Қазақстан • 23 Маусым, 2021

Баспа ісі бәсекені талап етеді

892 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еске салсақ, 2004 жылдан бері ТМД мемлекеттерінің баспалары арасында жыл сайын өткізіліп келе жатқан «Искусство книги» атты халықаралық байқау бар. Кейінгі жылдары бұл бәйгенің аты шығып, абыройы артып, салмағы еселене түскен. Былтырғы жыл қорытындысында да қазақстандық баспалар ұсынған кітаптар жоғары нәтиже көрсетіп, әр аталым бойынша жүлделі орындар иеленген еді.

Баспа ісі бәсекені талап етеді

Биыл XVIII мәрте өткізілген «Искус­ство книги» байқауына Қазақстан Рес­пуб­ликасы төрағалық етті. Ұйымдастыру және қатысушы мемлекеттер ұсынған кітаптарды жинақтау жұмыстарын Ұлт­тық мемлекеттік кітап палатасы атқарды. Халықаралық жобаның қорытынды жиналысы жуырда онлайн форматта өтті.

Қорытынды жиналыстың алғашқы күніндегі отырысқа байқау төрағасы, Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов қатысып, ұсынылған кітаптардың сапасы да айтарлықтай өс­кенін атап өтті. «Бұл байқаудың бас­ты мақсаты – ТМД мемлекеттері ара­сындағы баспа ісі саласы бойынша әрі жалпы руханият бойынша өзара ын­тымақтастық қарым-қатынасты те­реңдету, дамыту және жаңа жобаларды бірігіп жүзеге асыру, қолдау көрсету, тәжірибе алмасу», деді ол.

Бірінші күннің жоспары бойынша алты мемлекеттен ұсынылған кітап­тарды таныстыру және талдау жұ­мыс­­тары жүргізіліп, пікірталас үш са­ғатқа созылған. Қазылар алқасы ұсы­­ныл­ған кітаптардың халықаралық ын­ты­мақ-                                                                              тастық, Тәуелсіздіктің 30 жыл­дығы, кітап­тың безендірілуі сияқ­ты бағыт­тар­дағы басымдықтарын, ерек­шеліктерін, ізденіс нәтижелерін баға­лады. Негізгі басымдық ұсынылған ең­бектерді но­ми­нация талаптарына сай екенін анық­тауға, жаңа тақырыптардың ұсы­нылуына бағытталды. Байқау шартына сәйкес ұсынылған кітаптар 10 номинация бойынша («Содружество», «Моя страна», «Диалог культур», «Книга для детей и юношества», «Наука и образование», «Арт-кни­га», «Искусство иллюстрации», «Отпечатано в содружестве», «По­беда», «Гран-при») сынға түседі.

Айта кетейік, қорытынды отырысқа Армения Республикасынан Ұлттық кітапхананың Халықаралық жобалар координаторы Маргарэт Асланян, Беларусь Республикасынан Ақпарат министрлігінің Баспа ісі және полиграфия ісі басқармасының басшысы Владимир Андриев, Қазақстан Респуб­ликасынан Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Әділ Қой­танов және «Балалар әдебиеті» бас­па­сының директоры Шайзада Бай­ке­нова, Қырғыз Республикасынан Мем­лекеттік кітап палатасының директоры Койчымбек Мо­мункулов, Ресей Феде­рациясынан Цифрлық даму, байланыс және бұқаралық ақпарат құралдары ми­нистрлігінің БАҚ-тағы мемлекеттік саясат басқармасының басшысы Александр Воропаев қатысты.

 «Искусство книги» байқауына Қазақстан Республикасының төрағалық етуі – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қар­саңында жауапкершілігі жоғары жұмыс болды. Ауқымды іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтқан Ресей Федерациясынан Цифрлық даму, байланыс және бұқаралық ақпарат құралдары министрлігінің БАҚ-тағы мемлекеттік саясат басқармасының бас­шысы Александр Воропаев елдер ара­сындағы мәдени байланыстарға тоқталды.

«Біз «Искусство книги» байқауын жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу ар­қылы ТМД мемлекеттері арасындағы рухани байланысты, мәдени қарым-қатынастарды нығайтып келеміз. Осы бағыттан алып қарасақ, бұл байқаудың тәжірибе алмасу алаңына айналып, халықаралық ауқымда маңызды рөл атқарып отырғанын байқаймыз. Қазақ­стан Республикасы биылғы бай­қауды қашықтан ұйымдастыра отырып, өте жоғары деңгейде алып шыққанын айта кетуіміз керек. Байланыс сапасы да, байқауды ұйымдастыру және оған жергілікті мамандарды шақыру, төр­ағаның әрдайым тікелей байланыста болуы – іс-шараның маңызын арттыратын қадамдар», деді ол.

Ал Қырғыз Республикасының Мем­лекеттік кітап палатасының директоры Койчымбек Момункулов: «Қазақстан Республикасының баспа ісі саласы жыл санап қарқынды дамып келе жатқанын осы байқау төңірегінде көріп отырмыз. Елдің тарихын, мәдениетін, әдебиетін, салт-дәстүрін насихаттайтын ірі шығар­малар басылып жатыр. Біз де биыл осы халықаралық конкурсқа қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының қырғыз тіліндегі нұсқасын ұсынып отырмыз. Әдебиет пен өнерде шекара жоқ, біз бауырлас халықтардың мәдениетіне, діні мен тіліне, салт-дәстүріне әрдайым құрметпен қараймыз», деп атап өтті.

Ұлттық мемлекеттік кітап палата­сының директоры Әділ Қойтанов жиналысты қорытындылай келе, екі күн бойы онлайн байланысқа шыққан әрбір қатысушыға алғыс білдірді. «Би­ыл екінші мәрте әлемдегі эпидахуал салдарынан халықаралық байқауды онлайн форматта өткізіп отырмыз. Де­ген­мен қысылтаяң уақыт болса да, біз халықаралық қарым-қатынастарды ны­ғайтуды, баспа ісі саласындағы тәжі­рибе алмасу мәселелерін өзіне жүктей­тін «Искусство книги» байқауы өз дең­гейінде өтті деген ойдамыз», деді ол.

Байқаудың қазылар алқасы Мәскеу халықаралық кітап көрмесі аясында байқау жеңімпаздарын салтанатты түр­де марапаттау шарасын (онлайн өтуі мүмкін) талқылап, егер дәстүрлі фор­мат­та өткен жағдайда басқосуға уағ­даласты.