Бокс • 25 Маусым, 2021

Бас жүлдеге - 10 мың доллардан

351 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жуырда Біріккен Араб әмірліктерінің (БАӘ) Дубай қаласында өткен Азия чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілген былғары қолғап шеберлері ақшалай сыйлыққа ие болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бас жүлдеге - 10 мың доллардан

Қазақстанның әйелдер құрамасы Парсы шығанағындағы жарыста керемет көрсеткішке қол жеткізіп, сегіз бірдей сұлуымыз алтыннан алқа тағынған еді. Елге оралғаннан кейін олардың ерлігі еленіп, чемпиондық атаққа қол жеткізген әр бұрымдыға 10 мың АҚШ долларынан табыс етілді. Әйелдер мен ерлерді қоса алғанда жерлестеріміз барлығы 16 (8 алтын+6 күміс+2 қола) жүлдені қоржынға салды. Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышевтың қатысумен Алматыда өткен айтулы шара барысында күміспен күптелгендерге 5 мың және қола медальді мойындарына ілгендерге 2,5 мың доллар мөлшерінде қаржы сертификатын берді. Сонымен қатар, ұлттық құрама бапкерлері, боксшылардың жеке жаттықтырушылары, кешенді-ғылыми топ мүшелері де ақшалай және басқа да бағалы сыйлықтардан құр қалған жоқ.

 

– Тарихи жеңіске қол жеткізген қыздарымызды Мемлекет басшысының өзі құттықтағанын жақсы білесіздер. Президенттің құттықтауы біздер үшін аса құнды. Себебі, осы күнге дейін бірде-бір мемлекеттің әйелдер құрамасы дәл біздердей толағай табысқа қол жеткізген емес. Сондықтан да командамыздың осы жарқын жеңісі біз қатты марқайтып отыр. Алда Олимпия ойындары менмұндалап тұр. Қазақстанның былғары қолғап шеберлері Токиодағы додада да жоғары деңігейді өнер көрсетеді деп үміттенеміз, – дейді Кеңес Рақышев.

 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»