Қоғам • 24 Маусым, 2021

Цифрлы дәуірдегі архив ісі

1144 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы Президент архивінде ТМД елдері жас архившілерінің IV Жазғы мектебінің ашылуы өткізіліп, жұмысын бастады. 2017 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві, Ресей мемлекеттік гуманитарлық университеті және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бірлесіп, тарихты сақтаушыларға халықаралық білім беру жобасын ұйымдастыруды бастаған болатын. Дәстүрге айналған жастар форумы биыл бірінші рет бейнеконференциялық байланыс түрінде өткізілуде.

Цифрлы дәуірдегі архив ісі

Іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өту аясында ұйымдастырылды. Жазғы мектептің ашылу салтанатында Президент Архивінің директоры Жәмилә Әбдіқадырова, Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің ғылыми жұмыс бойынша бірінші проректоры Ольга Павленко, Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті Тарих факультетінің деканы Меңдігүл Ноғайбаева, Бүкілресейлік архив ісі және құжаттану ғылыми-зерттеу институтының директоры Павел Кюнг, Президент Архивінің жанындағы Қоғамдық кеңес төрағасы Борис Жапаров форум қатысушыларына арнап құттықтау сөз сөйледі.

Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің басшысы Нұрлан Оңжановтың Жазғы мектеп қатысушылары мен қонақтарына құттықтау сөзі оқылып, онда құжаттану үрдісін цифрландыру мен одан әрі жетілдіруге байланысты бірқатар мәселелерді қарастыру, IT технология­лар саласының білікті мамандары мен беделді сарапшыларын тыңдау мүмкіндігіне тоқталып, мазмұнды пікірталасқа қатысып, бағалы тәжірибе алмасуға шақырды. Архивші мамандармен өтетін мұндай кездесулер архив ісіндегі дәстүрді сақтап, даму басымдықтарының қалыптасуына, нығайтылуына әкелетінін айтты.

Корея Ұлттық архивінің президенті Джэ Хи Чой (Jae-Hee Choi) форум тақырыбының цифрлы дәуірдегі өзектілігін атап өтіп, қатысушылардың жұмысына табыс тілеп, құттықтау жолдады.

Бүгінгі күндегі цифрландырумен байланыс­ты бүкіл әлемдегі ауқымды өзгерістер құнды ақ­параттарды сақтауға бағытталған пәрменді шараларды қажет етеді. Мәліметтердің жойылу қаупі жоғары болса, салдары апатқа әкеледі. Сондықтан бүгінде ақпараттың түпдеректерін сақтаудың білікті мамандары – архившілерге деген талаптар өсуде, ал біздің мемлекеттерге жас дарынды кадрлар қажет. Кәсіби білімін жетілдіре отырып, әртүрлі мемлекеттердің мамандарымен тәжірибе алмасатын алаңды ұйымдастыру уақыт талабы болып барады. Кәсіби мемлекеттің қалыптасуы үшін өзінің ісін меңгерген, мамандығын сүйетін кәсіби кадрларды қолдап, өсіру қажет. Әсіресе тарихи құжаттық жадыны сақтауда кәсібилігін танытатын архивші мамандар келешек буын үшін қажет.

Биылғы іс-шарада архив ісі мамандары мен оқытушылары – ресейлік Михаил Ларин, Павел Кюнг, Юлия Юмашева, Польша архивінің өкілі Артур Горак, Финляндиядан келген Дмитрий Фролов, белоруссиялық Андрей Рыбаков, оңтүстіккореялық Ким Джепён мен қазақстандық Әлия Мұстафина, Баян Жұматаева және Бақыт Нұрпейісова спикер болды. Жазғы мектепке Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Белоруссия, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей Федерациясы, Татарстан архив мекемелерінің 270-тен астам маманы қатысты. Қазіргі оқытудың онлайн форматы географиялық шеңберді кеңейтіп, бірінші рет Әзербайжан мен Армениядан архившілер қосылды.

Ұйымдастырушылар V Жазғы мектеп келесі жылы дәстүрлі форматта өтетініне үміт білдіріп, ТМД архив мекемелерінің жас мамандары Алматы қаласына жиналып, танысып, тәжірибе бөлісіп, кәсіби архившілер әлемдік тарихи мұраның сақталуына ортақ үлесін қосады деп сенеді.

 

АЛМАТЫ