Жиын барысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот-сараптама қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Аталған мәселе бойынша баяндама жасаған депутат Снежанна Имашеваның айтуынша, құжат қолданыстағы заңнама мен құқық қолдану практикасының мониторингі, сондай-ақ депутаттардың сарапшылармен, адвокаттармен, заңгерлермен, судьялармен және құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесулері кезінде түскен ұсыныстары негізінде әзірленді.
Аталған заң жобасы кәсіби көрсетілетін сот-сараптамалық қызметтердің бәсекелес нарығын дамыту үшін жағдай жасауға бағытталған.
«Заң жобасы қалыптасқан проблемалық мәселелерді шешуге, олқылықтарды жоюға, сот-сараптама қызметі саласындағы құқықтық реттеу тәртібін белгілеуге бағытталған. Біріншіден, сот-сараптама қызметінде жаңа субъект – «мемлекеттік емес сот-сараптама ұйымының» пайда болуы. Бұл жеке сот сарапшыларының жұмысын одан әрі дамытуға және институттық тұрғыдан нығайтуға негіз болады. Осы жаңашылдық жеке сот сарапшыларының сот-сараптама қызметі үшін материалдық-техникалық, зертханалық және ғылыми база құру бойынша бар ресурстарын шоғырландыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде сот сараптамасы мемлекеттік аппаратының жүктемесін жеңілдетіп, сараптама жүргізу мерзімін айтарлықтай қысқартады», деді Мәжіліс депутаты.
Екіншіден, құжатта сот сарапшыларын аттестаттау рәсімін сертификаттау рәсіміне ауыстыру ескерілген. Сертификаттау сот сарапшыларының кәсіби, оның ішінде халықаралық стандарттарға сәйкестігін неғұрлым тиімді бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ сот-сараптамалық зерттеулер жүргізу сапасының жоғары деңгейін қамтамасыз етеді.
«Үшіншіден, сот-сараптама қызметін стандарттау рәсімін енгізу сот сарапшысына зерттеу барысында валидациядан өткен ғылыми негізделген әдістемелермен қатар, ұлттық стандарттарды да қолдануға мүмкіндік береді. Стандарттарды қолдану өз кезегінде сот сараптамаларын жүргізуді жүзеге асыру кезінде бірыңғай ғылыми-әдістемелік тәсілді қалыптастыру және жүргізілетін сараптамалық зерттеулер қорытындыларының объективтілігін, нәтижелілігін және жарамдылығын арттыру үшін негіз болады», деді С.Имашева.
Заң жобасын әзірлеушілер Әділет министрлігінің және Сот сарапшылары палатасының кейбір құзыреттерін нақтылады. Бұның нәтижесінде сот-сараптама қызметтері нарығында бәсекелестікті қалыптастыру міндеті мен мемлекеттік бақылау арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге мүмкіндік болады. Сонымен бірге, сот-сараптама қызметтерінің реттелмеген нарығын құру және бұл қызметті бақылаусыз коммерцияландыру қаупін болдырмайды.
«Заң жобасы сондай-ақ процестік негіздерді жетілдіруге және сот сараптамасын тағайындау, ұйымдастыру және жүргізу мәселелеріндегі құқықтық олқылықтарды жоюға бағытталған бірқатар нормаларды қамтиды. Құжаттың өзектілігі күмән тудырмайды. Өйткені ол бірінші кезекте дәлелдемелік базаны қамтамасыз ету мәселелерін қозғайды. Осыған байланысты заң жобасында ұсынылған ережелер сот төрелігі процесіне қатысатын азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын қорғау үшін қолайлы жағдайлар жасайды деп санаймыз», деді депутат.
Сонымен қатар жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік cаласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Заң жобасы құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдар мен Қазақстан Республикасының патенттік сенім білдірілген өкілдері қызметінің ашықтығын күшейтуге бағытталған және құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйым қызметінің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталатын тетікті әзірлеуге мүмкіндік береді. Өйткені онда авторлар мен құқық иеленушілердің қаражаты жинақталып, олардың өздері төлем, сыйақы төлеуді жүргізеді және өз құқықтарын пайдаланады.
Құжат 2018 жылы қабылданған ұлттық заңнамалық нормаларды дамытуға бағытталған. Сондай-ақ Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына көшуді қамтамасыз етеді.
«Мәжілістің тапсырмасы бойынша Әділет министрлігі Reed Smith компаниясының заң консультанттарын тарта отырып, заңнама мен құқық қолдану практикасына талдау жүргізді. Талдау қорытындысы бойынша Әділет министрлігімен бірлесе отырып, осы саланы одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар әзірленді. Жұмыстың нәтижелері депутаттық бастамаға негіз болды», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Гүлнар Бижанова.
Заң жобасында бірқатар түзету ұсынылған. Мәселен, авторлардың заңды алымдар мен сыйақылар алу құқықтарын қорғау мақсатында ұжымдық ұйымдар қызметінің ашықтығына қойылатын талаптар күшейтіледі. Ұлттық брендтеуді дамыту және өткізу нарығын кеңейту мақсатында «географиялық нұсқау» деген жаңа объект енгізіледі.
Сонымен қатар тіркелмеген өнеркәсіптік үлгілерді қорғау үшін «қысқа мерзімді қорғау» режімі қарастырылған. Тараптардың «оппозициялық» жүйені қолдану мүмкіндіктері кеңейтіледі. Бұл жаңалық өтінім сатысының өзінде тіркеуге қарсылық білдіруге рұқсат бермек. Патенттік сенім білдірілген өкілдердің қызметін реттеуге қойылатын талаптар нақтыланады. Бұл құқық иеленушілердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғаудың сапасын қамтамасыз етуге жағдай жасайды.
«Бірқатар түзету ұлттық заңнаманы зияткерлік меншік саласындағы халықаралық актілермен үндестіру қажеттілігіне байланысты. Осы заң жобасының маңыздылығын, оның елдегі зияткерлік меншік саласын дамыту, құқық иеленушілердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін салдарын ескере отырып, Ұлттық зияткерлік меншік институтына барып, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің кеңейтілген отырысы өткізілді. Мәселелердің кең ауқымын талқылауға көрнекті халықаралық және отандық сарапшылар, Еуразиялық патенттік ведомствоның басшысы, судьялар, Сот төрелігі академиясының басшысы, ғылым, шығармашылық интеллигенция, авторлық қоғамдастықтар мен мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері тартылды. Заң жобасын қабылдау зияткерлік меншікке арналған құқықтарды қорғауды одан әрі күшейтуге және зияткерлік меншік саласындағы дауларды объективті шешу үшін жағдайлар жасауға ықпал ететініне сенімдіміз», деді Г.Бижанова.
Сондай-ақ жиын барысында Палата комитеттері кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу мәселелері туралы және Қазақстан мен АҚШ арасындағы әуе қатынасы туралы келiсiмді ратификациялау туралы заң жобаларын жұмысқа алды.
Жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар: Фахриддин Қаратаев, Гүлдара Нұрымова, Вакиль Нәбиев, Дариға Назарбаева, Берік Бекжанов, Александр Милютин, Айқын Қоңыров, Қазыбек Иса, Азамат Әбілдаев, Ғалымжан Елеуов, Азат Перуашев, Артур Платонов.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Парламент Мәжілісінің жетінші шақырылымының алғашқы сессиясы жұмысын қорытындылап, осы сессия өз жұмысын қасиетті ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толған тарихи кезеңде бастағанына тоқталды.
«Осы сессиядағы жаңа және нақты қадамдар Мәжілістің заң шығару жұмысын одан әрі күшейтуге жол ашты. Соның нәтижесінде, Мәжіліс саяси, әлеуметтік, экономикалық маңызы зор көптеген заңдарды қабылдады. Көптеген парламенттік шаралар ұйымдастырылды. Бұл жолда біз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Стратегиялық бастамаларын және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың алға қойған міндеттерін басшылыққа алдық. Оның барлығы, халқымыздың өмір сапасын арттыруға, еліміздің тұрақты дамуын заң деңгейінде қамтамасыз етуге ықпал етті», деді Мәжіліс Төрағасы.
Нұрлан Нығматулин атап өткендей, сессия барысында депутаттар өздерінің заң шығарушылық бастамаларын белсенді қолданып, 10 заң жобасын әзірлеген.
Сонымен қатар осы сессияда 230-дан аса депутаттық сауал жолданды. Олар индустриялық-инновациялық даму, қаржы, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және аймақтық даму мәселелеріне бағытталды. Палата Спикері сессия аяқталғанымен, депутаттар өңірлерге, шалғайдағы ауылдық жерлерге барып, сайлаушылармен кездесетінін айтты.