Аймақтар • 23 Маусым, 2021

Дмитрий атайдың арманы – Қостанайда «Тоғызқұмалақ үйін» ашу

48 рет көрсетілді

Тың игеру жылдары Тобыл өңірінде тоғызқұмалақты дәріптеп, қазақтың зияткерлік ойынына ел қызығушылығын оятқан, осы спорт түрінен Қазақстанның тұңғыш спорт шебері, тоғыз дүркін республика чемпионы Дмитрий Поляков ақсақалды бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Қазір тоқсанның үстіне шыққан ардагер спортшы екі қазан, он сегіз отауға бөлініп, ақыл-ой ұшқырлығын таразылайтын бабадан жеткен дәстүрлі ойынды әлем жұртшылығы әлдеқашан мойындаған әйгілі шахматтан биік қояды.

 «Адам болам десең, Абайды оқы, тоғызқұмалақ ойна! Адамның ой-өрісін дамытуға келгенде қазақтың тоғызқұмалағына жететін ештеңе жоқ» деуден жалықпайтын қарияның ендігі арманы – Тобыл төрінде ұлттық ойынның өрісін кеңейтетін «Тоғызқұмалақ үйінің» ашылғанын көріп кету.

– Ұлттық спорт түрлерін дамытып жатқан мекемелер бар емес пе? Оның үстінде, облысымыздағы көптеген білім ошағының жанынан жұмыс істеп жатқан үйірмелер бар. Қостанайда «Тоғызқұмалақ үйін» ашудың не қажеті бар? – дейміз ғой баяғы.

– Тоғызқұмалаққа арнап жеке үй емес, зәулім сарай салса да артық етпейді. Өйткені өткен ғасырдың 60-жылдары осы тоғызқұмалақ арқылы Тобыл өңірінің атағы бүкіл республикаға дүрілдеп шыққан. Ұлттық ойынды осы жылдары үйрендім. Ол кезде ойын тақтасы бар болғанымен, қазіргідей құмалақтар жоқ болатын. Олардың орнына республикалық жарыстардың өзінде бұршақ пайдаланылатын. Қазақстан чемпионатына алғаш барғанымызда ешкім елей қоймады. Команда құрамында бесеу едік, жарысқа тас-түйін дайындықпен келгенбіз. Өзге командалардың ойын өрнегін мұқият бақылап, қағазға жазып алып отырдық. Бұған бұрыннан ойнап жүрген спортшылар күле қарап, әзілдеп қағытып жүрді. Бірақ оған ренжімедік, кезек бізге келгенде барлық қарсыласымызды кілең 5:0 ұпайымен жеңіп, финалдық кезеңге өттік. Финалдағы қарсыласым Қазақстанның 7 дүркін чемпионы екен, ал мен бірінші рет қатысып тұрған адаммын. Ойын өте тартысты өтті, дегенмен жеңіп шықтым. Әлі есімде, менің қарсыласыма тап берген бір ақсақал: «Жеті жыл қатарынан жеңіп жүрдің емес пе? Бүгін не болды саған? Жарысқа бірінші рет қатысып тұрған адамнан жеңіліп, жерге қараттың. Қазір базарға барам да, жұртқа жаям осы масқараңды!» деп ашу шақырды. Әлгі ақсақалдың әрекетіне қарап алғаш күлкім келді, бірақ кейін ойлап қарасам, қазақ халқы үшін тоғызқұмалақтың қадір-қасиетінің соншалықты қымбат екенін сол ақсақал арқылы түсініппін. Осыдан кейін Қазақстан бойынша он жылдай ешкімге дес бермедік. Тоғызқұмалақтан еліміздегі тұңғыш спорт шебері атандым. Ұлттық ойынның осы өңірде өрістеуіне ұзақ жылдар бойы көп үлес қостым, мұны өзім де мақтаныш тұтам. Енді «Тоғызқұмалақ үйі» Қостанайда салынбағанда, басқа қайда салыну керек? – деп, ақсақал рахаттана күліп алды.

Дмитрий Степанович өз қиялындағы «Тоғызқұмалақ үйінің» жобасын да сызып қойыпты. Бұл ұсынысын облыстың бұрынғы басшыларының біріне айтқан екен. Бірақ дұрыс жауап болмапты. Соңғы үш ай бойы сырқаттанып, үйінен шыға алмай қалған ардагер спортшы жағдайы түзелсе, облыс әкімінің қабылдауына жазылатынын айтты.

Талай қиын-қыстау кезеңді бастан өткерген қарияның адами болмысына, қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен тәрбиесіне, салт-дәстүріне деген ерекше құрметіне сүйсінбеске болмайды. Оның осы бір кісілік қасиетіне тоқтала кету үшін сәл шегініс жасағанды жөн көрдік.

Дмитрий атай негізі Павлодар өңірінде дүниеге келген. Бала кезінен-ақ математика мен геометрияға қатты қызығып, ғалым болуды армандапты. Өйткені саяси қуғын-сүргінге түсіп, Петербордан жер аударылып келген мықты математик мұғалімнің алдын көріпті. Қазір ол ұстазының аты-жөнін ұмытып қалғанымен, алған білімі мен тәлім-тәрбиесі жадына мықтап сіңіп қалған. «...Содан келесі мектепке ауысып кеттім. Ол мектепте сабақ үстінде математика пәнінен беретін мұғаліммен тайталасатын болдым. Ұстазым есепті бір амалмен шығарса, мен өзімше бір амалмен шығарып жүрдім. Кейін мектеп бітірген соң, Алматыға барып, физика-математика факультетіне емтихан тапсырдым. Жоғары баға алғаныммен, одан қайыр болмады, кілең үштік баға алған соғыстан оралған майдангерлер орынның бәрін алып қойыпты. Ол кезде оқуға ең бірінші кезекте майдангерлер қабылданатын. Одан медицина мамандығына барып едім, ол жерде де орын қалмапты. Біздің уақытта оқуға түсе алмай, ауылға қайтып келу дегенің – өліммен пара-пар болатын. Қалайда оқуға түсу керек, амалсыз дене тәрбиесі мамандығын таңдауға тура келді. Оларға дәл сол сәтте адам жетпей жатыр екен, мені құшақ жая қарсы алды. Осылайша, математик болсам деген арманым сағымға айналып, аяқ астынан спортшы болып шыға келдім», деген Дмитрий Степанович осы жерден әңгімесін кілт үзді.

– Осы қазақтардың жеті атасына дейін жатқа білетініне қатты сүйсінемін. Өте бір қайран қаларлық керемет дүние ғой. Мен, мысалы, мықтағанда екінші атамды ғана білемін. Одан арғылары кімдер, қандай адамдар болған? Ол жағы жұмбақ. Қазақтың отбасылық тәрбиесі де ғажайып институт. Менің пәтерім үшінші қабатта. Анда-санда таза ауаға шығып, үйге жақын болғандықтан, орталық саябақта серуендеп келемін. Көршіміз – қазақ. Кейде төмен түсіп бара жатып, сол үйдің кішкентай баласымен жолымыз тоқайласып қалады. Мұндайда әлгі балақай таяғымды алып, қолтығымнан демеп, жүгіріп барып есікті ашып аулаға дейін шығарып салады. Өзге ұлттың балалары бұлай істемейді ғой. Қаршадай ғана бала мұны қайдан біледі? Демек, бұрынғылардан, қаннан келетін болып тұр ғой, деді маған ойлы көзімен тесіле қарап қалған ақсақал.

– Дмитрий Степанович, тоғызқұмалақты қайдан үйреніп жүрсіз? – деймін сөз ауанын бастапқы әңгімеге қарай бұрып. Ақсақал сәл мүдіріп барып:

– Шынымды айтсам, дәл кімнен қашан үйренгенім есімде жоқ. Дене тәрбиесі институтында оқып жүріп, жеңіл атлетика, семсерлесу, бокс сияқты спорт түрлерін меңгердім. Шахматты да тәуір ойнайтынмын. Оқуды тәмамдаған соң 1954 жылы комсомолдық жолдамамен  Қостанайға келдім. Мұнда біраз жыл облыстық спорт комитетінің төрағасы қызметін атқардым. Тоғызқұмалақты осы қызметте жүріп үйрендім. Кейін әріптестеріме үйреттім. Бұрын жұмыста түскі үзіліс кезінде шахмат ойнаушы едік, тоғызқұмалақ үйреніп алған соң оны мүлде ұмыттық. Осылайша, сәл босай қалсақ, тоғызқұмалаққа отыруды әдетке айналдырдық. Ауыл шаруашылығы институтының дене тәрбиесі кафедрасында жұмыс істеп жүргенде сабақтан тыс үйірме ашып, студенттерімді осы спорт түріне баулыдым. Ал 1992 жылы біржола жаттықтырушылық қызметке көшіп, кейінгі буын жастарға тоғызқұмалақ үйрете бастадым, – дейді қарт ұстаз.

Тоғызқұмалақ шебері ұлттық спорт ойынының тарихына үңіліп, біраз зерделеп көріпті. Тоғызқұмалақты данышпан Абайдың да сүйіп ойнағанын естіген Дмитрий атай Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын сатып алып, бастан-аяқ оқып шығады.

– Тоғызқұмалаққа деген сүйіспеншілігім арқылы ұлы Абайға есік ашылды. Абай кейінгі ұрпаққа баға жетпес рухани қазына болып қалды. Бұл – талассыз шындық. Абайдың шығармаларын бүгінде бүкіл әлем оқиды, сол сияқты тоғызқұмалақ та уақыт ілгерілеген сайын кең өріс жайып, жалпыхалықтық спорт ойындарының санатына кіретіні сөзсіз, деді қарт спортшы.

Тоғызқұмалақтың Тобыл өңіріндегі жоқшысы атанған ардагер спортшы – бүгінде «Ұлттық ойын – тоғызқұмалақты дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Есімдері республикаға белгілі Талғат Тоқтыбаев, Әсемгүл Шегебаева сынды саңлақ спортшылардың Дмитрий Поляковтың шекпенінен шыққан тоғызқұмалақ шеберлері екенін де айтпай кетуге болмайды. Поляков негізін қалаған Тобыл төріндегі тоғызқұмалақ мектебінде бүгінде 4 мыңнан астам спортшы шеберліктерін шыңдап жүр. Олардың ішінде әлем біріншілігінің жүлдегерлері мен республика чемпиондары да бар.

 

Қостанай облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Жеңіс дауысы

Тарих • Бүгін, 23:43

Суретші саясаткер

Өнер • Бүгін, 23:17

Төртеу түгел болса...

TOKYO2020 • Бүгін, 23:10

Ел Еленаға елеңдеп еді...

TOKYO2020 • Бүгін, 22:59

Ертеңін ойлаған екпе алады

Коронавирус • Бүгін, 16:53

Ұқсас жаңалықтар