Нұр-Сұлтан қаласы емханаларының қызметкерлері концерттің басты қонақтары болып, әлемге танымал әртістердің өнерін тегін тамашалады. Бейнелеп айтсақ, фестиваль ұйымдастырушылары оларға көмек ретінде MuzVac деп аталатын жаңа музыкалық вакцинасын ойлап тапты. Бұл, ең алдымен, вирусты жеңу үшін иммунитетті нығайтудың, жақсы көңіл күй сыйлаудың тиімді құралы.
Кеште Италия мен Швецияның танымал жұлдыздары – Антонелло Кароцца, Риккардо Бертоццини, Миа Стегмар – Дженни Тарнеберг, сондай-ақ Ерлан Рысқали, Альфия Каримова, «Астана Опера» театрының симфониялық оркестрі мен Нұр-Сұлтан қаласы филармониясының камералық хоры өнер көрсетті.
Дирижерлік тұғырда Италиядан келген маэстро Роберто Молинелли тұрды. Дирижер өз сөзінде пандемия кезінде қайсарлық танытқан дәрігерлерге алғысын білдіріп, фестивальдің ізгі мақсаттарын бөлісу үшін бұл іс-шараға барлық әртістердің зор қуанышпен келгендерін жеткізді.
Концерттік бағдарлама әлемдегі сан мың тыңдарманға жағымды әсер сыйлаған ХХ ғасырдың үздік туындыларынан құралды. Атап айтқанда, АВВА және Queen топтарының атақты әндері, «Кәсіпқой», «Зұлым, жаман, жақсы», «Миссия» сынды әйгілі кинофильмдерге жазылған Эннио Морриконенің музыкасы көрермен көңілінен шықты.
Айта кетейік, фестиваль «MuzVac – үздік музыкалық вакцина!» ұранын арқау етіп, Елорда күнін мерекелеу аясында өткізілді. Қайырымдылық жоба елордалық көрерменге 3 концерт ұсынды.