Білім • 24 Маусым, 2021

«Серіктес директорлар» лигасы құрылды

418 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазір білім саласына, орта мектеп басшысына қойылатын талап бұрынғыдан мүлдем бөлек. Өзі жетекшілік жасап отырған ұжымды жаңартылған білім беру ұстанымдарына бейімдеп, жаңалық енгізе алмаған басшы көшке ілесе алмай қалады. Ең бастысы, әріптестеріне де, білім алып жатқан оқушыларға да кесірін тигізеді.

«Серіктес директорлар» лигасы құрылды

Бұл ретте Қызылордадағы білім беру ұйымдарын басқара­тын директорлар арасында жақсы үрдіс қолға алынғанын айта кетуіміз керек. Республикада алғаш болып Сыр өңірінде «Серік­тес директорлар» лигасы құрылып, мектептердің жоба­лық бағыттары айқындалды. Құрыл­ғанына жыл толған лигадағы мектептерге 20-дан аса тақырыптық бағыт беріліп, соған сәйкес әр білім ұясы жаңа жобалар енгізді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл тәжірибе әрі қарай өзге мектептерге таратыла береді.

Бүгінде облыс орталығындағы №3 ІТ-лицей «Бағдарламалау мек­тебі» атанып, білім ұясында Diqital school studio студиясы мен ІТ-журналистика үйірмесі жұмысын бастап кетті. Қаладағы №101 мектеп экологиялық жобаларды жүргізетін «Жасыл мектеп» мәртебесін алды. Ал №261 мектеп «Өзін-өзі бас­қару» жүйесін дамытатын тірек білім ошақтары қатарына еніп отыр. Мұнан бөлек, №176 мектеп «Оқуға құштар», №140 мек­теп «Ғылыми жобаларға бағыт­талған» ұжым ретінде жұ­мыс жүргізуде. Ал келесі оқу жылында №278 мектеп оқушылар үшін бизнес тәсілдерін үйрететін «Кәсіпкерлік мектебі» атанбақ.

Облыстық білім басқарма­сының басшысы Ақзира Қа­сы­мова­ның айтуынша, лиганы құ­рудағы басты мақсат – директорлар арасында шынайы бәсеке қалыптастырып, басшылардың коммуникалық және менеджменттік қасиеттерін дамыту және жаңа жобалармен жұмыс жүргізуіне мүмкіндік беру болып отыр.

– Қазіргі заман талабы ди­рек­торлардың кабинеттік бас­қару жүйесінен алыстайтын уақыты жеткенін көрсетіп отыр. Директордың басқарушылық қабілеті өз мектебіндегі мұға­ліммен қарым-қатынас орнатуынан көрінеді. Сонымен қатар білім ұясын басқарған басшы жұмысын бағалауда оқушылармен, ата-аналармен жұмысты жолға қоюы секілді өлшемшарт еніп отыр. Олардың жұмысы жаңа білімді игеру, педагогтерді тиімді басқару мен ата-аналардың тілін табу секілді маңызды қа­сиеттер арқылы бағаланады. Осы арқылы біз бірінші кезекте мазмұн мен сапаны талап етеміз. Білім беру стандартын меңгерту үшін дирек­тордың жан-жақты жұмысты үй­лестіруіне мүмкіндік жасаймыз. Лиганы ашудағы мақсатымыз да өзара бәсеке қалыптастыру арқылы басқарушылық бағыттағы көз­қарасты жаңа заманға сай бейімдеу, – дейді басқарма басшысы.

Жыл ішінде «Серіктес директорлар» лигасы мүшелері TEDx алаңында кездесіп, жаңа кейстер бойынша білімдерін жетілдірді. Директорлар «Стратегиялық брэнд менеджмент», «Мектептегі венчурді дамыту», «Мұғалім арасындағы матрицалар мен анықтауыштар», «Мектептегі HR менеджмент» енгізудің жаңа әдістерін үйренді.

Бір жылға жуық уақыт ішінде «Серіктес директорлар» лигасы әдістемелік марафон, «Алтын белгі» үміткерлеріне арналған форум, оқушылар арасындағы дебат, «ПедEXPO-2021, таза табиғат аясындағы «Мектептегі бенчмаркинг» шараларын ұйымдастырып, үздік 30 кітапқа 30 бейнеролик түсірген.

Лигадағы директорлар биыл өңірде тұңғыш рет өткен саммитте бас қосып, оқу жылын қорытындылады. «re-Start: Жаңа әлемдегі жаңа мен» атауында өткен директорлар саммитінде білім беру ұйымының басшылары өзекті мәселелерді пікір алмасу форматында талқылады. Қызықты тақырып аясында ой бөлісті. Мәселен, Қызылорда қаласындағы №176 мектеп директоры Қадыркүл Шаймағанбетова «Директордың 10 қателігі» та­қырыбын арқау етіп алып, әріптестеріне сауал қойды. Ал №3 ІТ-лицей директоры Ләззат Әбенова «Директордың өзіндік дамуындағы жылдық жос­пар модулі» тақырыбын тар­қатты. Жеке және жылдық жос­парды құрудың жолдары жайлы тәжі­рибесін айтты. Сондай-ақ №43 мектеп директоры Бақытжан Иманбердиева «Көш­басшыдағы эмоциялық интеллект» бағытында ой өрбітті. Ар­найы бейнесюжет арқылы дирек­торларға тығырықтан шы­ғар жолды нұсқап, тосыннан сұрақ­тар қойды. Ал өңірдегі білім оша­ғының ең жас басшысы саналатын Жаңақорғандағы №164 мектеп директоры Жанболат Ах­метжанов «Педагогпен диалог» тақырыбында қызу пікірталас ұйымдастырды.

Ой алаңындағы талқылауда барлық директор өзіндік пікірін ай­тып, көзқарастарын білдірді. Ішкі сараптау, сыни ойлау сынды мәселелер де қамтылды. Лига жыл ішінде 30-ға жуық мектеп дирек­торының басын біріктіріп отыр. Жаңа оқу жылында олардың қатары жаңа мүшелермен толықпақ.

 

Қызылорда облысы