласындағы бағдарламалар мен тұжырымдамалардың мазмұнын қайталамайды. Бірақ ол ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан өте маңызды индикаторлар бойынша төменгі мәнді белгілейді.

Осындай индикаторлар басқа да салалық бағдарламалар мен ұлттық жобаларға енгізілетін болады. Осылайша, ұлттық қауіпсіздіктің теңдестірілген әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамумен ажырамас байланысы қамтамасыз етіледі.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен Кәрібай МҰСЫРМАН,

«Egemen Qazaqstan»