Аймақтар • 24 Маусым, 2021

ҚМДБ Сарыағашта халықаралық конференция өткізді

480 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Ынтымақ ауылында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болуымен халықаралық конференция өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

ҚМДБ Сарыағашта халықаралық конференция өткізді

Әбдісаттар Сманов пен Әбдіғаппар Шәкірұлының рухына арналған «Дін руханиятының ұлағатты ұстаздары» ғылыми-танымдық конференциясына ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Усманхан Алимов, Қырғызстан мүфтиінің міндетін атқарушы Жоробой қажы Шерғазыев, ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы, Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшелері, облыстың бас имамдары мен медресе директорлары қатысты.

Алқалы жиын алдымен Смановтар әулетінен дүниеден өткен жандардың рухына Қасиетті Құран аяттарын оқумен басталды. Құран дұғасы жасалып, Әбдісаттар мен Әбдіғаппар ұстаздардың дін руханияты жолында атқарған еңбегіне тоқталған қысқаша бейнеролик ұсынылды.

Конференция барысында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы баяндама жасап, дін ғұламаларының мағыналы ғұмырына тоқталды.

«Дәстүрімізбен біте қайнасатын мұсылмандық сипат сөз болғанда оңтүстік өлке назардан тыс қалмайды. Қазақтың байтақ даласы, оның ішінде Сарыағаш жұртына аты мәшһүр қос бірдей дін жанашыры Әбдісаттар, Әбдіғаппар Шәкірұлдары туралы көп айтуға болады. Еліміздегі діни білім беретін медреселер туралы айтылғанда алғаш «Сарыағаш медресесі» еске түседі. Ал «Сарыағаш медресесі» туралы айтылғанда Смановтар әулеті алда тұрады. Осы медресеге Әбдісаттар ағамыз өзі басшылық етіп, келген жастардың діни сауатын ашып қана қоймай, оларды маман етіп дайындауға күш салды.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп оны үйреткендерің» деген өсиетіне амал етті. Сонымен қатар Әбдісаттар Сманов қасиетті Құран Кәрімнің қазақ тіліндегі аудармасын жасап, бірқатар ғылыми еңбектердің авторы атанды. Қазіргі таңда үлкен бір пәрменді институтқа айналған Ғұламалар кеңесінің құрылған жылдарында мүше боп, алғашқы пәтуаларды қабылдауда ғалым ретінде үлесін қосты. Жылдар бойы медресе қабырғасында көптеген шәкірт тәрбиеледі» дей келе Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы алқалы жиынға арқау болған ұлағатты ұстаздардың дін мен руханият жолында атқарған еңбегіне ерекше тоқталды. 

Сонымен қатар халықаралық ғылыми-танымдық конференциясына арнайы келген Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Усманхан Алимов пен Қырғызстан мүфтиінің міндетін атқарушы Жоробой қажы Шерғазыев алқалы жиынның маңызына тоқталып, ғалымның Алла алдындағы дәрежесі жайында насихатын жеткізді.