Мұндай үлкен әдеби сыйлықтардың қазақ қоғамына даңқы мен дақпырты жеткені болмаса, қаламгерлеріміз қатысып, жүлделі болып жатқан жоқ. Дегенмен, әлемдік кеңістіктегі атаулы сыйлықтарды қандай тақырыптағы шығармалар алып жатқаны қызық. Мәселен, ақын-жазушы Анна Московакис француз тілінен ағылшыншаға аударған (күні кеше ғана Халықаралық Букер сыйлығын алған) кітапта Дэвид Диоп Бірінші дүниежүзілік соғыс және отаршылдық кезеңдері туралы баяндайды. Демек, соғыс тақырыбы әлі де жазылып жатыр һәм марапатқа да лайық. Ал қазіргі қазақ әдебиетінде соғыс тақырыбын қаузап жүрген қаламгерлер бар ма?.. Әлқисса.
Кітаптың басты кейіпкері Францияның бұрынғы африкалық колонияларынан келген көптеген иммигрант сияқты француздар қатарында ұрыс жүргізетін сенегалдық сарбаз. Диоптың өзі де Парижде туған, бірақ балалық шағын Сенегалда өткізген соң Францияға оралған. «Жан бауырым» – 55 жастағы жазушының екінші кітабы. Роман 2018 жылы жарық көрген еді.
«Бұл – соғыс, махаббат пен ессіздік туралы керемет әсер қалдыратын күші бар шығарма. Басты кейіпкерге сиқырмен айналысты деген айып тағылып, ондағы әңгіменің өрбуі мен оқырманға жеңіл баяндалуы назарымызды ерекше аударды», дейді қазылар алқасы.
Айта кетейік, 1969 жылы негізі қаланған және бұрынғы Британ Достастығы елдерінің жазушыларына жыл сайын берілетін Букер сыйлығынан айырмашылығы – ол 2004 жылы құрылып, 2016 жылға дейін екі жылда бір рет тағайындалып келген. Енді жыл сайын әдебиеттегі жетістіктері үшін қаламгерлерге беріледі. Ағылшын тіліне аударылған және Ұлыбританияда немесе Ирландияда басылған кез келген кітаптың авторы жеңімпаз бола алады. Сыйлыққа қоса 50 000 фунт стерлинг (70 800 доллар) беріледі. Оны автор мен аудармашы тең бөліп алады.