Ғимаратта 130 пәтердің жартысына жуығы қираған. Төтенше жағдай орнына 80-нен аса құтқару тобы жіберілді.
Майами-Дейд полициясының директоры Фредди Рамирестің айтуынша, полиция 53 тұрғынмен байланыс орнатқан, бірақ тағы 99 адам із-түзсіз қалып отыр. Ассошиэйтед Пресс агенттігі бұл аймақта ресейлік иммигранттар мен ортодоксиялық еврейлердің отбасы тұратынын атап өтті. Агенттік хабарына қарағанда, апат кезінде жоғалған 99 адамның 22-сі Латын Америкасы елдерінен.
Жергілікті БАҚ-тың кейінгі мәліметі бойынша, үш адам қаза тауып, кем дегенде тоғыз адам жараланған. Қазір 40-қа жуық адам құтқарылғаны белгілі.
Майами-Дейд округінің мэрі Даниэлла Лавин Кава төтенше жағдай туралы қаулыға қол қойды, ол қажетті федералдық ресурстар алуға көмектеседі. Мэр апат себебін тексеруге инженерлер жұмылғанын айтты, әзірше үй неге құлағаны белгісіз.