Әлем • 23 Маусым, 2021

Испаниядағы саяси жылымық

296 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Испания билігі каталониялық 9 саясаткерге кешірім жасады. Олар 2017 жылы сеператистік әрекет танытты деген желеумен жауапкершілікке тартылған еді. Ел Премьер-министрі Педро Санчес осы қадам арқылы азаттық аңсаған Каталония мен Испания арасын, сондай-ақ Пиреней түбегіндегі басқа да ұлтшыл топтармен татуласуды көздейді.

Испаниядағы саяси жылымық

П.Санчес бұл жоспарын өткен дүйсенбіде Каталонияға барған сапарында мәлімдеді. Оның айтуынша, тәуелсіздік жариялауға ұмтылған 9 саясаткерге кешірім жасау арқылы Испания демократиясында әлеуметтік үйлесім қалыптастыруға қадам жасалмақ. Ертеңіне Испания кабинеті бұл шешімді мақұлдады.

«Пандемия бір-бірімізге мұқтаж екенімізді есімізге салды. Келісімге келу үшін әрдайым біреу бірінші қадамды жасауы керек. Біз сыйластық пен құрметке негізделген қоғамдық келісімді қалпына келтіреміз. Жоқтан ештеңе шығара алмаймыз, бірақ қайтадан бастауға мүмкіндік бар. Біз Каталонияны жақсы көреміз», деді ол.

Премьер-министр айтып отырған 9 саясаткер 2017 жылы автономиялық өңірдің егемендігі жөнінде референдум өткізгені үшін айыпталған-ды. Осыдан кейін Испания соты оннан астам каталониялық саясаткерге 9 жылдан 13 жылға дейінгі мерзімде қылмыстық жаза тағайындаған еді. Кешірім алып отырғандардың қатарында Каталония республикалық солшыл партиясының (ERC) жетекшісі, Каталония автономиясы президентінің бұрынғы орынбасары Ориол Джункерас бар. Сондай-ақ Рауль Ромева, Хорди Турулл, Долорс Басса, Карме Форкаделл, Хоаким Форн, Хосеп Рул, Джорди Санчес және Джорди Куйсарт та рақымшылыққа ілікті.

Аттары аталған саясаткерлер осы аптаның басында түрмеден шықпақ. Бірақ үш жылдан алты жылға дейінгі аралықта ауыр қылмыс жасаса, кешірімнің күші жойылуы мүмкін.

Каталониялықтар мұны оң қадамға балап отыр. Әйтсе де, мұны жеткіліксіз деп санайды. Түрмеде отырған тоғыз саясаткерге кешірім берілді, бірақ үкімдері жойылған жоқ. Ендеше, олар қайтадан мемлекеттік қызметке орналаса алмайды. Оның үстіне, Испания билігі Каталонияның бұрынғы президенті Карлес Пучдемонды қудаламауға уәде берген жоқ. Ол 2017 жылғы сәтсіз референдумнан кейін Испаниядан қашып кеткен-тұғын.

Каталонияның қазіргі президенті Пере Арагонес бұл кешірімді Испания мен автономиялық аймақ арасындағы саяси дағдарысты шешуге жасалған алғашқы қадам деп есептейтінін жеткізді. Алайда бұл шешім әлі толыққанды емес. Сондықтан каталониялық саясаткерлер түбегейлі амнистия алуы тиіс.

Пиреней түбегінде Каталонияның тәуелсіздікке талпынысы талайдан бері әңгіме болып жүр. Мәселен, 2014 жылы аймақта тәуелсіздік алу жөнінде халықтық референдум өткен. Онда электораттың басым бөлігі Испаниядан бөлінуге дауыс берді. «Жеті рет өлшеп, бір рет кесуді» жөн көрді ме, бір жылдан кейін тағы бір мәрте референдум ұйымдастырылып, қатысушылардың көбі тәуелсіздік жариялауға келісімін берді.

2016 жылы Каталония үкіметі тағы да егемендік жөнінде партияаралық дауыс беру өткізген. Каталония парламентінің 50 пайыздан астамы азаттық алуды қолдайтынын білдірді. Соның нәтижесінде, қазанда елде жалпыхалықтық референдум ұйымдастырылды.

Ақыры 2017 жылы өңірде жалпыхалықтық референдум өтіп, дауыс бергендердің 90 пайызы егемендік алуды қолдады. Референдумға 5,3 млн электораттың 42,3 пайызы қатысып, 2,26 млн каталониялық азаттық алуды жақтап дауыс берді.

Осылайша, сол кездегі Каталония президенті Карлес Пучдемон өңірдің тәуелсіздігін жариялады. Бірақ Испания бұл шешімге қарсы келіп, референдум ұйымдастырғандарды қудалаған-ды. Сөйтіп олардың басым бөлігі темір торға қамалса, К.Пучдемон шетелге қашып, бас сауғалады.

Тәуелсіздік жариялауға ұмтылған саясаткерлерге кешірім жасауға қарсы болғандар да бар. Дегенмен Премьер-министр Педро Санчес бұл қадам Испания конституциясына сай келетінін алға тартып отыр.

«Рақымшылық жасау арқылы олардың ұстанымын өзгертуді көздемейміз. Бізге ондай нәрсе қажет емес. Испаниядағы мығым демократия ешкімнің идеясынан бас тартуды сұрамайды, бірақ өз ұстанымын заң аясында ілгерілетіп, басқалардың құқығын қорғауды талап етеді», деді П.Санчес.

Сарапшылардың пайымдауынша, ел Премьер-министрінің мұндай әрекеті Каталониямен арадағы саяси шиеленісті шешуге бағытталған. Оның үстіне, қазіргі таңда Санчестің партиясы парламентте аз орынға ие. Сондықтан ол келешекте өзін қолдайтындарды арттыруды көздейді.