Севильядағы матчтың 12-минутында Словакияның қақпасына пенальти белгіленді. 11 метрлік нүктеге Альваро Мората келді. Мадридтің «Атлетико» клубының шабуылшысы бағыттаған допты Мартин Дубравка кері қайтарды. Бір сәтте асқан шеберлігімен төрткүл дүниені тамсандырған ол арада біраз уақыт өткенде өз жанкүйерлерін жерге қаратты. Дубравка әуелеп келіп, маңдайшаға тиген допты алаңның сыртына шығарамын деп өз қақпасына соғып алды. Сол жағдайдан кейін-ақ словакиялықтардың салы суға кетті. Матч аяқталғанға дейін олар алаң иелерінің екпініне шыдас бере алмады. Лайықты қарсылық көрсету былай тұрсын, Штефан Тарковичтің шәкірттері бірде-бір қауіпті шабуыл ұйымдастыра алмай, әбден әбігерге түсті.
Ал Пиреней түбегінің түлектері керісінше, жасыл алаңда еркін ойқастап, ойларына келгенін істеді. Бірінші кезеңнің соңғы секундында Эмерик Ляпорт мергендік танытса, үзілістен кейін Пабло Сарабия мен Пау Торрестің тепкен доптары торда тулады. Ол аз десеңіздер, Юрай Куцка тағы бір автоголдың авторы атанды. Нәтижесінде, Испания құрамасы 5:0 есебімен Словакияның тас-талқанын шығарды.
Швеция мен Польша құрамалары арасындағы кездесу басталған бетте Эмиль Форсберг өз командасын алға шығарды. 59-минутта дәл сол ойыншы екінші голды салғанда Скандинавия түбегінен келген сайыпқырандардың бұл бәсекені өз пайдасына шешетініне ешкімнің күмәні болмады. Бірақ поляктар да аянып қалмады. 61 және 84-минуттарда Роберт Левандовский нысананы қатарынан екі рет дәл көздеп, өз жанкүйерлерінің кеудесінде үміт отын маздатты. Десек те 90+3 минутта тәжірибелі Виктор Клаэссонның алымдылығы мен алғырлығының арқасында шведтер аса маңызды матчта жеңіске жетті. Есеп – 3:2.
Мюнхендегі «Алльянс Аренада» өткен матчта тосын нәтиже тіркелуге шақ қалды. Бірінші таймның басында Адам Салай есеп ашты. Таразы басын теңестіру үшін немістерге бақандай 55 минут қажет болды. Десек те Кай Хаверцтің соққан добына жергілікті жанкүйерлер қуанып та үлгермеді. Арада екі минут өтпей жатып Андраш Шафер Мажарстан құрамасын қайта алға шығарды. Егер де осы есеп сақталса, Германияның футболшылары плей-оффтан тыс қалатын еді. Ал бұл дегеніңіз сенсацияның «көкесі». Бірақ әупірімдеп жүріп, Йоахим Лёв баптаған команда көздеген мақсатына қол жеткізді. 84-минутта Леон Горецка немістерді бұл масқарадан құтқарды. Есеп – 2:2.
Франция мен Португалия құрамалары да дәл сондай есеппен тарасты. Бұл матчта үш доп пенальтиден кірді. Екеуін Криштиану Роналду (30 және 60-минуттар) соқса, біреуін Карим Бензема (45-минут) салды. Сондай-ақ тағы бір голды дәл сол Бензама өз еншісіне жазды. 2:2 есебі екі команданы да қанағаттандырды. Осы орайда Португалия құрамасының жұлдызы Криштиану әлем және Еуропа чемпионаттарында соққан голдарын 21-ге жеткізді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Сонымен қатар ұлттық команда сапында Роналду 109 рет нысананы дәл көздеп, Иранның сұрмергені Әли Деайдың нәтижесін қайталады.
Сөйтіп плей-офф додасына жолдама алған 16 мықты анықталды. Енді 1/8 финалдық бәсекеде мына командалар өзара күш сынасады: Уэльс – Дания (26 маусым, Амстердам), Италия – Аустрия (27 маусым, Лондон), Нидерланд – Чехия (27 маусым, Будапешт), Бельгия – Португалия (28 маусым, Севилья), Хорватия – Испания (28 маусым, Копенгаген), Франция – Швейцария (29 маусым, Бухарест), Англия – Германия (29 маусым, Лондон) және Швеция – Украина (30 маусым, Глазго).